Basty bet

Цифрлық бағдарларға көшу үдерістері – заман талабы

Қашықтан оқыту көп жылдан бері оқу орындарында дәстүрлі түрде өз орнын тауып келген оқытудың бір түрі екендігі бәрімізге мәлім. Дегенмен, қазіргі таңда әлемде болып жатқан індеттің таралуына байланысты бұл оқыту түрінің маңыздылығы арта түсті. Себебі, еліміздегі мектептер COVID-19-дың таралу қаупіне байланысты өз жұмыстарын тоқтатып, оқушыларды қашықтан оқытуға кірісті. Ал қашықтан оқыту босаңсуға жол бермейді, өйткені қазіргі заманғы технологиялар оқу үрдісінің барлық кезеңдерін қашықтық форматқа көшіруге толығымен мүмкіндік береді. Яғни, қашықтан оқыту карантин жағдайында оқу үрдісін жалғастыруға мүмкіншілік туғызып отыр.

ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов айтқандай, әлемді, оның ішінде біздің елімізде де коронавирус індетінің қауіпі орын алған жағдайда қауіпсіздік шараларының бірі ретінде оқушыларға қашықтан сабақ беру шын мәнінде қажетті де маңызды шара. Осы ретте қашықтық оқытудың әдістері, проблемалары, нәтижелері мен болашағы туралы бағдарлар білім саласындағы әрбір маманды бей-жай қалдыра алмайды.
Елімізде болып жатқан індетке байланысты аудандық білім бөлімінің басшысы Назиля Тұрмаханбетованың тікелей басшылығымен әрі ұйымдастыруымен бұл бағытта ұтқыр шаралар іске асырылуда. Қашықтықтан оқытуды ұйымдастыруға арналған технологиялық шешімдердің сан алуандығына қарамастан, мұғалімдер мен оқушылардың қашықтан оқыту форматын еш қиындықсыз игеруі үшін және оқыту нәтижелерін сапалық деңгейге көтеріп, дұрыс бағалау мақсатында мектеп директорларымен нақты жұмыстар жүргізілуде.
Бұл орайда №5 М.Ломоносов атындағы орта мектептің директоры Гүлсара Омарбекова: «Педагог ұжымына ойластырылған бағдарлар беріліп, сандық технологияларды тиімді енгізуге директордың орынбасарлары, жаңашыл ұстаздар және информатика пәнінің мұғалімдері тарапынан әдістемелік көмектер беріліп жатыр. Өйткені цифрлық бағдарларға көшу үдерістері ең алдымен адами факторға бағытталуы қажет: білім алушылардың қырларын ашатын мұғалімдерге деген қамқорлықтың маңызы зор, қайтарымы көп»,- дейді.
Осыған орай жаңа оқу жылының төртінші тоқсаны басталмас бұрын мектебімізде әлеуметтік жағдайы төмен және көпбалалы және аз қамтылған отбасыларындағы оқушыларға мектеп тарапынан уақытша қолдануға дербес компьютерлер берілді. Онымен қоса Нұрлыкент ауылдық округінің әкімі Нұржігіт Бөлекбаевтың нұсқауымен ауылға роутерлер мен интернет жүйелері тартылды.
Онлайн сабақ мұғалімдердің де, оқушылардың да жауапкершілігін арттырып, білім беру талаптарын күшейтетіні сөзсіз. Шәкірттер қашықтан оқыту барысында бекітілген кесте бойынша оқуды жалғастырып жатыр. Мұндағы айырмашылық – сабақтар қашықтық немесе онлайн режімде жүргізіледі.
Біздің білім ошағында мұғалім мен оқушы арасындағы байланыс ретінде негізінен Күнделік.кз, және Zoom платформалары және кері байланыс ретінде WhatsApp мессенджері де қолданылады. Сынып жетекшісімен оқушылар қашықтан Zoom платформалары арқылы онлайн режімде жүздесіп отыр.
Қашықтан оқытудың бастапқы кезеңінде мұғалімдердің жүктемесін айтарлықтай өсірді. Сандық оқу контентін дайындау, білім алушылардың жетістіктерін қадағалау, оқушылармен тұрақты коллаборация жасау, сандық және кәсіби дағдыларды жетілдіру – сабақ берудегі негізгі бағдарлар болмақ. Бұл бағытта мұғалімнің рөлі мен қызметіне, кәсіби шеберлігіне талаптар күшейді. Олар оқытудың жаңа әдістемесін дайындап қана қоймай, «қашықтықтағы» сыныпты біліктілігімен, іскерлігімен, шешендік өнерімен баурай білуі тиіс. Бүгінгі күні сынып жетекшілер бекітілген сыныпты қашықтан және онлайн-режімде басқарып, оқушылардың ата-аналарымен тығыз байланыста. Әр әдістемелік бірлестік мұғалімдері өз ұйымдастыру шеберлігін көрсетіп, сабаққа қызықты, мазмұнды тапсырмалар дайындап, оқушылардың білімін объективті бағалап, алған бағаларын қойып, кері байланысты уақытында беріп отыруға тырысып жатыр. Мұның бәрі мұғалімге үлкен жауапкершілік жүктейтін міндеттемелер.
Мұғалімдер оқу тапсырмалары мен оларға сілтемелерді алдын ала дайындап қояды. Ал, бейне контенттер оқушылар үшін қолжетімді. Күнделік.кz., Zoom, WhatsApp және т. б. бағдарламалары арқылы тақырып зерделенеді, сол арқылы сыныппен «жанды» қарым-қатынас, байланыс орнатылады.Бұдан басқа нұсқаларда оқушы пән бойынша мәтіндерді оқулықтан оқып, оффлайн орындайтын практикалық тапсырмаларды жұмыс дәптеріне жазып, фотосын мұғалімге жібереді немесе онлайн-сабақ барысында тікелей жауап береді. Мектеп әкімшілігі мен педагог ұжымының жиналыстары да онлайн форматта апта сайын жүргізіліп тұрады.
Әрине, кез келген оқыту түрі біржақты бола бермейді. Яғни, оның өз артықшылықтары мен кемшіліктері де болады. Қашықтан оқыту түрінің еркіндігі мен икемділігі, географиялық жағдайға қарамайтын, кез-келген тұлғаның білім алу қажеттіліктерін қанағаттандыруға мүмкіндік тудыратын артықшылығы бар болғанымен, қашықтықтан жұмыс істеу кезінде қатысушылардың бір-бірімен жеке байланысы аз, кейде мүлдем жоқ деп те айтуға болады. Сондықтан мұндай оқыту нысаны коммуникабельділік, сенімділік, командада жұмыс істеу дағдыларын дамыту үшін қолайлы емес. Дегенмен, карантин аяқталып, өз жұмыс орнымызға оралған жағдайда дәстүрлі оқыту түрімен қатар қашықтан оқыту түрін де бірге ала жүреміз деген ойдамын. Себебі, интернет дамыған ғасырда адамзаттың оның кәсіби қызметіндегі барлық өзгерістерді біліп, үнемі білім деңгейін жетілдіріп отыруды қажет етеді.

Айдана ӨТЕГЕН,
№5 М.Ломоносов атындағы орта мектептің орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі

Таңдаулы материалдар

Close