Basty bet
5289 адам әлеуметтік төлемге қол жеткізді
Қандай қиын кезеңде де мемлекет халықты қамқорлықсыз қалдырған емес. Әлемдік пандемияда да Үкімет азаматтарға барынша қолдау білдіруде. Оның бірі – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен бастау алған 42500 теңге көлеміндегі әлеуметтік төлем.
Ең төменгі жалақы көлеміндегі төлемнің берілетіндігі туралы Жарлық шыққан сәттен жұрт та қаржыдан құр қалмауға асығып, халыққа әлеуметтік қызмет көрсететін мекемелерге лек-легімен ағылды. Алайда билік бұқараның бұлайша даурығуына еш негіз жоқ екенін айтып, аталған төлем олардың есепшотына мекемелердің есігін күзетпей-ақ төленетіндігін жеткізді. Міне осы уәде іс жүзінде жүзеге асып, жамбылдықтар алғашқы төлемдеріне қол жеткізе бастады.
Осы орайда, «Азаматтарға арналған үкімет» Мемлекеттік корпорациясы» аудандық әлеуметтік қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Мұрат Сапаевтан аудандағы мемлекеттік төлемнің тағайындалуы туралы мәлімет алған болатынбыз. Бөлім басшысының мәліметінше, мемлекеттік корпорацияға 27 наурыз және 13 сәуір аралығында 6781 азаматтан өтініш келіп түскен. Оның ішінде 133 адамның өтініші кері қайтарылса, 5289 тұлғаға мемлекеттік әлеуметтік төлем төленген.
-Елімізде жарияланған төтенше жағдайға байланысты табысынан уақытша айырылған азаматтарға мемлекет тарапынан 42 500 теңге көлемінде жәрдемақы төленіп жатқанынан барлығы хабардар. Осыған сәйкес, біздің бөлімшеге аудан тұрғындары тарапынан өтініштер толассыз түсуде. Тұрғындардың өтініштері бірнеше жолмен келіп түсуі – жұмысымызды қиындату үстінде. Алайда, біздің ұжым тұрғындардың өтініштерін уақтылы қарап, тек тиесілі азаматтарға мемлекеттік төлемді алуы үшін жұмыс жасауда. Қызметкерлер екі ауысымда сенбі, жексенбі күндері де түнгі сағат 00.00-ге дейін жұмыс істеп жатыр, – дейді аудандық әлеуметтік қамтамасыз ету бөлімінің басшысы Мұрат Жамалбекұлы.