Basty bet
Тағылымы мол қасиетті шаңырақ
Биыл Кеңес Одағының Батыры, жерлесіміз Бауыржан Момышұлының туғанына 110 жыл толып отыр. Аты бүкіл әлемге аңыз боп тараған қазақ елінің ақиық қыраны Бауыржан Момышұлының қайталанбас ғажайып сырға толы өмір жолы мен көркем туындылары жөнінде талай еңбектер жазылып, олар халық арасында кеңінен тараған.
Осыдан он жыл бұрын Баукеңнің 100 жылдығын жерлестері, бүкіл халық болып кең көлемде атап өткен болатынбыз. Биыл елімізде жүріп жатқан індетке байланысты Батырдың 110 жылдығын жоспарлағандай атап өтуге мүмкіндік болмай тұр. Алайда Батырдың өмір жолы мен шығармаларын жас ұрпаққа насихаттау мақсатындағы түрлі іс-шаралар онлайн өтуде.
Жақында ауданымыздағы киелі қара шаңырақ, яғни Бауыржан Момышұлы атындағы мемориалдық музейге барып, жазғы жөндеу жұмыстарынан кейінгі жағдайымен танысып қайттық.
Әрлеу жұмыстарынан кейін музей іші ажарлана түскен. Яғни, іші «леонардо» материалының ашық түсімен әрленген. Нақтырақ айтсақ, жаз мезгілінде облыстық тарихи-өлкетану музейінен Батырдың музейінің ішкі әрлеу жұмыстарына 4,200 млн теңге қаржы бөлініп, жөнделді. Сонымен бірге сыртына да ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Аудан әкімінің атсалысуымен есік алдындағы өрнектастар жаңартылды. Сонымен бірге кіреберіске Баукеңнің бейнесі бедерленген үлкен портрет ілінген.
Бүгінде музейде сегіз кісі қызмет етеді. Олар: меңгерушісі Қаламқас Берікова, ғылыми қызметкер Сағадат Шілдебайұлы, экскурсовод Айдана Шораева мен бақылаушы Ұлғаным Исмайлова. Қалғаны техникалық қызметкерлер.
Музей ауласы тап-тұйнақтай болып, гүл жайнап тұрғаны, самсыған алмалар – бәрі техникалық қызметкерлердің еңбегінің нәтижесі.
Б. Момышұлы мемориалдық музейінің іргетасы 1990 жылы қаланып, 1995 жылы 5-мамыр күні музей салтанатты түрде ашылып, халыққа қызмет ете бастады. Жалпы территориалдық ауданы 349,8м.кв.
Б.Момышұлы мемориалдық музейінің қорындағы жалпы жәдігерлер саны 2384.Оның ішінде негізгі қорда 1143. 2018 жылдан бері музей 18 жәдігермен толыққан.
Экспозицияда 1143 экспонат қойылған. Онда Бауыржан Момышұлының суреттерінен жасалған фото коллаждар, әскери киімі, гвардиялық белгісі, белдігі, бейбіт кезде киген киімі, пайдаланған заттары, өз қолымен ойған оюлары, альбомы, алған құрмет грамотасы, Кеңес Одағының Батыры атағы берілгендігі туралы Президент Жарлығы, «Ғасыр саңлағы», «Ғасыр қаһарманы» атағы берілгендігі туралы құжаттары, домбырасы, жатқан төсегі, жұмыс бөлмесіндегі заттары (үстелі, орындығы, ағылшын машинкасы, май шамы, қалам салғышы, аспалы шамы, күлсалғышы, мүштегі, сувенирлері), кітаптары, сағаты мен тамақ ішкен ыдыстары, журнал үстелі т.б.заттары бар. Сонымен қатар, Куба Республикасына барған сапарында әкелген заттары мен суреттері қойылған.
Сонымен қатар, музей кіреберісінде «Баукеңнің қарулас жерлестері» атты бұрышта ауданымыздан Ұлы Отан Соғысына қатысқан ардагерлеріміздің суреттері (тек туыстары өткізгендердің суреті) ілініп, құжаттары, хаттары, алған медальдары, ордендері, төс белгілері, марапаттау қағаздары, Алғысхаттары қойылған. Осы жерде Батыр қалалар -Волгоград, Минск, Курск доғасы, Ленинград, Одессадағы бауырластар зиратынан әкелінген топырақтар қойылған.
Музейдің негізгі қорында 1139 жәдігер, ал көмекші қорда 1143 жәдігер сақталуда. Б.Момышұлы облыстық музейге жиі барып музей қорын өзінің жәдігерлерімен толықтырып отырған.1965 жылғы өсиет хатына байланысты облыстық музей қоры тағы толықтырылған.1995 жылы Б.Момышұлы мемориалдық музейдің ашылуына байланысты облыстық музейден Б.Момышұлының құнды жәдігерлері қабылданған.
Музей қорындағы жәдігерлердің басым көпшілігі 2010 жылы Б.Момышұлының 100 жылдығына орай келіні Зейнеп Ахметова тапсырған.
Музейде біз барардың алдында ғана атдагер журналист Бекет Момынқұловтың идеясымен Баукең туралы деректі фильм түсірілген екен. Бұл Баукеңнің 110 жылдығына арналған үлкен шараның бірі деуге болады.
-Баукеңнің 110 жылдығына орай облысаралық ауқымды онлайн іс-шаралар өткізілуде. Алдағы уақытта ғылыми конференция өткізуді жоспарлап отырмыз. Алайда оны уақыт көрсетеді. Негізінен кездесуге Бақытжан Ертаевты, Зейнеп Ахметованы, тағы да басқа азаматтарды шақыруды жоспарлаған болатынбыз,- дейді музей бақылаушысы Ұлғаным Исмайлова. -Күнде таңертең жұмысқа келгенде бірінші Баукеңе сәлем береміз. Сосын ішкі-сыртқы тазалыққа қатты мән береміз. Жұмыста әр сәтімізге үлкен жауапкершілікпен қараймыз. Себебі, музейге келушілер тарапынан сұрақ көп. Сондықтан үнемі ізденіс үстінде боламыз.
Музейдегі бір күн бір күнге ұқсамайды. Әр күні әртүрлі адамдар келеді. Небір қызықты, әсерлі сәттердің куәсі боламыз.
Бір жолы қазіргі облыс әкімі Бердібек Сапарбаев ол кезде Парламентте жүрген кезі болатын музейге атбасын бұрып, ерекше ілтипат танытқаны бар. Көп мағлұматтармен танысып, халықтан бата сұрады.
Сонымен бірге Баукеңнің келіні Зейнеп Ахметованың музейге әр келгені біз үшін үлкен жауапкершілік.
Музейге келушілерге біз тек қана жәдігерлер туралы мағлұматтар беріп қана қоймай, Баукеңнің адалдығы, шыншылдығы туралы айтып береміз,-деді Ұлғаным Исмайлова.
-Келушілерді көбінде қызықтыратын бұл Баукеңнің 100 жылдығына орай салынған диорама. Диорамада 1941 жылғы Мәскеу маңындағы Волоколамск тас жолы бойындағы шайқастан бір ғана көрініс бейнеленген. Бауыржан Момышұлы екінші дүниежүзілік соғыста Мәскеу үшін 105 рет шайқасқа түсіп, бес рет қоршауды бұзып шыққан. «Шегінуге жер жоқ, артымызда Москва!» деген Баукеңнің сөзі сол шайқастардың бірінде айтылған.
Диораманы суретші А.Пожарский салған. Суретшінің шеберлігі сондай, диорама сурет емес, шынайы көріністей әсер қалдырады.
Сондай-ақ, музейдегі Баукеңнің жеке кабинеті, әскери киімдері, басқа да Батырдың пайдаланған заттары ерекше қызықтырады.
Жалпы біздің мақсатымыз – Баукеңді дәріптеу. Сондықтан алдағы уақытта республика, облыс көлемінде түрлі семинар, онлайн шаралар ұйымдастыруды жоспарлаудамыз,- дейді ғылыми қызметкер Сағадат Шілдебайұлы.
Баукең жайлы жазылған еңбектер көп. «Бауыржан Момышұлы туралы естеліктер» атты кітапта Батырдың замандастары мен жақындарының жүрекжарды сырлар мен шынайы деректер аясында жазылған мақалалар жинақталған.
«Бауыржанның байлығы мен бақыты – өзінің туған халқын кімнен болса да артық сүйетіндігінде. Оның бұл махаббаты айтыла беретін әйтеуір махаббат емес, нәзік, ыстық, талабы мол, танымы нақты махаббат.
Ол қазақ халқы ғасырлар бойы жасап, сақтап келген рухани байлықтардың бүгінгі көпұлтты мемлекетіміздің мәдени қорына үлкен олжа боп қосылғанын әрдайым мақтаныш тұтады.
Жексұрындықтың қандайын болсын Бауыржан тап басып, дәл таниды. Ол екіжүзділік, надандық, арсыздық дегендердің бет пердесін жұлып алып, оларды жұрт алдында масқаралап отыруға әрдайым дайын. Себебі, оның жүрегінде жауынгерлік пен жазушылық қалай қатар жайғасса, махаббат пен кек те солай орын тепкен.
Бауыржан Момышұлының шығармасындағы ендігі бір ерекшелік – оның әркез жастарға бағышталып отыратындығында. «Жастар – біз бастаған істің жалғасы, еліміздің ертеңі. Сондықтан олардың өміріне немқұрайды қарай алмаймын» дейді жауынгер жазушы. Бұл пікір күдіктенуден гөрі қамқорлыққа көп саятын еді» дейді майдандас досы Дмитрий Снегин.
Қазақстанның халық жазушысы Әзілхан Нұршайықовтың «Ескірмеген естелік» атты естелігінде мынадай бір Баукеңнің сөздері бар еді.
«Біздің қазақ интеллигенциясы араздықтың ашытқысы болмай, ұйымшылдықтың ұйытқысы бола білуі керек. Интеллигент татулығы – ел ырысы. Интеллигенті тату ел – ең қуатты да құдіретті ел.
Біздің кейбір жігіттеріміз салпыауыз бульдогше сіресіп, тістеген жеріне тісі қатып қалады. Оны өлсең де ажырата алмайсың. Мен солардан қорқамын. Интеллигенция ұйытқысы, ел бірлігін бұзатын солар. Солардан шошимын» деп, жеке бастың араздығын қоғамның бірлігінен, тұтастығынан жоғары қоятындар жайлы қатты айтады.
Кәкімжан Қазыбаевтың «Найзағайдай жарқылдап…» атты естелігінде Баукең жайлы былай дейді: «Баукең ақырып та сөйлейді, асырып та сөйлейді, бірақ ар жағында зіл тұрмайды, нұр тұрады. Сол нұрды қабылдай алмасаң, ол ашулы да қатулы. Ұққаныңды сезсе, мәз-мейрам жайсаң. Қара қылды қақ жаратын әділдікке қоса әрекеттегі жалғандыққа, жадағайлыққа төзбейтін айбаттылық та жеткілікті. Жымысқытып, жыбырлатып, шудай сүйреткен немесе орағытып оттап кеткен мың сөзден гөрі дік еткізіп, төбесінен түсіре айтатын бір сөзді қалайды. Және солай сөйлеудің өз асқан шеберлік».
Бауыржан Момышұлының музейіне келген қонақтарға музей қызметкерлері осындай тағылымды естеліктер жайлы да айтып береді. Баукең жайлы білетін, алайда Батырдың өмір жолы мен шығармашылығына терең бойламаған кісілер Баукеңнің музейіне келіп-кеткен соң қызығушылығы пайда болатын кездер де жиі кездеседі.
Сондықтан Батыр музейінің іші де, сырты да Батыр атына сай болуы керек.
Баукеңнің тапқырлығы мен шешендігі, ұлтжандылығы мен ойшылдығы, турашылдығы бүгінгі ұрпаққа аса қажет қасиеттер. Баукеңнің лайықты ұрпағы болар жастарымыз көп болсын. Сондықтан құрметті оқырман қауым, Баукеңнің еңбектерін оқып, насихаттаудан еш жалықпайық!
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ