Basty bet

Алқапта жұмыс қызған шақ

Қарасаз ауылының іргесіндегі арпалыққа бет алғанымызда алқаптың сонау ұшар басынан бері қарай толықсып піскен дәнге орақ салып, төңіректі қызу еңбек әуеніне бөлеп жүрген бір комбайн көзге түсті. Алымы кең, құлашын кеңге сермеп, астық толы алқапқа сұғына еніп келе жатқан алып машинаның қимылын жырақтан бағып, жанымызға жуықтауын күтіп тұрмыз. Арт жағынан жал-жал болып сары алтындай сабан маялары қалып барады. Дауыс жетерлік жерге тақай бергенде штурвалда отырған жігіт «СК 5 Енисей» маркілі комбайнды кілт тоқтатты. Жақын барып, мән-жай сұрастық.Өңі аптап ыстықтан тотыққан ақсары жүзді жігіт өзін Евгений Битилевпін деп таныстырып, алқаптағы жұмыстың жағдайын айта жөнелді:
– Астық жинау науқанына биыл үшінші мәрте қатысып отырмын. Қарасу ауылындағы жақын туыстарымнан комбайнды жалға алып, осындағы шаруа қожалықтарына егін орағына қолғабыс етіп
Комбайн 1991 жылы шыққан, анау айтқан ескі емес. Жеңіл-желпі жөндеуін өзіміз атқарып, ораққа дайындадық. Мына жерде жеті гектар арпа бар, оруға мана таңертең кіріскем. Екі айналымды жүріп өтіп, әр айналымда бір бункер босатып жатырмын. Қазір де бункерім толып, тоқтадым. Табысым жақсы, күнделікті алып отырамын. Гектар берекелілігі жаман емес, бұйырса, 20-25 центнерден айналуы тиіс, – дейді көтеріңкі үнмен.
Дәл осы шақта жол бойында комбайншының кезекті айналымнан келуін күтіп тұрған «Айдос» шаруа қожалығының жетекшісі Бақтияр Әбсалиевтің «ГАЗ-53» машинасы келіп, шанағын комбайн бункерінің астына тоса қойды. Алқап басында артық сөз, қимыл жоқ. Механизатор мен жүргізушінің қимылы ширақ, бірін-бірі жарты ауыз сөзден түсініп, тіршілік жасауда. Мақсат та, меже де бір – науқанды кідіріссіз атқарып, бітік шыққан ел ырыздығын төкпей-шашпай дер кезінде жинап алу. Сондықтан да, машинаның шанағын жылдам толтырып алған шаруа оны қамбаға жеткізуге асықты. Себебі, келесі айналымды Евгений қас-қағымда орып келіп қалады. Бұл оның қолындағы малына қыстайғы азық боларын берік түсінеді.
Абылайхан СӘМЕТ(ЛЫ.
Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close