Basty bet

Тәрбие мен еңбекті ту етіп ұстаған

Отбасында адам бойындағы асыл қасиеттер жарқырай көрініп, қалыптасады. Отанға деген ыстық сезім жақындарына, туған-туысқандарына деген сүйіспеншіліктен басталады. Сол себепті біз отбасын Отанның бір бөлшегі ретінде қарастырамыз. Ата-ананың, басқа да отбасы мүшелерінің өмір сүру тәжірибесі, жүріс-тұрысы, өз міндеттерін таза атқару, бір-бірін құрметтеп сыйлауы – бәрі үлкен мектеп, тәрбиелік мәселе.

Мықты мемлекеттің қалыптасуы үшін әрбір үйдің, әрбір шаңырақтың береке бірлігі жарасымды, ынтымағы ырысты болуы керек. Осы ретте, жанұяның бірлігін жоғары қоятын Таубалдиевтер отбасы Күреңбел ауылында тұрады.
Ауылдағы үлгілі отбасының бірі – 1983 жылы отау құрған Нұрмолда Таубалдиев пен Шамсия Кенжетаеваның жанұясы. Отағасы Нұрмолда Алдабергенұлы саналы ғұмырын абыройлы еңбек етуге, халықпен тығыз байланыс орнатуға арнаған болса, отанасы Шамсия Махмудқызы 27 жыл ауылда пошта бөлімшесінің меңгерушісі болып жұмыс істеген.
Нұрмолда Алдабергенұлы 1956 жылы Қаратас ауылында дүниеге келген. Әкесі Алдаберген Таубалдиев өмір бойы мектепте ұстаздық етіп, ұрпақ тәрбиесіне үлесін қосқан. Ауылға сыйлы, сауатты азаматтың бірі болған. Анасы Күлпаш та үш ұл, екі қызды дүниеге әкелген ардақты ана.
Н.Таубалдиев 1982 жылы Алматы халық шаруашылығы институтын бітіріп, еңбек жолын бұрынғы «Большевик» колхозында бас бухгалтердің орынбасары болып бастайды. Одан кейін «Максим Горький» колхозында да бас бухгалтердің орынбасары ретінде жұмысын жалғастырады. 1984-1988 жылдары аудандық статистика басқармасын басқарса, 1988-1998 жылдары «Чапаев» колхозында бас экономист болып жұмыс істейді. 1998-2005 жылдары аралығында «Мөлдір» шаруа қожалығын құрып, шаруашылықпен айналысып, 2005 жылы мемлекеттік қызметке қайта оралады. 2017 жылға дейінгі соңғы бес жылда Жетітөбе, Күреңбел ауылдық округтерінің әкімі қызметін абыроймен атқарып, зейнетке шығады.
– Көпбалалы отбасында тәрбиеленіп, өстік. Ата-анамыз қарапайым еңбек адамдары болатын. Ата-анамыздың салған ізімен еңбек етіп, аяққа тұрдық. Әкем кезінде ауылдың тарихы туралы талай дүниелерді айтып отыратын. Тіпті, бір дәптерге бәрін төте жазумен түсіріп кеткен. Әлі үйде сақтаулы тұр. Өте сауатты кісі еді. Қазіргі таңда мен де осы туған өлкемнің тарихына қызығушылық танытып жүрмін. Сұрағандарға естіген аңыз-әңгімелерді айтып беремін. Себебі, туған жердің тарихын білуіміз керек. Соңғы жылдары осыған ден қойдым. Әкемнің төте жазумен жазған дәптерін де оқу жоспарда бар. Бір сөзбен айтқанда, Жуалының тарихын іздеймін.
Мәселен, округтің орталығы Күреңбел ауылының солтүстігінде орналасқан кішігірім ауыл Қаратас деп аталады. Тау етегінде орналасқан ауыл тау-тасының түсіне байланысты қойылған. Кеңес үкіметі тұсында да ауыл осылай аталған. Әлі де ол атауын жойған жоқ. Ауылда орталау мектеп жұмыс істейді. Ауыл тұрғындары егіншілікпен және мал шаруашылығымен айналысады.
Ауылдағы алты шақырымға дейін жердің аралығының барлығы мазарат. Мұны жергілікті жұрт Қаратас әулие деп атайды. Ол жерде ерекше бір тас бар. Онда бала көтермеген, қатерлі ауруға шалдыққан адамдар түбіне қона жатып, шырақ жағып кетеді. Оны талай көзімізбен көргенбіз.
Сайдың ішінде міндетті түрде су болады. Осындай сай-сайдағы сулар Теріске барып құйылады. Теріс өзені осы Қаратастан басталады.
Жетітөбеден келе жатқанда батыс жағындағы төбешікті бұрынғы ата-бабаларымыз Қарауылтөбе деп атаған екен. Қаратас ауылының атауы жазылған төбешік Күреңбел деп аталады. Атпен жүргенде Жетітөбе мен Шақан асуының арасы түстік жер дейді. Ілгеріде болса керек, Шақпақ асуынан жүрістері суыт бір топ атты асудан асып, мынау күреңденіп тұрған төбеге барып қонайық деп, осында қонады. Олар демалып, таңертең тұрса, аттары өліп жатады. Ештеңені түсінбеген аттылар мұның сырын осы жерден өтіп бара жатқан қариядан сұрағанда, қарт оларға аттары ашығып келіп, шөптің шүйгіндігін көтере алмай қалғандығын айтады. Содан бұл жер Күреңбел деп аталып кеткен. Таулы өңір жақта үш саз бар. Яғни, Ұлы Жуалы саз, Шұқыр Жуалы саз, Қоңыртөбе мен Кәріқорғанның аралығында кіші Жуалы саз бар. Бұл аталған саздар ұмытылып бара жатыр. Бұл тарих, – деп тарихтан сыр шертті.
Нұрмолда ағаның туған өлке тарихы туралы айтқан бұл әңгімесінен зейнетінің бейнетін көріп отырған азаматтың бос уақытын пайдалы іске арнайтынын аңғаруға болатындай. Туған өлкенің тарихынан сыр шертілсе, бұл өз кезегінде өскелең ұрпаққа да тәлім-тәрбие көзі болары анық.
Қазақ даналығында «Тәрбие – тал бесіктен» деген тәрбиелік сөзді тілге тиек ете отырып, ұл мен қызға бірдей тағылым тәрбие беру мәселесін айту керек. Бұл ретте, Таубалдиевтер отбасындағы бала тәрбиелеудегі басты ұстаным мейірімділікпен, қайырымдылық жасаумен, өзгеге көмек қолын созумен ұштасады. Дүниеге әкелген перзенттерінің жақсы азамат болып қалыптасып, қолынан келсе көмегін аямауға, елге жақсылық істеуге үйретеді. Болмаса көмек сұраған адамға дұрыс жол сілтеп, өтірік айтпай, кісінің ала жібін аттамай, көпшіл болуға шақырады.
-Әке ретінде балаларға қаталдаумын. Жанұяда ең бірінші ауызбіршілікті, өзара сыйластықты, ашықтықты жоғары қоямыз. Бірлікті, ынтымақты сақтаймыз. Қазақ халқында «Бақ қайда барасың? Ынтымақ орнаған жерге барамын» деген сөз бар. Яғни, кез келген істі отбасыңмен, жұбайыңмен ақылдасып, балалардың талқысына салу керек. «Келісіп пішкен тон келте болмайды» демекші, қай істі де таразылап, ақылдасып шешім шығару қажет. Бұл біздің отбасымыздың басты принциптеріне жатады. Сонда ғана жанұяда бақыт та, береке де орнайды.
Баланы жастайынан тәрбиелеуіміз керек. Баланы көпшілікпен араластырып, ортаға бейімдеуге тиіспіз. Кейде бір үйлерге барып қалсақ, дастарқан басындағы балалар тұрып кетіп қалады. Бұл дұрыс емес. Бір жағынан алып қарағанда, қонаққа деген сыйластықты білдіргені шығар. Бірақ, екі жағынан баланы келген қонақпен таныстырып, жақсы сөздермен баулу керек емес пе? Бала сонда жасқаншақ болмайды. Үлкенге қарап бой түзейді. Біз жанұямызда перзенттерімізге осыны үйреттік. Қадірлі қонақ келсе, бірге отырғызып, әңгімесін тыңдатып өсірдік. Сол жақсы ортадан жақсы тәлім-тәрбие алады деп сендік. Боламын деген балаға қолдау білдіріп, жолын байламау керек. Пікірімен санасып, ойын ашық жеткізуге үйретуіміз керек. Сонда бала тұлға болып қалыптасады, – деген Нұрмолда Алдабергенұлы ұрпақ тәрбиесіндегі пікірімен де бөлісті.
Ал, отанасы Талас ауданының тумасы. Отбасының ұйытқысы, берекесін келтіріп, ынтымағын жарастырушы. Жанұядағы бақыт пен берекенің орнауы ол аналарымызға тікелей байланысты. Шамсия Махмудқызы алғашында Жамбыл облысында межколхозстройда инженер-экономист болып жұмыс істеген. Күреңбелдік азамат Нұрмолда ағамен отау құрып, осы отбасының өміріне бейімделіп, ата-енесінің алғысына бөленген.
-Мен келін болып түскен жанұяның мүшелері жаны жайсаң жандар болатын. Атам өте жақсы кісі еді. Көзі ашық, ұстаздық ете жүріп, бізге де қамқорлық көрсетті. Атаммен жақсы тіл табысатынмын. Ал, анамызбен 19 жыл бірге тұрдық. Сабырлы, салмақты бізге ана бола білді. Ақтық сапарына дейін жанымызда болды.
Біздің қазақ халқы ұлттық салт-дәстүр мен ұлттық тағамдарға өте бай. Оның пайдасы да көл-көсір. Үйде ұлттық құндылықтарды ұстанып, тағамдарды тұтынамыз. Балаларыма да көбінесе, дүкеннен емес, қолдан жасалған тағамдарды дайындап беремін. Дастарқанымыздан ақ үзілмейді. Тары, талқан, сары май міндетті түрде қойылады. Немерелеріме ұлттық тағамдар мен сусындарды әзірлеп беремін, – дейді отанасы.
«Отбасының жемісі – тәрбиелі ұл мен қызы» демекші, Таубалдиевтердің жанұясында үш қыз, бір ұл дүниеге келіп, әрқайсысы өмірден өз орындарын тапқан. Олар қалаған мамандықтарын таңдап, білім алып, бүгінгі таңда жан-жақта еңбек етуде. Тұңғыштары Мөлдір Тараз қаласында ішкі істер органында бас есепші болып жұмыс істейді. Ал, ұлдары Аңсат денсаулық саласын таңдаған, яғни хирург. Алғашында еңбек жолын Жуалы аудандық орталық ауруханасында бастап, бірер жыл осында еңбек еткен. Бүгінгі күні ол отбасымен бірге Алматы қаласына қоныс аударып, №7 ауруханада ақ халатты абзал жандар қатарынан табылуда. Қыздары Махаббат Алматы қаласында бағдарламашы болса, кенжелері Шапағат Нұр-Сұлтан қаласындағы Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінің ағылшын және қытай тілінің мұғалімі, қазіргі таңда магистратурада оқып жатыр. Бірлікті ту еткен Таубалдиевтер отбасы ұл-қыздарынан жеті немере сүйген.

Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Таңдаулы материалдар

Close