1956 жылдың 1 қыркүйегі. «Бурное» қазақ орта мектебінің алдына ойдан-қырдан жинаған 65-70-ке тарта бала мен жасөспірім қыз бала өзге сынып шәкірттерімен бірге сапқа тұрғызылдық. Мектеп басшылығы, мұғалімдер есте қаларлық жиын өткізді. Мұғалімдердің дені – ер азаматтар, ақ жаулықтылар бірлі-жарым ғана.
Бізді, 8-сыныпты екіге бөлді. Ә – дегенде Сүлеймен екеуіміз «б»-да бірге оқысақ, біршама уақыт өткенде, мені еріксіз «а» тобына ауыстырды. Ауданда сонда қазақша орта мектеп екeу ғана болғаны ғой. Халықтың дені – орыс-орман, өзге ұлт өкілдері. Мектептің дені – орыс не аралас мектептер. Сонда, айналып келгенде, бүтін ауданның ауылдарынан көп болмаса да, бірлі-жарым бала бар деген сөз ғой.
Киім жұпыны, қазақилық басым. Ішімізде 16-дан асқан жасы бозбалалық, бойжеткен жасқа іліге бастағандары да баршылық.
Өз құрдастарымызбен тез-ақ танысып, үзілісте асыр салып ойнап, тай-құлынша тебісіп өсіп жетіліп келе жаттық.
Сүлеймен «Сіргелі» деген ауылдан, Тәжіхан, Сабырбек, Аман есімді құралыптарымен бірге 3-4 шақырым жерден жаяу барып-келіп оқиды.
Ә дегеннен-ақ көңіліміз жақын болып сала берді. Бірде ол мені үйіне шақырды. Мен ол кезде Қайрат ауылында әкеммен немере әпкемдікінен (Сатыш есімді) барып-келіп оқимын. Әпкем іздеп мазасызданбасын деп рұқсат сұрап, Сүлеймендікіне келемін. Оның ауылында 30 үйдің ар жақ-бер жағы түтін бар екен. Кейін барсақ, дені Сipгелі ата ұрпақтары екен. Сәуірәлі атамыз сол елдің Таза есімді қызына үйленген екен. Үлкен ұлы – Сүлеймен де, кішісі – Әмір.
О заманда қазақ әйелдері баланы табудай-ақ табады ғой. «Қу шешек құртты» дейтін қанатты сөз бар. Көбі жастан, тіпті, балдырған-балауса, бала-балақай боп қалған сәтте көз жұмып жататын-ды.
Ата мен апа мені әдемі қарсы алды. Шәй-май беріп, ет әзірлеп, әбден мәпеледі-ақ. Қайдан, кімнің баласы екенімді сұрады.
– Бақамын. «Қызыл диқан» ауылынанмын,-деп «әкем соғыстан келмеген, анам бар, өзіммен бірге ата-анасы ерте қайтыс боп, соғыста опат болған қайнысының ұлдары Қаратай, Рақманбек, Мақұлбек eсімді немере бауырларымның бар екенін айттым.
– Достық қарым-қатынастарың ұзағынан болсын, келіп-кетіп тұр, үй осы, – деді мейірім-шапағатты, қайырымды меймандос жандар.
Сәyiрәлі бұрынғы Столыпинка (қазіргі Көктөбе) ауылындағы «Большевик» колхозының бөлімшесінде белгілі колхозшы, Таза апа да колхозда істейді екен. Ата 1941-1946 жылдары алты жыл еңбек майданына алынып, Магнитогор қаласында соғыстағы майдангер-жауынгерлерге етік тіккен екен.
Ата бізді баласындай осы кезге дейін бастан кешкен ғұмыр жолы, аумалы-төкпелі қилы заман, зорлап ұжымдастыру, ашаршылық, елдегі жұрттың жұпыны халін, ашқұрсақ, күні-түні майдан үшін көкиық боп қолмен жұмыс iстеген сәттерді әсерлі әңгімеледі.
Осыдан былай Сүлейменмен бұрынғыдан да етене араласып, достасып, тату-тәтті егіз қозыдай боп бірге оқып жаттық.
Біздің ауыл Сіргелі ауылынан 8-10 шақырым жерде, күншығыс жақта.
Сүлеймен еркетотай, астың дәмдісі осының аузында, артынан ілескен інісі енді ғана мектеп табалдырығын аттаған еді.
Мұғалімдеріміз де жұпыны киінеді. Ертеңгілік қасымыздағы орыс орта мектебінің үлкен ойын алаңына бізді де таңертеңгілік дене жаттығуын жасатуға ұстазымыз Шынтемір апарады. Балалар үйінде өскен «шала қазақ» жігіт оркестр ойнатып, 15-20 дене жаттығуын жасатады.
Көрнекілік атымен жоқ, мұғалімдер жалаң сөзбен дәріс өткізеді. Кім біледі, тіпті, карта да жоқ па, тарих пен географиядан сабақ картасыз өтеді. Осындай келеңсіздіктер бола тұра, біз бойдағы бар ынта-ықыласымызды сарқа пайдаланып, білім нәрін бойға сіңіріп, өсіп жетіліп келе жаттық.
Сүлейменнің өзі құрдастарынан ерекшелігі сол, ол қалжың, әзіл-оспақ, ойын-сауықшыл боп көзге түсе беретін еді.
Бірде мектепке 4-5 бала боп ерте бара қалдық. Мектеп директоры Сатыбалды Нұртаев әрқайсымызға бір-бірден ағаш күрек беріп, мектеп алдын күрете бастады. Шайтан айналдырып, Тілеуқұл есімді сыныптас мені директор ағамыздың мойнына арт жағынан бір күрек қар салып жіберуге итермелегені. Мен өте тез сала қойып, білдірмей әрі қарай қар күрей бердім.
«Бөрінің аузы жесе де қан, жемесе де қан» демекші, Сатыбалды аға Сүлейменге «Сен салдың, сенің қолыңнан келеді, сені мектептен шығарамын» деп бұлқан-талқан ашулансын.
– Қар жоғарыдан, боғаттан түсті, – деді тағы біріміз.
Ол кісі алғашында иланып, жоғары қарап еді, боғаттың қарының мұрты бұзылмаған. Ұстаздардың ұстазынан жабыла кешірім сұрап, ғафуымыз өреге асқан еді.
Бірде жаңа жыл қарсаңында директор кабинетінде мен «Тарихшы» қабырға газетін шығарып отырдым. Сүлеймен мені жанақайлап қасымда-тын. Көп түрлі бетперделер әкелінді. Ұстаз киіп көруді ұсынды. Ә дегенде Сүлеймен шал мен кемпір бетпердесін киіп алып аға және өзге сынып жетекшілері алдында әртісше жымыңдап, өнер көрсеткенде, ел, әсіресе, Сатыбалды аға ішегі түйіле күліп, диванға құлай кеткен еді.
Кейде адам болған соң, бір кездерді, өзің болған жерлерді сағынған сияқты боласың. Ал, шын мәнінде, сол жерде өткізген жастық шағыңды сағынасың. Осылай уақыт кеңістік бетпердесін киіп алдайтыны тағы бар ғой.
«Адамға наннан кейінгі керегі – мектеп» деп ұлы Шоқан айтқандай, мектептегі үш жыл ыстық ықылас тудырып, сырғып өтіп жатты. Сыныптас, талантты, болашақта жазушы болатын он жасында танылып үлгерген Тәжіхан әскерде опат болды, Аман да өмірмен ерте қоштасқан еді.
«Әлемнің әміршісі – еңбек, ол бәрін де жеңбек». Өмірге белсене араласатын еңбек жолы – өмір мектебі басталды. 10 жасқа толғанды қазақ қозы жасы деген, қозы бақтырған. Сәуірәлі ата ұлын осы жастан қозы сойып, бағып-қағуды үйреткен. 13-25 жас –қой жасы.
Малды бағып-қағуды білмеген қазақ бала болмаған. Әке балаға қатал қараған.
Жақсы бала – аспандағы жұлдыз. «Ата көрген оқ жонар» деген. Сүлейменді атасы еңбексүйгіш, малсақ, әнші, домбырашы етіп тәрбиелей алған. Сол бала күнгі рухани жақсы тәрбие міне, күні бүгінге дейін өз жемісін беріп келеді.
Біздің дәуір жастары мұғалім айтқанын мүлтіксіз орындайтын. Өткен тақырыптарға байланысты ақын-жазушылардың туындыларын құныға, қызыға оқушы едік. Сүлеймендер және баршамыз бозбала шағымызда қазақ әдебиеті өкілдерінің ғана емес, 82 жыл өмір сүріп, 91-ден аса еңбек жазған соң мұсылман дінін қабылдап, дін ислам жолымен ғұмыр кешкен, орыс әдебиетінің айнасы деп бағаланған ұлы жазушы Л.Н.Толстойдың «Анна Каренина», «Арылу», «Соғыс және бейбітшілік», «Қажы Мұрат», «Севастополь қорғaнысы» және т.б. шығармаларын көзден өткізіп, ғибрат алған еді.
Бала күннен ата-анадан шариғи, әдет-ғұрып тәрбиесін алып өскен жан ғұмырбойы оны өмір қажетіне айналдырып, оны өзіне бағдаршам етері даусыз. Жыл сайын жасымыз ілгерілеп, ақыл-ойымыз, қарым-қабілет, білім деңгейіміз сатылап көтеріліп келе жатты. Үш жыл үш күндей де болмай өте шығып, 1959 жылы 25 маусымда кәмелеттік аттестат алып, періште көңіл балалық дәуренмен қимай қоштастық.
Сүлеймен Түркістан әскери округінің «Бурный» әскери совхозының «Қызыл Күншығыс» (кейін 1961 жылдан соң Ю.Гагарин ауылы) бөлімшесіне трактор бригадасының есепшісі болып орналасты, онда екі жыл істейді.
Еңбек тәжірибесінен де мүдірмей өттік. 1961 жылдың көктемінде Бурнооктябрь ауылында Сүлеймен дос ұшыраса кетсін. Сұрақ «Ендігі мақсат-мұрат қайда оқимыз?» дегенде:
– Әбілқасым дос Шымкент пединститутына түсіп, биыл бір сатысын тамамдайды екен, мен де соған барсам деп, құжат әзірлеп жүрмін, – дедім.
Екеуміздің ойымыз сол арада бір арнаға тоғысып, Фердоуси досымыздың салған сара жолына біз де оқу орнына түсуге бел будық. Мен Шымкент пединститутына емтихан тапсырып, ол Қызылордадағы Н.В.Гоголь (қазіргі Қорқыт баба) атындағы пединституттың қазақ тілі мен әдебиеті бөліміне түсіп, бес жыл оқып, диплом алып шықтық. Мемлекеттік емтихан тапсыру, әзірлік жасау сәтінде күн демей, түн демей сарыла, беріле әзірленер едік.
Сүлекең сол 1961 жылдан ә дегенде Н.К.Крупская мектебінде бастауыш сынып мұғалімі, 1967 жылдан «Күйік» орталау мектебінде оқу ісінің меңгерушісі, кейін мектеп Түктібай ауылына көшіп келіп, орта мектеп болды. Осы М.Әуезов атындағы орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары боп, бертін келе аудан орталығындағы сырттан оқыту орта мектебінің директоры қызметіне жоғарылатылды.
Ол ұлағатты ұстаз бола білді. Ұлағатты, бүтіндей бір ұрпақты бір өзі тәрбиелеуші, шәкірттеріне орыс тілі мен әдебиетінен дәріс берді, өзі қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің маманы бола тұра. Міне, қабілет-қарым қайда?! Шәкірттерін қазақ тілімен орыс тілінен сауатты етіп шығара алды. Артына әдемі із қалдырды.
Қазір Сүлекеңнің алдынан түлеп ұшқан шәкірттері өмірдің әрсаласында әр түрлі мамандық иесі. Өзімен бірге өкшелеп кәрілікке жетіп келеді. Атар болсақ, Серік Сәдіров, Самат Жанысбаев, Ілияс Қорабаев, Ермек Үсенбаев және т.б.
Ұстаз бақыты – озып тұрған шәкірті, осының дәлелі. Адам болу – өзіңе-өзің ие болу. Ол адам тәрбиелеп шығарды. Ең ұтымдысы сол, шәкірттерін әдебиетті сүюге баулыды. Кітаптың заманалар толқынында тербеліп, үстіндегі қазынасын ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп келе жатқан ой кемесі екенін санаға сіңіре білді.
«Таластың басы сусамыр, сусаған ерге жолықсын» дегендей, Сүлекең Болатбек досы екеуі енді өздеріне қалыңдық іздеп, айттыра бастады.
«Сұлу қызға ер қызығар,
Ақылды қызға ел қызығар».
Айша есімді Айша бибі ауылының Шымыр Балық қызының Бақалы ауылында тұратын әпкесіне келіп кетіп жүретін. Құдаша мақтаса мақтағандай еді. Сөз салдыр. Жігіт дайын болса, қыз дайын. Екі-үш кездесуден соң қыз икемге келе бастады. Әр жылдың өзінің қуанышы, сүйініші, күйініші, ауыр, күрделі сәттері болады. 1967-ші жылы қой жылының 31 мамыры сәрсенбі күні уәде бойынша Айшажанды қасиетті, атыңнан айналайын, Айша бибі ауылынан алып шықтық. Жамбылға (Таразға) барып, күйеу жігіттің екі қарындасы, қалыңдығымыз және мен суретке түстік.
Бибі деген ілім – әйелге ғана берілген ілім. Өз атын қағазға, ағашқа түсіре алады деген сөз. Сауатты, ақылды деген сөз. Халық берген атақ. Айша бибі кітап жазып, мешіт ашқан.
«Сұлу сұлу емес, сүйегі асыл болмаса, сүйегі асыл асыл емес, ар жағында асыл болмаса» сөзі біздің Сүлейменге өмір серік етіп алып қашып келе жатқан Айшажанымызда тегінде бар еді. Әкесі Баймахан, анасы Күлмиса үлгілі тәрбие бере алған.
Сол күні ауыл той, беташар боп, қуаныш арты тойға ұласып жатты. Көп ұзамай сол есік алдында жекжат, дос-жаран, қызметтес азаматтардың басын қосқан 3 маусым күні үлкен той да өтіп еді.
Міне, содан бері аттай 50 жыл өтіпті. Алтын той иелері алтындай бағалы, құндыздай жағалы боп, гауһар той, тәждік тойға жетуіне тілек етеміз.
Айша он құрсақ көтерді, сырттай педагогикалық оқу орнын тамамдап, 25 жыл бастауыш сынып мұғалимасы болып, құрметті демалысқа шықты. «Алтын алқа» тақты, «Қазақстанның оқу ісінің үздігі» белгісімен марапатталды. «Баланы таба беріңіздер, Алланың да үлесі бар» деген ғой бұрындағылар, қазір 4 қызы, 2 ұлы, топырлаған немере-шөберелері бар. Ұл-қыздары Расулы газ-мұнай маманы, Фаизы – қаржыгер, Лизасы – мұғалім, Ғазизасы мен Сейсебі – жоғары білімді дәрігер, Фаризасы сот болып қызмет атқарады.
Айша туралы көп жазуға болады, сөз толқындары бірінен соң бірі түйдектеліп ойға орала береді:
– Байлығым балам, ерім, отбасы – ошақ қасым, – дейді Айша. Ал Сүлекең «менің бақытым – жақсы бала, адал әйел, деннің саулығы, кемел ақыл, тілдің шын сөйлеуі» деп-ақ отырғаны.
Ерді ер қылатын да, жер қылатын да – әйел. Айша ерін алтынды тонның жағасы ете алды. Сүлекең 40 жасында басшылықтың таңдауымен, халықтың қалауымен бес ауылдың басын қосатын «Большевик» ауыл округінің әкімі болып сайланды. Бұл кезде Жуалы аупарткомының бірінші хатшысы Д.Н.Жигалкин еді. Ширек ғасырға жуық төрағалық қызметінде Сүлеймен Сәуірәліұлы алты бірінші басшымен қызметтес болды. Олар – Сағынхан Әміреқұлов, Естемес Аманбеков, Еркінбек Солтыбаев, Бақыт Сауранбаев және Ермек Үсенбаев болатын.
Сүлеймен 600-ден астам отбасы, 4000-нан асатын халқы бар жергілікті кеңестің мыстай қайнаған ортасына жыл тоқтатып, жігіт ағасы болған шағында бас ие болып келген еді. Ол кезде колхоз, таңның атысы, күннің батысы еңкейген қарт пен еңбектеген балаға дейін еңбек етеді ғой. Ел іші даусыз, ел сырты жаусыз болмас. Отбасындағы бітпес дау, ағайын араздығы, жұмыс бабындағы әділетсіздік, көрші-қолаң тартысы, «тойып секіргендер», ұрыс-жанжал, дау-дамайлар талқылаусыз күн өтпейді ғой. Аттың жаманы жетекке жүрмейді, Адамның жаманы жөнге көнбейді, телі-тентектерді тез-ақ тәубесіне келтірер еді. «Әкім алғыр да аңғарымпаз, өткір сөзге шешен, өнер-білім, ғылымға құштар, аса қанағатшыл, сауыққұмарлықтан аулақ болмақ керек. Ақиқат пен ақиқатшыл адамдарды сүйе білмекке керек», – деп ұлы Фараби айтқандай, ол өзін ел күткендей ұстай білді.
Адам – жұмбақ, бұл дүниеде адамнан қиын мәселе жоқ. Колхоз бастығы Әбілдабек Қойбақов, партия ұйымының хатшысы Қошан Орынтаев, Көктөбе, С.Сейфуллин атындағы орта мектептерінің қожайындары – С.Нұртаев, Б.Қайыпбековтермен қоян-қолтық араласып, пікірлесіп, қоғам, ел тәртібін бұзып, тыныштыққа «сына қағушы» басбұзарларды тез-ақ жөнге салар еді. Қоғамдық, жеке мал, егін, жайылым т.б. күрмеуі қиын түйіткілді, шешілуі қиын істерін әділ шешіп отырды.
Ол елді басқара да, тәртіпке шақыра да білді. Барлық бес ауылда көшеге тезек жинап, күл-қоқыс тастап, ластамайтын халге келтірді. Мектеп, мекеме, колхоздың қора-қопсы, қойма, қырман, дүкен, мәдениет ошақтары, табиғат аясы тәртіпте болар еді.
Көктем мен күзде бір айлық тазалық, көгеріштендіру, көріктендіру айлығы өткізілетін. Бүтін халық асарға шығатын. Көше комитеті, қоғамдық ұйым жұмыс атқарды. Көше аралап «Үлгілі үйге» тақтайша іліп, мадақ сөз жазылып, үй иесінің рухын көтерер еді. Арық тазалау, үй маңына гүлзарлар егу, суару үнемі жүзеге асатын.
Көше, бақша бойына, колхоздың апайтөс егіс даласына қар тоқтату, әрі ауа тазарту үшін белдеу-белдеу ондаған шақырымдарға қарағаш дарақ еккен де кез болған. 80-жылдардың орта тұсынан бастап ауылдық кеңес төрағасы мен колхоз басқармасы жер бөліп, Жылқыштөбенің батыс жағындағы 10 гектардан астам жерге, Теріс ауылының өзен жақ бетіне, колхоздың машина-трактор тұрағы, мектеп, балабақша маңына асармен 100 мыңдаған тал-дарақ отырғызылды. Сол талдар қазір белгісіз себептермен «Гамбург» серіктестігіне өтіп, талдарды беталды кесіп, тасып алуда. Колхоз даласына егілген қарағаштар да түгел кесіліп, жойылуда.
Табиғат қорғауда Сүлекең (Сүлейменді ел құрметтеп Сүлекең деп атаған) алдына жан салмайтын. Шеңгелді, жас шыбық талдарды кескен адамдарға айыппұл салып, кесуге үзілді-кесілді тыйым салған-ды. Теріс өзені бойында өсіп тұрған жабайы тал, сәмбілерді алғаш көшіп келген оралман ағайындарға да тыйым салып, кестірмеді.
Көп заманнан Теріс өзені үстінен өтетін (машина, трактор т.б.) көпір жоқ еді, оны депутаттық сауал айтып, 1984 жылы үлкен көпір салдырды. 1986 жылы Сүлеймен төраға болып тұрған кезінде колхоз кеңсесінің күншығыс жағынан арнайы үлкен әкімшіліктің кеңсе үйін салдырды. Күнбатыс жағынан саябақ жасатып, ол жерге «Ешкімде, ештеңе де ұмытылмайды» деген атпен монумент орнаттырды. Өз кеңсесінің айналасынан көптеген арықшалар қаздырып, терек, жеміс ағаштары мен гүлдер отырғызылды. Кеңсе ғимаратының бөлмелері көп болғандықтан, ол бөлмелердің ыңғайына қарай байланыс торабы, милицияның тірек нүктесі, мал дәрігерлік бөлімшелерін орналастырды.
Елге, мемлекетке сіңірген еңбегін бағалап, «Қазақстан оқу ісінің үздігі» төсбелгісімен марапатталған. 1977 жылы «Қазақстан мектебі» журналының белсенді тілшісі атағына ие болды. Жамбыл облыстық атқару комитетінің шешімімен мақтау грамотасымен марапатталды.
Өтпелі кезеңде 1991 жылдары Сүлейменнің өз ауылы Ю.Гагарин, біздің ауыл Қызыл диқан, Жуалыдағы 51 ауыл, қала бере көше атаулары орысша еді. Сүлекең өз ауылын «Түктібай» деп. Қызыл диқанды «Бақалы» деп, Кастальевка ауылын «Қосбөлтек», Столыпинка ауылын «Көктөбе» деп және көптеген көшелерге қазақша атаулар қойғызып, ел алғысын алды.
Басқосу-жиындарда Сүлеймен қара қылды қақ жарып, өзінің ашық, саңқылдаған дауысымен сөз бастап кеткенде, зал сілтідей тынар еді. «Көш бастау қиын емес, қонатын жерден көл табылады, қол бастау қиын емес, шабатын жерден ел табылады, аламан топ, шаршы жұрт алдында сөз бастау қиын» деген ғой. Сөзді бір бастап алса көсіліп, тор жорғадай есіп жөнелер еді. Жақсының үлгісі жанып тұрған шамдай. Шешеннің сөзі ағып тұрған балдай.
Сүлеймен бір болса да бірегей тірлік жасай алған, ел есінде қалған жан. Әркім өз тағдырының ұстасы. Тағдыр дегеніміз – адамның жеке өмірі, отбасы, сүйікті ісі, сүйген жары. Ол өз ісін сүйе, беріле істер еді.
Сүлекең – қазiр ел ағасы, Тараз қаласындағы Махамбет көшесінің қадірлі ақсақалы. Ел ағасы ұлтымыздың ұйытқысы, жұртымыздың мәйегі бола білген, көзі қырағы, аузы дуалы, асыл азамат.
Уақытты ешкім кері қайтара алмайды. Бір сәтке шегіндіре алатын бірге өскен замандастары ғана.
Қазір Сүлекең – ақсақал жасында, Айша жары – әже жасында. Әдемі қартайған қазыналы қарт есте қалар есті сөз айтып кетсе, жараспай ма?!
Болатбек қажы ҚАЙЫПБЕКҰЛЫ,
Көкбастау ауылдық округі
ардагерлер кеңесінің төрағасы.
Бақалы ауылы