Basty bet
Жұмыс алгоритмінің орындалуы – маңызды мәселе
Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметовтың Жуалы ауданына жасаған сапары барысында облыс әкімінің 13 наурыздағы №70 өкімімен бекітілген аудан әкімдерінің жұмыс алгоритмі бекітілгені айтылып, өңір басшысы аудан әкімі және ауыл әкімдерін осынау жұмыс алгоритмі бойынша жұмыс жүргізуге шақырған болатын. Осы орайда аталған жұмыс алгоритміне сәйкес аудан әкімі Нарбай Ергебеков алғашқы жұмыс сапарын Нұрлыкент ауылдық округінен бастады.
«Кәсіп болмай, нәсіп болмас» демекші, Түктібай ауылында орналасқан «Зылиха» шаруа қожалығын шаруасы шалқыған ірі агроқұрылым деп айтуға болады. Шаруашылық құрылғалы бергі 20 жылдың бедерінде ақ картоптың даңқын асырып, «екінші нан» алқабының көлемін 100 гектардан асырып отыр. Шетелдерден техника, тағы басқа шаруашылыққа қажетті қондырғылар сатып алудың арқасында жоғары өнімге қол жеткізіп, ауыл халқына да жұмыс беріп отырған жайы бар. Шаруа қожалықтың сыйымдылығы 1600 тоннаны құрайтын екі бірдей қоймасы жұмыс істейді. Өткен жылы егілген өнімнен 2000 тонна картоп жиналған. Аудан әкімі Нарбай Ергебеков «Зылиха» шаруа қожалығының картоп қоймасында болып, шаруашылықтың жұмыстарымен танысты. Шаруашылықтың сан-салалы жұмысы туралы қожалық басшысы, аудандық мәслихаттың депутаты Керімқұл Бегалиев кеңінен айтып берді.
– Бізде тұқым мәселесі бар. Өйткені, тұқым сатып алуға мемлекет тарапынан ешқандай қолдау шаралары көрсетілмейді. Жуалының дәмі тіл үйіретін картобына қашанда сұраныс жоғары. Өткен жылы Меркі және Шу аудандарынан адамдар келіп, 100 тоннадан астам картоп сатып алды. Техника жағынан ешқандай проблема жоқ. Алдағы жоспарымыз – картоп алқабының көлемін ұлғайтып, болашақта 2000 тонна картоп сақтауға арналған қойма салу ойда бар. Себебі, ауданда дайын ауыл шаруашылығы өнімдерін тиісті нормалар бойынша сақтайтын қоймалар жоқтың қасы. Мемлекет тарапынан тиісті қолдаулар жасалса, ойға алған алдағы жоспарларымызды оңай еңсереміз деп сенемін, – деді шаруашылық басшысы Керімқұл Мамырұлы.
Аудан әкімі Н.Ергебеков келесі кезекте Түктібай ауылындағы №12 М.Әуезов атындағы орта мектептің жұмысымен танысты. 1972 жылы бой көтерген 150 орындық мектепте бүгінде 200 бала білім алуда. Біраз уақыт бұрын мектеп әжетханасы апатты жағдайда болатын. Осы олқылықтың орнын толтыру мақсатында мектепке жапсарластырылып әжетхана салынуда. Одан бөлек, мектептің спорт залы да талапқа сай емес. Ғимараттың төбесі аласа. Осы орайда жаңа спортзал салу да жоспарда тұр. Н.Ергебеков ауылдық мешіттің және төрт келушіге арналған фельдшерлік пункттің жұмысын көрді. Сонымен бірге «Балақай» балабақшасында да болды.
Аудан әкімі Нарбай Ергебековтың жұмыс сапары округтің орталығы Нұрлыкент ауылында жалғасын тапты. Аудан әкімі ең алдымен ауылдық дәрігерлік амбулаторияға барды. Дәрігерлік амбулаторияның аға дәрігері Дакирахан Усманова мұнда бес ауылдың халқы тиісті ем-дом алатынын айтып, сала жұмысын сандық технологияға біртіндеп көшіріп жатқанынан хабардар етті. Бұл медициналық мекемеде 5600-ден астам тұрғын тіркеуде тұр.
«Бала – болашағымыз» деген. Нұрлыкент ауылындағы «Нұршуақ» балабақшасында 100 бала тәрбиеленуде. Оған қоса ауылдағы М.Ломоносов атындағы орта мектептің жанында 50 орындық шағын орталық жұмыс жасап отыр. Мектепке дейінгі тәрбиені қамтамасыз етіп отырған балабақшада жағдай тұрақты, ешқандай мәселе жоқ. Аудан әкімі «Нұршуақ» балабақшасында болғанда «Балдырған» тобына кіріп, балалардың осы мекемеден жақсы тәлім-тәрбие алып шығуларына тілектестігін білдірді. Әкімнің жұмыс сапары Нұрлыкент ауылдық округі әкімі аппаратында және ауылдық мешітте, «Қазпочта» мекемесінің филиалында, «Аула клубы» мекемесінің №2 филиалында, су айдайтын насос станциясында, Мұратбай Жетібаев басқарып отырған жеке кәсіпкерлік нысанында, сонымен бірге ауылдық кітапхана жанынан ашылған ақпараттық орталықта жалғасты.
«Гамбург» жауапкершілігі шектеулі серіктестігін аудандағы ең ірі шаруашылық десек, артық айтқандық емес. Серіктестік мал шаруашылығымен қатар егін шаруашылығын да жоғары деңгейде дамытып келеді. Негізінен, сауын сиыр ұстап, сонымен бірге ірі қара бордақылаумен айналысатын құрылымда жем-шөп мәселесі толықтай шешілген. Шаруашылыққа тиесілі 4816 гектар жердің 2700 гектары егістік жер саналады. Оның 1253 гектарына жаңбырлатып суғару қондырғысы қойылған. Шаруашылық бүгінгі таңда 1200 басқа арналған тауарлы сүт фермасының құрылысын қарқынды жүргізуде. Серіктестік басшысы Егор Кохтың айтуынша, құрылыс аяқталғанда мұндағы жұмыстар белгілі жүйе арқылы автоматты түрде атқарылатын болады. Аудан әкімі Н.Ергебеков заманауи технологиялармен жұмыс істеп отырған әлеуетті шаруашылықтың жұмысына сәттілік пен табыс тіледі.
Аудан әкімі Нарбай Ергебеков Нұрлыкент ауылдық округіне жасаған жұмыс сапарын №5 М.Ломоносов атындағы орта мектепте өткен ауылдық округ тұрғындарымен кездесу жиынымен қорытындылады. Мұндағы басқосуға аудандық мәслихаттың хатшысы Е.Тілеубеков, аудандық ардагерлер кеңесінің және қоғамдық кеңестің төрағалары Е.Аманбеков, С.Жұмашев, кәсіпкерлер, шаруа қожалықтарының басшылары, әлеуметтік сала мамандары шақырылды.
Жиын барысында ауылдық округ әкімі Көбейсін Хайралапов округ бойынша 2019 жылғы қаңтар-наурыз айларындағы әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен нысаналы индикаторлардың орындалуы, сонымен бірге облыс әкімі бекіткен жұмыс алгоритмі негізінде атқарған және атқарылатын іс-шаралар туралы ауқымды баяндама жасады. К.Хайралапов жыл басынан белгіленген негізгі әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштердің қаңтар-наурыз айларында оң динамикасы сақталғанын, өткен жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда, ауылдық округ экономикасының барлық салаларында өсімге қол жеткізілгенін тілге тиек етіп, алдағы атқарылатын жоспарлы жұмыстарынан да хабардар етті. Жиын барысында Түктібай ауылынан Орынбасар Шыршықбаев ауылдағы ауыз-су жүйелерінің әбден тозғанын айтып, осы мәселені шешіп беруін сұрады. Жұмыспен қамту және әлеуметтік мәселелер бойынша қойылған сұрақтарға аудандық жұмыспен қамту орталығының директоры Сәбитхан Қожанов жауап берді.
Жиынды аудан әкімі Нарбай Ергебеков қорытып, ол ауданның әлеуметтік жағдайы туралы, жиын барысында қойылған сұрақтар бойынша мәселелердің зерделеніп барып шешілетінін баса айтты. Сонымен қоса аудан басшысы Нарбай Әбілқасымұлы облыс әкімі Асқар Мырзахметовтың бекіткен жұмыс алгоритмі маңызды екенін баса айтып, осы құжаттың негізі бойынша округтің әлеуметтік және экономикалық паспорттары жасалып, тиісті дерекқорға тездетіп енгізілуі қажеттігін де еске салды.
Нұржан МАНАСҰЛЫ.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»