Basty bet

Тазалыққа, тәртіпке бағынуға үйретті

«Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» демекші, бүгінгі күні денсаулықты күтіп, өзіңіз үшін, жақыныңыз үшін жанашыр болу маңызды дүние болып отыр. Себебі, деннің саулығы – жанның саулығы, жақыныңның амандығы – жүрегіңнің тыныштығы.

Жалпы төрткүл дүниені шарпыған аты жаман індетпен күресте халыққа қызмет көрсету орталығының бірі дәріханаларда кезек орын алып, дәрілердің тапшылығы болғаны белгілі. Індеттің алғашқы толқынында тұрғындар жаппай суық тиюге қарсы және түрлі дәрумендерді сатып алды. Әсіресе, қарапайым ыстықты түсіретін парацетамол және ацетилсалицил қышқылы, яғни асперин дәрілері тапшы болды.
Сонымен қатар, медициналық бетперде 15 теңгеден бірден 200 теңгеден асып, он-жиырма есеге қымбаттады. Дәріханаларда медициналық бірреттік бетперделер таусылып, ісмер жандар көпретті бетперде тігіп, дүкендер мен дәріханалар сөрелерде сатылымға шығарылды. Індеттен сақтануда бұл қарапайым дүние бетперденің рөлі зор болды. Әлі ол маңыздылығын жоймай, күнделікті қолданатын, індеттен қорғайтын қымбат дүниеге айналды. Оны бірі білсе, бірі әлі де немқұрайдылық танытуда.
Осы ретте, ауданда тұрғындарға бірнеше дәріхана медициналық қызмет көрсетеді. Оның бірі ауданда бірқатар филиалы бар «Қасым-Фарм» дәріханасы үздіксіз жұртшылықты дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етті. Дәріхана басшысы Жасұлан Сартабаев «Дәріхана 2014 жылы Жуалы ауданында ашылды. Ауданда дәріхананың үш филиалы бар. Филиалдарда бір меңгеруші, бес фармацевт жұмыс істейді. Жұмысшылардың жалақылары уақтылы төленеді. Дәрілер Шымкент қаласындағы «Фарм» компаниясынан әкелінеді. Еліміздегі пандемия кезінде дәрілер және қорғаныс құралдары жеткізіліп отырды. Кейбір дәрілердің тапшылығы болғанымен, оны алмастыратын дәрі-дәрмек дәріханаларға дер кезінде жіберіліп тұрды» дейді.
Ал, «Қасым-Фарм» дәріханасының меңгерушісі Әлия Қожаханова: «Бұл уақытқа дейін дәріхана тәулік бойы жұмыс істейтін. Ал, қазіргі таңда жұмыс уақыты таңғы сағат 8.00-ден кешкі сағат 22.00-ге дейін. Бұл өзгеріс елімізде таралған індетке байланысты орын алды. Пандемия кезінде тәулік бойы үш адам кезегімен тұрғындарға қызмет көрсеттік. Көбінесе қорғаныс құралдарымен қатар, дәрумендер, вирусқа, микробқа қарсы дәрілер, иммунитетті көтеретін дәрілер сұранысқа ие болды. Дәріхана алдында шілде, тамыз айларында кезек көп болды. Олардың сұраған керекті дәрі-дәрмегі болмай қалса, оны алмастыратын дәрілерді ұсындық. Кейбір дәрілер табылмай жатты. Әр фирма әртүрлі бағамен әкелгендіктен баға тұрақсыздығы да орын алды. Аудандағы мониторинг топтары келіп түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Баға тұрақсыздығы, санитарлық талаптардың орындалуын бақылады. Әлі де бізбен байланысын үзбей, тәртіпті бақылап отырады. Біз де осы мақсатта тұрғындарға санитарлық талаптарды сақтауды ескертеміз» дейді.
«Қасым-Фарм» дәріханасына тәртіп орнағанының осындағы жұмысшылармен сұхбат барысында куәсі болған жайымыз бар. Фармацевттер ішке кірушілерге бетпердесіз кіруге болмайтынын ескертіп, жылы шырай танытып, қызмет көрсетуде. Тұрғындар бірінен соң бірі дәріханаға келіп, кезегімен керекті дәрі-дәрмегін сатып алуда. Дәріхана жұмысшылары да өз кеңестерін айтып, тұрғындарды «ем болсын» деген жылы сөздерімен шығарып салуда. Бұл келушілерге деген ілтипат, кісілік қасиет.
Дәріханада дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Күнделікті жеткізіліп, сөрелерге қойылуда. Мұнда 200 мыңдай медициналық бетперде, 20-25 дана антисептик, қолғаптар және тағы басқалары бар. Бетперденің бағасы 30 теңге болса, антисептик 300 теңгеден бастап 1200 теңгеге дейінгі бағада бар. Қолғаптар 90 теңгеден сатылуда.
-Бұл індет біз үшін үлкен сынақ секілді. Адамдар тұмау болса да денсаулықтарын күтпей бейғамдық танытатын. Ал, қазір бәрі өзгерген. Денсаулықтарын күтуді күнделікті әдеттеріне айналдыруда. Тазалыққа, тәртіпке бағынуды үйренді. Ең бастысы, бір-біріне деген сыйластықты түсінді. Бұлай деуімнің себебі, келушілер бұл уақытқа дейін кезекті күтпей, керегін өзінен бұрынғыдан алып кететін. Артынан мұндағылар реніш білдіретін. Ал, қазір тұрғындар дәріханаға кезекпен кіріп, бір-бірін күтіп, сыйластық танытады. Қуантарлығы осы. Дегенмен «бір минутқа ғана кірдім» деп жауапкершілікті сезінбейтіндер әлі бар. Батыр Бауыржан Момышұлы «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды» деп бекерге айтпаса керек.
«Сақтансаң, сақтаймын» дейді. Қазіргі уақытта сақтық шараларын ұстану керек. Ең бірінші күнделікті теледидардан айтып жатқандай қолды мұқият жуу керек. Медициналық бетпердені үнемі пайдалану қажет. Ол індетті жұқтырудың алдын алады. Арақашықтықты сақтауды ұмытпаңыздар. Сондай-ақ таза ауада көп серуендеген абзал. Дене шынықтырумен айналысып, сұйықтықты көп ішіңіз. Ағзаға пайдалы дәруменге бай жеміс-жидек жеңіздер. Көкөністерді пайдаланыңыздар. Ұлттық тағамдарды, айран, сүт ішіңіздер.
Қоғам, отбасы алдындағы жауапкершілікті сезінейік. Немқұрайдылықтан айырылайық. Әр адам өз денсаулығына, отбасына, баласына, жақынына жауапты екенін сезінетін уақыт келді. Ең бастысы, рухымызды түсірмейік. Ішкі жан дүниемізді, санамызды таза ұстайық. Ойымызды жаман ойдан тазартайық, – дейді фармацевт Сабира Реметова.
Иә, бұл қиын кезең өткен күннің еншісінде. Ол күндері дәрі таппай әр дәріхананың есігін торуылдап, жақыны үшін шырылдаған жандар көп болды. Аудандағы қай дәріхананың алдына барсаң да ұзын-сонар кезек еді. Көбінің бойында үрей, көзінде қорқыныш. Барлығы дәріхана ішіне ертерек кіріп, керегін алып, жақынына жеткізу үшін асықты. Бұл көріністер сол уақыттарда күнделікті дәріханалардың алдында орын алды. Оны сіз де, біз де әлі ұмытқан жоқпыз. Сондықтан індеттің алдын алу және болдырмау үшін өз-өзімізді оқшаулап, санитарлық талаптарды сақтап, денсаулығымызды күтейік. Күйзеліс пен дүрбелеңге жол бермей, баршамыздың деніміздің саулығы мен амандығын тілейік!

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close