Basty bet
Өзекті мәселелер шешімін табуы тиіс
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында еліміздің медицина саласына қатысты маңызды дүниелерді атап өтті. Әсіресе, коронавируспен күрес жолында нақты дайындық жұмыстары мен алдағы жоспарлар жайлы сөз қозғалды.
Биыл әлем бұрын-соңды болмаған күрделі індетпен бетпе-бет келіп, әр мемлекет өзінің бар мүмкіндіктерімен күресті. Біздің елімізде алғашқыда жіберілген қателіктерден сабақ алып, келешекте нық дайындықта болуға тырысып жатыр.
Президентіміз жыл соңына дейін елімізде 13 жаңа жұқпалы аурулар ауруханасы салынып, ал 2025 жылға қарай денсаулық сақтау саласына арналған 20 заманауи көпсалалы нысан пайдалануға берілмек.
Коронавируспен күрес әлі де жалғасуда. Алда екінші толқыны күтілуде. Оған еліміз нәтижелі күрес жүргізуді жоспарлап отыр.
Сонымен бірге Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы бастапқы медициналық көмекті ұйымдастыру тәсілдерін қайта қарау қажеттігін айтқан болатын. Бұл медициналық көмектің халықтың барлық тобына, оның ішінде ауыл тұрғындарына қолжетімді болу керектігін атады.
Пандемия сирек мамандықтардың, атап айтқанда инфекционистерді, эпидемиологтарды, реанимотологтар мен кардиологтарды әзірлеу мәселесін ашып бергендей. Президентіміз Үкіметке шамамен 10 жылға медициналық мекемелерді кадрлармен қамтамасыз ету бойынша ұзақ мерзімді болжам жасауды тапсыруы – уақыт талабы.
Індетпен күрестің ең қиын күндерінде біздің дәрігерлер білім мен біліктерін жоғары деңгейде көрсете білген медицина қызметкерлері халықты аман алып қалды. Мемлекет басшысы дәрігерлердің жалақысына үстемақы үшін 150 млрд теңге бөлуді тапсыруы қуантарлық жағдай.
Біз қарқынды дәуірде өмір сүріп жатқандықтан, Жолдаудағы оңтайлы мәселелер тез арада шешімін табуы тиіс.
Медицина саласы, жалпы халық коронавирустың екінші толқынана дайын болып, аса қырағылық танытуымыз керек.
Шілде айында індет өршіген тұста мен де денсаулық сақтау саласының ардагері ретінде өзімнің қолымнан келген көмегімді аяған жоқпын. Қаншама жанға дәрі ектім. Жалпы, бұл індеттен сақтық шараларын сақтау арқылы және бірігу арқылы құтыламыз.
Бұл індет ортамыздан оңайлықпен кете қоймайтыны белгілі. Сондықтан медицина саласының кадрлары жеткілікті болып, қажетті дәрі-дәрмектер мен құрал-жабдықтардың жеткілікті, қолжетімді болғаны аса маңызды.
Эсмира Мамедова,
«Мехрибан» этномәдени бірлестігінің төрайымы,
денсаулық сақтау саласының ардагері