Basty bet
Облыстағы ахуал туралы баяндады
Сәрсенбі, 8 шілде күні өңірлік коммуникациялар қызметінде Жамбыл облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың қатысуымен онлайн-брифинг өтті. Өңір басшысы коронавирус бойынша ағымдағы жағдай туралы және инфекцияның таралуын алдын алуға бағытталған шаралар туралы айтты.
– Қазіргі таңда облыста 1866 коронавирус инфекциясы тіркелген, оның 865-симптомдық және 1001-і симптомсыз. Өкінішке орай, тұрғындар инфекцияның қауіптілігін әлі де түсінбей, санитарлық талаптарды ескермеуде. Мәселен, соңғы тәуліктің өзінде 77 науқас анықталды, – деді Бердібек Сапарбаев.
Жалпы, өңірде коронавирустың үш өлімі тіркелген. 598 адам сауығып шықса, ауруханаларда пневмониямен 732 науқас емделуде.
Стационарларда 1855 төсек дайындалған. Бүгінгі таңда инфекционарлық ауруханалардағы төсек қорының жүктемесі 71 пайыз, провизорлық стационарларда 56 пайыз, карантиндік стационарда 5 пайызды құрайды. Бос төсек саны 824-ті құрайды.
Брифинг барысында Бердібек Сапарбаев көп ұзамай инфекциялық ауруханалардағы орындардың саны 665-тен 1490-ға дейін артатынын жеткізді.
Жалпы 1662 медициналық мақсаттағы бұйымдарды, пульсоксиметрлер, оттегі концентраттары және т. б.-ды сатып алу үшін республикалық бюджеттен жалпы сомасы 4,9 миллиард теңге қаражат бөлу үшін бюджеттік өтінім жіберілді.
Қазір стационарларда 148 ӨЖЖ аппараты бар. Тағы жаңа 50 ӨЖЖ аппараты келеді деп күтілуде. Облыс бойынша 10 компьютерлік томограф жұмыс істейді. Барлық инфекциялық стационарлар рентген-аппараттармен қамтамасыз етілген.
Бердібек Сапарбаев медицина қызметкерлерінің жетіспеушілігі сезіліп жатқандығын атап өтті. Қазіргі кезде коронавируспен күреске 1146 дәрігер жұмылдырылған. Қосымша 435 қызметкер тартылды десек, олардың ішінде 80 зейнеткер, 25 резидент және медициналық ЖОО түлектері.
Облыс әкімі қиын жағдайда жұмыс істеп жатқан дәрігерлердің барлығына көмек көрсетілетінін тілге тиек етті.
– Президент Қасым-Жомарт Тоқаев коронавируспен күресте және жоғары жүктеме жағдайында жұмыс істейтін дәрігерлерге қосымша қаржылық қолдау көрсетуді тапсырған болатын. Бұл орайда 2,5 мыңнан астам медицина қызметкерлері 2 млрд. теңгеден астам сомада қаржылай көмек алды. Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорынан 1800-ге жуық дәрігерді қолдау үшін 712 миллион теңге бөлінді, – деді облыс әкімі.
Бердібек Сапарбаев медициналық бетперделердің жетіспеушілігі мәселесіне де тоқталды.
– «Супер-фарм» ЖШС Жамбыл компаниясы күн сайын қала мен облыс дәріханаларына жеткізілетін 50-60 мың масканы шығаруда. Мамандардың айтуынша, шикізат жеткілікті. Дәріханаларда олардың маскалары 80 теңгеден сатылуда, – деді облыс әкімі.
– Тұрғындарды дәрі-дәрмектің жетіспеушілігі толғандыруда, сондықтан біз бұл мәселені шешудің жолын қарастырып жатырмыз. Көрші елдермен келіссөздер жүргізілуде. Жергілікті бюджеттен 700 миллион теңге бөлінді. Дәрі-дәрмек сатып алуға тағы 300 миллион теңге бөлінеді. Келесі аптада дәріхана сөрелерінде қажетті дәрі-дәрмектер түсуі тиіс, – деді Бердібек Сапарбаев.
Облыс бойынша 486 фармацевтикалық нысан жұмыс істейді. Арнайы мониторинг тобы құрылып, оның құрамына тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің қауіпсіздігі мен сапасын бақылау департаментінің, құқық қорғау органдарының, қоғамдық ұйымдар мен БАҚ өкілдері енген. Аталған топ Тараз қаласының дәріханаларында COVID-19 симптомдық ауруының емдеуге арналған препараттардың бар-жоғына және бағасына күнделікті мониторинг жүргізеді. Бұл тізімге дене қызуын түсіретін, вирусқа қарсы, бактерияға қарсы, витаминдер және т.б. препараттар кіреді.
Бүгінде өңірде ПТР тестілеу 6 зертханада жүргізіледі. Ағымдағы жылдың қаңтар айынан бастап 65 мыңға жуық тұрғын ПТР-тесттен өткен.
Бердібек Сапарбаев Таразда коронавирустың жеңіл түрімен және респираторлық аурулармен ауыратын науқастарды үйде емдеу бойынша дәрігерлердің онлайн-консультациясының іске қосылғанын айтты. Кеңес алу үшін 109 нөміріне қоңырау шалу қажет. Сондай-ақ, тұрғындар онда дәрі-дәрмек бағасының негізсіз қымбаттауына қатысты шағымдана алады.
Брифинг барысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев журналистер мен тұрғындардың сұрақтарына жауап берді.
Жамбыл облысы
әкімінің баспасөз қызметі