Basty bet

Бірлігі бекем елдің берекесі артады

Аптаның ортасында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Жамбыл облысындағы өкілі, облыстың бас имамы Бейбіт Мырзагелдиев жұмыс сапарымен Жуалы ауданына келіп, өңірдің діни ахуалымен, бірқатар мешіттердің жағдайымен танысты.

Сөз реті келгенде айта кету керек, облыстың бас имамы Бейбіт Әліпбекұлы бұған дейін Оңтүстік Қазақстан облысының бас имамы, «Шымкент» медресесінің директоры, Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Қажылық және халал өнімдерін стандарттау бөлімінің меңгерушісі, ҚМДБ Діни білім және кадр дайындау бөлімінің меңгерушісі қызметтерін абыроймен атқарған.
Өңірге жұмыс сапары барысында Бейбіт Әліпбекұлы алдымен аудан әкімі Нарбай Ергебековтың қабылдауында болды. Нарбай Әбілқасымұлы облыстың бас имамына өңірдегі дін ахуалы туралы айта келе, оның назарына ауданда ресми тіркелген 26 мешіттің бар екенін, бір мешітте имамның жоқтығын, дін кадрларын даярлау қажеттігін жеткізді.

– Өмір болғаннан кейін түрлі жағдайлар болады, аудандағы кейбір елді мекендерде діни рәсім-жоралғыларды атқаратын, жастарды имандылыққа шақыратын, ел-жұрттың жақсы мәслихат құратын ғибадат үйі, молда жоқ. Мәселен, көктемде Боралдай ауылдық округінің Рысбек батыр ауылында жұмыс сапарымен болғанымда, ауыл тұрғындары мешіттің жабылып қалғанын айтып, оны намазхана етіп қайта ашып беруге сұраныс жасады. Сондай-ақ Қошқарата ауылдық округінің Ақтасты ауылына да мешіт жоқ. Соған сіздің қолдауыңыз қажет.
Бейбіт Әліпбекұлы өз кезегінде діни басқарма тарапынан бүгінде имамдарға жалақы төлеу мәселесі кезеңімен шешіле бастағанын, алдағы үш жылда елімізде жаңа тұрпатты 200-ге тарта мешіттің салынатынын айтып, жергілікті имамдарға барынша көмек-қолдау көрсетуге, олардың діни сауаттылығын жетілдіруге күш салатынын жеткізді.
Бұдан соң облыстың бас имамы аудандық орталық мешітте ауыл-аймақтардың имамдарымен кездесіп, олардың әрқайсысымен жеке пікірлесті, ауылдағы ғибадат үйлерінің жағдайын, жамағаттың тыныс-тіршілігін сұрастырып, өтініш-тілектеріне ден қойды. Басқосуда дін қызметкерлері көтерген бірқатар мәселелерге қатысты ой бөлісіп, проблемалық мәселелерді назарда ұстайтындығын айтты.
– Сіздер ауылда тұрғындармен етене жұмыс істейсіздер, халықтың тұрмыс жағдайын жақсы білесіздер. Жамағатты имандылыққа, бірлікке шақырып жүрсіздер. Жергілікті жерлерде халықтың салт-дәстүрін мойындамайтын, береке-бірлігіне, ынтымағына сына қаққысы келетін жат пиғылды ағымдардың өкілдері де кездеседі. Оны жоққа шығармаймыз. Дегенмен, олар да біздің бауырымыз. Адасып жүргенін бір сәт есіне салып, райынан қайтарып, түзу жолды көрсете білейік, – деп түйді облыстың бас имамы.
Әрі қарай Бейбіт Мырзагелдиев Қайрат ауылында былтыр салынған жаңа мешітке бас сұғып, оның жағдайына қанықты. Соңғы үлгіде салынған мешіт ауылға сән беруімен қатар, тұрғындардың барлық рухани қажетін өтеуге толық жағдайы бар. Мешіт ауласында діни рәсім-жоралғыларды өтейтін, ас-садақа беруге арналған асханасы бар.
Бауыржан Момышұлы ауылындағы «Жуалы» мешіті өткен ғасырдың 90-жылдары көпшіліктің күш біріктіруімен салынған аудандағы алғашқы мешіттердің бірі. Ширек ғасырға жуық аудандық орталық мешіт қызметін атқарған құлшылық үйінің ғимараты күрделі жөндеу көрмей, төбесінің әр жетінен су ағып, қабырғасы шытынаған, күмбезі ескіріп, мұнаралары жарамсыз күйге келген.
Бейбіт Әліпбекұлы мешітте атқарылып жатқан күрделі жөндеу жұмыстарының барысымен, құрылыс материалдарының сапасымен танысты. Мешіттің төңірегі темір шарбақтармен қоршалған. Жөндеу жұмыстарының мердігері, жеке кәсіпкер Әділбек Жолдасов ғимараттың шатыры толықтай айырбасталғанын, күмбезін қаптайтын сары темір Алматыда дайындалып жатқанын, қабырғаларын көмкеретін сәнді тастардың Қырғызстаннан жеткізілгенін айтты. Облыстың бас имамы мешіттің бас имамы Сейітқазы қажы Медетбекке көпшіліктің қаражатына жүргізіліп жатқан мешіттің жөндеу жұмыстарының сапалы болуын, әрбір тиынды ұқыппен жұмсау қажеттігін ескертті.
Облыстың бас имамы келесі кезекте Шақпақ ауылдық округінің Тәттібай ауылында жаңадан салынатын мешіттің орнын көріп, алғашқы қадасын қағып, сәттілік тіледі. Мешіт құрылысына ауылдың орталық көшесінің бойынан 20 соттық жер телімі бөлінген. 200 орындық зәулім мешіт қайырымдылық қордың қаражаты есебінен жүргізілмек. Мердігер ұйымның басшысы Әбдіжәлел Шалбаев Алла сәтін салса, мешіттің құрылысын биыл күзде аяқтап, ел игілігіне беретініне сендірді.

 

Таңдаулы материалдар

Close