Basty bet

Бала денсаулығы – басты назарда

Денсаулық – бұл адамның еңбекке белсенді болуы, әрі ұзақ өмір сүруі, тәннің саулығын және рухани саулығын сезіну. Міне, осындай асылға бағалар адам денсаулығының қадірін жыл басынан әлемді әбігерге салған аты жаман індет ұғындырды. Мамыржай өмір сүру қалпын өзгертіп, көп дүниенің қадірін білдірді. Сонымен қатар, қоғамда да түрлі өзгерістер орын алды. Мемлекетіміз адамның денсаулығы мен амандығын жоғары қоятындықтан, ең бірінші кезекте халықтың саулығы үшін оң шешімдер қабылдады.

Бала – өмірдің жалғасы. Дені сау ұрпақ ұлтымыздың болашағы. Осы ретте, «Нұршуақ» бөбекжай-балабақшасы санитариялық талаптарды сақтай отырып, балаларға білім мен тәрбие беруде.
-Еліміздегі төтенше жағдай жарияланған сәтте, сонымен қатар карантин енгізілген уақыттарда балабақша жұмысын тоқтатып, балалар демалысқа жіберілді. Баланың күлкісі естілетін балабақша бос қалып, біршама уақыт бүлдіршіндермен қауышпадық. Алайда қашықтан болсын бүлдіршіндердің ата-аналарымен хабарласып, балалардың жағдайын біліп тұрдық. Сонымен қатар, түрлі тақырыптарда балаларға саулық негізі тазалықта екенін түсіндіру үшін жұмыс жасадық. Балалар «Біз біргеміз! Біз үйдеміз!» тақырыптарында жасына сай бейнеролик түсіріп, жолдады. Үйде болса да індеттен сақтанудың жолдарын білді.
Жаздың мамыражай күндері өтіп, індеттің беті қайтып, балабақша бүлдіршіндерін қайта қабылдады. Індетке байланысты санитариялық талаптарға сай кезекші топтар ашылды. Әр топтар арақашықтықты сақтау белгілері орнатылып, бөлмелерде орындықтар арақашықтықпен қойылды. Жатын бөлмелері де талапқа сай әзірленді.
Бүгінде таңертең мекеменің барлық қызметкерлері мен тәрбиеленушілері күнделікті сүзгіден өткізіліп, тепловизормен дене қызуы өлшеніп, журналға жазылуда. Балабақшаның кіреберісінде арнайы залалсыздандыру кілемшесі қойылған. Ішке аяқ-киімді, қолды антисептикпен өңдеп барып кіргізіледі.
Кезекші топта 60 бала тәрбиеленуде. Әр топта 15 баладан қабылданған болатын. Балабақшада «Бәйтерек», «Айгөлек», «Балбөбек», «Балдырған» топтары жұмыс істеуде. Балалар қол жуу ережелерін жақсы біледі. Топтарда тәрбиешілері балаларға ол жөнінде үйретіп, денсаулықтарын күтуді бірінші орынға қоюда.
Сонымен қатар, санитариялық талаптарға сай ата-ана балабақша ғимаратына кіргізілмейді. Баланы есік алдынан жіберіп, оны балабақша медбикесі мен топ тәрбиешілері күтіп алады. Қызуын өлшеп, тіркеп, өз тобына жібереді. Мекемеде бала мен қызметкерлердің денсаулығы басты назарда. Бастысы – санитариялық талаптар сақталуда. Осы мақсатта «бір топ бір бөлмеде» қағидасымен жұмысты үйлестіріп, балаларға білім мен тәрбие берілуде. Бір топтың баласы екінші топтың бүлдіршіндерімен ойнамайды. Іс-шаралар да осы қағидат негізінде ұйымдастырылуда. Тәрбиешілер де санитарлық талаптарды сақтай отырып, бетпердесіз топтарда жүрмейді.
Қазіргі таңда балабақшамыздың басты мақсаты – болашақ ұрпағымыз үшін санитарлық талаптарды сақтай отырып жарқын, жайдарлы күндерге қайта оралу. Иә, бұл індеттің уақытша екеніне сенеміз. Ол үшін әрбір адам отбасы, қоғам алдындағы жауапкершілікті сезіне алуы керек. Сонда ғана індетті ауыздықтап, мамыражай өмірімізге оралатын боламыз.
«Дені саудың – жаны сау» демекші, бүгінгі күні әр адам өз денсаулығын күте білуі керек. Пайдалы іспен айналысып, саламатты өмір салтын ұстанып, спортпен айналысу да деннің сау болуына әсер етеді. Ас мәзіріне де құнарлы ұлттық тағамдарды енгізіп, суды көбірек ішу қажет. Сондай-ақ, адамның рухы күшті, жігерлі болуы да індетке қарсы тұруына көмектеседі.
Осы уақытқа дейін айтылған індеттен сақтанудың ережелерін қалыпты өмірімізге енгізетін уақыт келді. Себебі, індет басталғалы бері осы қарапайым ережелерді есімізде сақтап, қолданып жүрміз. Мұның өзі де коронавирустың алдын алуға және болдырмауға септігін тигізуде. Алдағы уақытта осы бетімізден танбай, сақтық шараларын қоғамдық орындарда, көпшілік жүретін жерлерде ұстана білу керек. Сонымен қатар, жақыныңызға жанашырлық танытып, үйде болуға тырысайық. Теледидардан болсын, газеттен болсын індетті жұқтырушылар анықталып жатқандығы туралы айтылып жатыр. Осыны ескеріп, өткен күндерге қайта оралмас үшін сақ болайық! Әр адам өз өмірі үшін жауапты екенін ұмытпайық,-дейді «Нұршуақ» бөбекжай-балабақшасы меңгерушісінің міндетін атқарушы Жанна Әбілханова.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close