Basty bet

Ірілендірусіз ілгері баспаймыз

Кеше аудан әкімі Нарбай Ергебеков жергілікті атқарушы органдардың жұмыс алгоритмі аясында жұмыс сапарымен Нұрлыкент ауылдық округіне барды. Алдымен аудан басшысы ауылдық округке қарасты Түктібай ауылында болып, бірқатар әлеуметтік нысандардың жұмысына қанықты.
Түктібай ауылдық медициналық пунктінің жұмысымен танысқан аудан әкімі Н.Ергебеков ең бірінші кезекте коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты пункт қызметкерлерінің атқарған жұмысын сұрап, білді. Пункттің акушері Құралай Құрманбекованың айтуынша, Түктібай ауылында пневмониямен ауырған науқастарға тиісті ем-дом шаралары жасалған. Ал қауіпті індетті жұқтырғандардың саны көп емес. Карантин талаптары да өз деңгейінде сақталып отырған көрінеді.
Ал ауылдық медпункттің жұмысына келер болсақ, мұнда 920 тұрғын тіркелген. Аяғы ауыр әйелдердің саны – 16. Медициналық мекемеде персоналдың жұмыс істеуіне интернет жүйесінің жылдамдығы жеткіліксіз. Аудан басшысымен кездесу барысында пункт қызметкерлері интернет мәселесін алға тартты. Қазір мұнда үш маман жұмыс істейді.
Аудан әкімі Нарбай Ергебеков келесі кезекте «Балақай» бөбекжай-балабақшасына барды. Балабақшада санитарлық талаптар сақталған. Әр топта он шақты бала мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған. Балабақша меңгерушісі Жанна Наралиева мекемені таза ауызсумен қамту, сонымен қатар, қосымша құрылыс жүргізу қажеттігін айтты.
Келесі кезекте аудан басшысына М.Әуезов атындағы орта мектептің жұмысы таныстырылды. Мектеп директоры Темірхан Мырзахметов биылғы оқу жылында барлығы 217 оқушының екі ауысыммен дәстүрлі оқытылып жатқанын тілге тиек етіп, жазғы каникул кезінде әжетхананың мектеп ішіне кіргізілгенін, одан бөлек, ақтау-сырлау, ағымды жөндеу жұмыстарының атқарылғанынан хабардар етті.
Аталған мектепте көп жылдан бері проблема болған әжетхана мәселесі осылай шешіліпті. Дегенмен, бұл мектептегі басқа да мәселелер осымен шешімін тапты деген сөз емес. Келесі кезекте оқу ошағын күрделі жөндеу, спортзалдың төбесін биіктетіп, оның тозығы жеткен еденін ауыстыру, су тарту сияқты мәселелер өз кезегін күтуде.
Аудан әкімі Нарбай Ергебеков мектептің ішін аралай жүріп, сабақ өтіліп жатқан сынып бөлмелеріне де бас сұқты. Нарбай Әбілқасымұлы дәстүрлі оқытылып жатқан 5 сынып оқушыларымен тілдесіп, олардың сабақ үлгерімін сұрады.
-Білімді ұрпақ – біздің ертеңгі жарқын болашағымыз. Оны сендер қазірден бастап терең ұғынуларың қажет. Білімді, тәртіпті, мәдениетті ұрпақ, жалынды жастар ғана еліміздің даңқын асқаралы асуларға апарады. Қазір мектепте сапалы білім алсаңдар, ертең ел болашағына адал қызмет ететін боласыңдар. Мен оған кәміл сенемін,- деді аудан басшысы.
Аудан әкімі Н.Ергебековтың Нұрлыкент ауылдық округіне жасаған сапарының негізгі бөлігі округтің орталығы Нұрлыкент ауылында болды. Онда аудан басшысы ауылдық дәрігерлік амбулаторияның, «Нұршуақ» бөбекжай-балабақшасының тыныс-тіршілігімен танысты. Дәрігерлік амбулаторияның жұмысын аға дәрігер Дакирахан Усманова кеңінен айтып, мекеменің ауласын көгеріштендіру үшін ағын судың жеткіліксіздігін, басқа да ұсақ-түйек мәселелерді әкімнің назарына ұсынды.
100 балаға арналған «Нұршуақ» бөбекжай-балабақшасында мекеме қызметкерлері балалар мен ата-аналарға санитарлық талаптарды түсіндіріп, жұмыс жасауда. Мекеме меңгерушісінің міндетін атқарушы Жанна Абылханованың айтуынша, қазір әр топта 15 баладан ғана қабылдануда екен. Мұнда балаларға арналған музыка бөлмесі жөндеуді қажет етіп отыр. Аудан басшысы айтылған мәселелермен тереңірек танысып, бұл жөнінде аудандық білім бөліміне тиісті ұсыныс беру қажеттігін еске салды.
Нұрлыкент ауылының ең үлкен көшесі саналатын Е.Байғазиев көшесінде ерте көктемнен бері жеке кәсіпкер Мұхидин Нұрпейісов медициналық орталықтың құрылысын жүргізуде. Қазір мұнда құрылыс жұмыстары қызу жүруде. Аудан басшысы орталықтың құрылысымен таныса келе, жеке кәсіпкердің игілікті бастамасына сәттілік тіледі. Сонымен қатар, медициналық орталықтың шығыс жағынан 180 орындық мәдениет үйінің құрылысы басталған екен. Ауыл тұрғындары көптен күткен бұл мәдениет ошағының маңызы зор. Тұрғындарының саны жағынан аудан орталығы Б.Момышұлы ауылынан кейінгі орында тұрған Нұрлыкент ауылында мәдени іс-шаралар өткізетін бірде-бір орын жоқ. Сәтін салып, келесі жылға өтпелі құрылыс сапалы аяқталса, бұл олқылықтың орны толғалы тұр. Аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлы мәдениет үйі құрылысының жобасымен танысып, мердігер мекеменің өкілдеріне құрылысты сапалы атқаруды мықтап тапсырды.
Аудан басшысы ауылдық округке жасаған сапарын М.Ломоносов атындағы орта мектепте қорытындылап, оқу ошағының акт залында ауыл тұрғындарымен кездесіп, пікір алмасып, алдағы атқарылар жұмыстар жөнінде кеңесті. Сонымен қатар, аудан көлемінде атқарылып жатқан жұмыстарды да тілге тиек етіп, маңызды сала саналатын ауыл шаруашылығын дамыту үшін ең алдымен ұсақ шаруашылықтарды ірілендіру қажеттігін, соның аясында ғана мемлекет тарапынан жеңілдіктерге қол жеткізуге болатынын айтты.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close