Basty bet
Бұрымды қыз Нұржамал облыста топ жарды
Қазақ халқы «қыз» деген сөздің өзін әдептіліктің, әдеміліктің, инабаттылықтың, сұлулықтың белгісі деп таныған. Әсіресе, қыз баланың көрікті болып өсуіне анасы ерекше көңіл бөліп, «Аттың көркі – жалы, қыздың көркі – шашы» деп қыздың шашын күтіп өсіруді өнер санаған.
Осы ретте, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласын, оның «Дәстүр мен ғұрып» арнайы жобасын іске асыру мақсатымен Жамбыл облысы әкімдігінің мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен Шерхан Мұртаза атындағы руханият және тарихтану орталығы жамбылдық қыз-келіншектер арасында «Әулиеата бұрымдылары» облыстық Оnline-байқауын ұйымдастырған болатын.
Облыстық бұқаралық ақпараттық құралдарындағы жарияланған мақалаларға сүйенер болсақ, үміткерлер байқау талаптарына сай бұрымы беліне жеткен немесе одан да ұзын қыз-келіншектер қазақи салт-дәстүр негізінде шаш өрімінің жаңаша түрлерін, ұлттық әшекей бұйымдарын насихаттайтын 1-1.30 минуттық бейнеролик дайындап, өзі туралы ақпаратымен бірге хабарландыруда көрсетілген байланыс құралдарына жолдаған.
Қатысушылардың ұсынған өнімдері, шашы ең ұзын, ұлттық әшекейді насихаттау үлгісі, қазақ қызының үздік образы талаптары бойынша ұйымдастыру комитетінің саралауынан өткізіліп, жеңімпаздарды арнайы құрылған ақылдастар алқасы анықтаған.
Байқау туралы ақпарат әлеуметтік желілерге 8 ақпан күні алғаш таратыла бастаған. Сол күннен бастап 1 наурыз күні аралығында байқауға қатысуға 23 өтінім келіп түскен. Соның ішіндегі алтауы үздік атанып, 16 жұмыс түрлі атаулы сыйлармен марапатталған.
Бұл байқауды ұйымдастыру арқылы қазақ қызының бойындағы ұлттық дәстүрімізге сай әдептілік, көріктілік, ептілік, инабаттылық, кішіпейілділік, сұлулық және т. б. жан-жақты ұлттық қасиеттерін насихаттауды мақсат еткен.
Міне, осы айтулы шарада жуалылық арулар да бақ сынап, жүлделі орындар қатарынан көрінді. Байқауда бұрымды жерлесіміз Нұржамал Ыдырысова байқаудың ІІІ орын жеңімпазы атанды.
Нұржамал Оңдасынқызы 2001 жылы Нұрлыкент ауылында дүниеге келген. Мектеп қабырғасын аттаған сәттен бастап өнер мен білімге жақын болған. Оқуда озат болумен қатар, түрлі қоғамдық жұмыстарға араласып, ән айтып, би үйірмесіне қатысқан. Ол Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық педагогикалық иститутының ІІ курс студенті. Оқу орнында жастар арасында сынға түсіп, 2020 жылдың “Үздік студенті” атанған. Мамандығын ұстаздық жолмен байланыстырған.
-Өзімді шығармашыл тұлғамын деп есептеймін. Себебі, жан-жақты болғанды жаным сүйеді. Мамандығым мұғалім болғандықтан көп қырлымын. Отбасымда ата-анамның үкілі үміті, ерке қызымын. Жанұям бұл менің – қамалым. Өмірімнің мәні әкем Оңдасын, анам Роза және әпкелерім мен інім бар. Бойымда отбасымның тәрбиесі, қазақтың салт-дәстүрі, жабайы еркіндік пен таңертеңгі лала гүлінің нәзіктігі бар.
Қазақтың ұрпағынан, дәстүр қуған, қос иықта қос бұрыммен еркелеген қазақ қызының бірімін. Осы қазақтың салт-дәстүрін насихаттау мақсатында ұйымдастырылған байқауда жеңімпаз болу мен үшін үлкен қуаныш. Себебі, әрбір қазақ қызы қолаң шашымен өзінің нәзіктігі арқылы барша жұртты жаулай білуі керек. Осындай байқаулардың көп ұйымдастырылуы, артымыздан ерген қыз-балаларға ұзын шашпен, оны өріп жүру үшін қызығушылығын оятып, насихаттау болар еді деп ойлаймын, – дейді бұрымды ару.
Ендеше, бойында әрдайым қазақи тәрбие, салт пен дәстүріміз табылатын, әдебі мен сыпайылығы басым нәзік жанды аруларымыз көп болғай. Көпті сүйсіндірген бұрымды жерлесімізге жеңіс құтты болсын дейміз!
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»