Basty bet
Полицей Меруерт
Қауіпсіздік пен тыныштық күзетінде жүріп, халықтың құқығы мен бостандығын қорғауда алдыңғы сапта көрінетін, қатаң тәртіпте қызмет етсе де, өзінің нәзіктігі әрі жұмсақ жүректілігін сақтай білген Меруерт Орынбек аудандық полиция бөлімінде жұмыс істейді. Ол аудандық полиция бөлімінің анықтау тобының анықтаушысы, полиция капитаны, әрі мерген қызметкердің бірі. Анықтаушы болудың да өзіндік қиындығы бар. Алайда, егер сіз өз мамандығыңызды жақсы көріп, өзіңіздің атқарып отырған ісіңізден ләззат алатын болсаңыз қиындықты сезбейтін боласыз. Дәл осы принципті Меруерт Ержігітқызы өмірлік ұстанымы ретінде ұстанады.
Оны көрген жандар анықтаушы қызметкері деп ойламайды. Табиғатынан дарыған нәзіктігі, сыпайылығы, биязылығы оны қатаң тәртіппен байланысып тұратын тергеу қызметіне қимайтын секілді. Оның бойында сырт көзге байқала бермейтін өткірлік пен өжеттік бар. Меруерттің жоғары кәсібилігі мен төзімділігін әріптестері өте жақсы біледі және бағалайды.
Меруерт Ержігітқызы 1993 жылы Жетітөбе ауылдық округіне қарасты Шыңбұлақ ауылында көпбалалы отбасында дүниеге келген. Әкесі Ержігіт Әбдірақов жеке шаруа қожалығын жүргізсе, анасы Анипа Әбдірақова мектепте ұстаздық етеді. Меруерт ауылдағы №24 Т.Рысқұлов атындағы орта мектепті тамамдаған соң арман қуып, ҚР Ішкі істер министрлігі Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына оқуға түседі. Оқу орнынан құқық қорғау бакалаврі мамандығын алып шығады.
-Құқық қорғау органында қызмет ету менің бала кездегі арманым болатын. Менің туыс ағаларым иығына шен тағып, ішкі істер органында жұмыс істейтін. Ағаларыма қарап бой түзеп, осы мамандық иесі боламын деген алдыма айқын мақсат қойдым. Бұл шешімімді ата-анам да қолдап, оқуға түсуге септігін тигізді.
Оқу орнында да белсенді курсант қатарында болдым. Академияда ұйымдастырылатын түрлі шараларға, жарыстарға қатысып, көзге түстім. Сабақпен қатар қоғамдық жұмыстарға қатысып, білімімді шыңдап, мамандық иесі атандым. Жас маман ретінде 2014 жылы аудандық полиция бөліміне жұмысқа орналастым. Алғашқы жылдары салада жұмыс істеу қиын болды. Түрлі қиын жағдайлар кездеседі. Оның бәріне төтеп беру үшін қайсарлық, өжеттілік керек. Уақыт өте келе жұмыстың қыр-сырын меңгеріп, қару ұстап, бәріне үйреніп кеттім. Мұнда да жыл сайын облыс көлемінде құқық қорғау қызметкерлерінің арасында жарыс өткізіледі. Жарысқа команда болып қатысып, жүлделі орындарға ие боламыз. Өзім «Макаров» пистолетін жақсы меңгергенмін.
Жұмыс болғаннан кейін бәріміз жауапкершілікпен қараймыз. Ер азаматтармен қатар нарядқа түсіп, қолға қару алып, кезекшілікке де түсемін.
Азаматтардан түскен арыз-шағымдарды қабылдап, заңды түрде шешімін табуға жұмыс істейміз. Келген азаматтарға қол ұшын беріп, бағыт-бағдар көрсетеміз. Яғни, маған жүктелген міндеттерді уақтылы орындап, ауданымыздың тыныштығы үшін еңбек етіп жүрміз. Яғни, біз еліміз үшін адал қызмет етеміз, ел тыныштығын күзетеміз деп ант бердік. Сол антымызға адал болу – парызымыз, міндетіміз, – дейді Меруерт Ержігітқызы.
Ел тыныштығын күзетіп жүрген ол қызметтік міндеттерін үлгілі орындап, жақсы көрсеткіштер көрсеткені үшін бірнеше мәрте Алғысхаттармен марапатталған. Сонымен қатар, ол кәсібилігін шыңдаған ұстаздары полиция подполковнигі Ержан Момыновты, полиция майоры Қанат Қазыханды үлгі тұтып, ақыл-кеңестері үшін алғысын білдіреді.
Ол өмірлік серігін де осы саладан кездестірген. Жолдасы Байжан Дәуітов те аудандық полиция бөлімінде жұмыс істейді. Отбасында екі ұл тәрбиелеп отырған үлгілі жанұялардың бірі.
Меруерт өз саласының майталманы болуымен қатар, келіндік, аналық міндеттерін де ұмытпайды. Уақтылы балаларына көңіл бөліп, ата-енесінің көңілін тауып жүреді. Бала арманының орындалуына ата-анасы ықпал етсе, оны қолдап, көмек беріп отырған қайын жұрты. Дәуітовтар жанұясы да құқық қорғау органында нәзік жанды арудың адал қызмет етуі үшін барынша түсіністік танытып отыр.