Basty bet

Жас маман – жарқын елдің шамшырағы

«Ұстазсыз шәкірт – тұл, шәкіртсіз ұстаз тұл», «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп ұлы ақын Абай Құнанбайұлы адам баласының тұлға болып қалыптасуы көбінесе ұстазға байланысты екенін атап көрсеткен. Ұстаз – мемлекетіміздің бірінші байлығы саналатын халықтың, ұрпақтың санасын қалыптастырушы, мол жауапкершілік пен қоғамның ауыр жүгін арқалаған тұлға. Бұл мамандықтың таңдау барысында адам өмірі үшін жауапкершілік пен мойынға артылған ауыр жүкті сезінбеуге болмас. Сезіне отырып еңбек ету – маңызды іс. Кез келген ұлағатты ұстаз еңбек жолын жас маман ретінде бастайды. Ал, жас маман – жарқын елдің шамшырағы.

Өмірін ұстаздық жолмен байланыстырған жас маманның бірі – Гүлшахиза Меркемал. Ол «Дипломмен-ауылға!» бағдарламасымен №15 мектеп-лицейге жұмысқа орналасып, бүгінде осы білім ошағында физика пәнінің мұғалімі болып еңбек етуде.
Гүлшахиза Болатқызы 1993 жылы Жамбыл ауданы Ерназар ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Ауылдағы Байгелді Кейкіев атындағы орта мектепті тамамдаған соң 2010 жылы Тараз мемлекеттік педагогикалық университетіне оқуға түседі. 2015 жылы аталған оқу орнын аяқтап, білімін шыңдау мақсатында Тараз инновациялық-гуманитариялық университетіне магистратураға құжат тапсырады. Осы жылы Жуалы ауданы Б.Момышұлы ауылының азаматы Фархад Сапарбековке тұрмысқа шығып, еңбек жолын 2016 жылы аталған білім ошағында бастайды. Бүгінде ол отбасында сыйлы келін, сонымен қатар, Нұрхат, Алихан есімді ұлдардың анасы атанып отыр.
– Бұл мамандықты таңдауыма анамның септігі көп тиді. Әкемнен мектепте оқып жүрген кезде айырылып қалдық. Шиеттей бала-шағамен анам жалғыз қалып, бізді бағып-қақты. Әжем Гүлшахира мұғалім болған кісі еді. Есімімді де әжеме ұқсастырып қойып, сол кісідей болсын деп ырымдап қойған. Сол кездері әжем ауылдағы білікті, білімді ұстаздың қатарынан көрінген екен. Міне, содан болар өмірім ұстаздық жолмен ұштасып, қазіргі таңда мектепте балаларға білім беріп, тәрбиелеудемін.
Алғаш жас маман ретінде жұмысқа орналасқан кезде білім ошағындағы білікті ұстаздардан үйренерім көп болды. Тәжірибелі мұғалімдер мені жас маман демей, педагогикалық көмектерін аямады. Білмейтінімді үйретіп, қолдау көрсетіп, бағыт-бағдар берді. Жас маманға ең керегі де осы. Себебі, жастар қашанда аға буын өкілдерінің ақыл-кеңесіне сүйенген, – дейді ол.
«Жас келсе, іске!» демекші, бүгінгі жас мамандарға қойылар талап та, артылар жүк те ауыр. Олар еліміздің ертеңі, болашағы – жас өскелең ұрпақтың тұлға болып қалыптасуына тікелей жауапты. Техника мен технологияның қарыштап дамыған сәтінде кез келген жас маманға бір орында тұрақтап қалуға болмайды. Үнемі ізденіс пен жаңашылдық керек. Бұл ретте, Гүлшахиза жас мамандардың жаңашылдыққа бетбұруы керектігін айтады.«Жас маман жан-жақты, талапшыл, ұқыпты, өз ісінің маманы болуы керек. Білімге, өнерге құмар, жаңашылдыққа бастамашыл болуы тиіс. Заман талабына сай үнемі ізденіс үстінде болып отыру керек. Сол кезде ғана ол өз ісінің маманы болады. Ұстаз шәкіртінің жүрегінен жол таба білуі керек. Сені үлгі тұтатындай тұлға болуың қажет. Сонда сенің мәртебең де көтеріледі. Білім де жақсы беріледі» дейді жас ұстаз.
Оның мақсаты – жоғары деңгейлі ұстаз бола отырып, шәкірттеріне сапалы білім мен саналы тәрбие беру. Ол өмірлік ұстанымын шыншылдық, әділдік, жауапкершілік қағидаттарымен байланыстырады.
– «Дипломмен-ауылға!» бағдарламасы көптеген жас отбасы үшін өте тиімді бағдарлама деп есептеймін. Жастар отау құрған соң, пәтер жалдап тұрады. Бұл олар үшін қиындық туғызады. Мемлекет тарапынан ауылдық жерлердегі мамандардың жетіспеушілігін азайту мақсатында көптеген жастарға қолдау білдіруде. Мен де осы бағдарлама аясында баспаналы болдым. Негізінен отбасындағы жайлылық жұмысыңның алға басуына септігін тигізеді. Жұмысқа деген құлшынысың жоғары болады. Осы мүмкіндікті пайдаланып, жас маман бар білім-білігі мен тәжірибесін, керек десеңіз өмірін осы жолға арнауы қажет. Білімдерін шыңдай отырып, жас ұрпақтың санасын, болашаққа деген ой-өрісін дамыта біліп, өз ісінің маманы болуға тырысуы керек.
Әлемді шарпыған аты жаман індетке байланысты оқу процесінде біршама өзгерістер болды. Қашықтан оқытудың дәстүрлі оқытудан айырмашылығы өте көп. Мектеп қабырғасында бір сыныпта сабақ өтіп, сабақты меңгергенін не болмаса түсінбегенін баланың көзқарасынан біле алатынбыз. Қашықтан оқытуда толық деңгейде білім беру мүмкін емес. Бірақ, барынша уақтылы білім беруге тырысудамыз. Түрлі әдіс-тәсілдерді қолданып, балалардың қызығушылығын ояту үшін жұмыс жасаудамыз.
Әрине, бұл уақытша. Бастысы, халқымыздың амандығы мен денінің саулығы. Жас маман болғандықтан, жаңашылдықты тез меңгеріп, бар күш-жігерімізді оқыту процесіне арнаудамыз. Алдағы уақытта бұл қиын күнде өтіп, мектеп қабырғасына оралып, алаңсыз шәкірттерімізбен қауышатынымызға сенімім мол, – дейді Гүлшахиза Болатқызы.
«Кез келген жас маман тек білім берумен шектелмей, қоғамдық жұмыстарға да белсене қатысу керек» деген ол мектептің спорттық іс-шараларына, аудан бойынша жарыстарға қатысып, облыста ауданның намысын қорғаған. Сонымен қатар, «Жүз үздік ұстаз» республикалық байқауында бақ сынап, І дәрежелі диплом иеленген. Ал, оқушылары түрлі деңгейдегі олимпиадалар мен жарыстарда жүлделі орындардан көрініп жүрген жайы бар.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close