Basty bet

Отаншылдық отбасынан басталады

Патриоттық тәрбие – ол отбасыңды, туған үйіңді, ауылыңды, мектебіңді жақсы көруден, құрметтеуден басталады.
Отбасы – адамзат бесігін тербеткен баланың бас ұстазы. Халқымызда “Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің” деген дана сөз бар. Ата-ана баласының түйсігіне қандай жол салса, бала сол бағытпен жүреді. Яғни, патриоттық тәрбие, ұлтқа қызмет ете білетін мінез де отбасында қалыптасады.

Бұл сөзімізді мақаламыздың кейіпкері №1 Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназияның алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Дәурен Қасаболатов та мақұлдайды.
– Бала кезден әкемнің әскерде қолдан жасаған фотоальбомын көріп, қызығып, мен де әскерге барамын, әскери адам боламын деп армандап өстім.
Қолымыз боста анамыз көріп отырыңдар деп әкемнің альбомын беріп қоятын. Сыртын картонмен жасап, оны қызыл қыжым матамен қаптаған. Суреттері ақ-қара түсті, анық. Әкемнің әскери формадағы түрлі суреттерін көріп қатты қызығушы едім,- дейді Дәурен Қабылбекұлы. -Мектеп бітірген соң университетке алғашқы әскери дайындық факультетіне оқуға түстім. Әскери кафедрада оқығым келген. Бірақ, кафедра жабылып қалған соң, мен әскерге баруды шештім.
Қарағандыдағы ракета әскері және артилерия әскери бөлімінде болдым. Бұл әскери бөлімге негізінен жоғары білімді және жүргізуші куәлігі бар жігіттерді алады екен. Сондықтан әскерге кештеу барсам да өзім қатарлас жігіттермен қызметтес болдым. Мен әскерде жүргізуші болып қызмет еттім. Сержант шенін алдым, бөлім командирі болдым. Келісімшартпен әскери бөлімде қалып қызмет еткім келді. Алайда ауа райының ұнамауына байланысты ауылға қайттым.
Әкем әскерде полкта танкі айдаған. Елге оралған соң жүргізуші болды. Бірнеше жыл комбайн айдап, озат комбайншы атанды. Ауыл-ауылға газ баллон тасыды. Ал, анам орыс тілі пәнінің мұғалімі болды.
Бір жолы анам ғой деп еркелеп, орыс тілінен сабақ оқымай бардым. Содан анам керісінше сабақтың үстінде бүкіл баланың көзінше маған ұрсып, қатты ұялтты. Содан анамның сабағын ерекше оқитын болдым. Анам: “үйде баласың, мектепте оқушысың” деп оқушылардан бөліп-жармай бердей талап ететін.
Әскери өмір жігітті төзімділікке, тазалыққа, жауаптылыққа, ұқыптылыққа тәрбиелейді. Қазіргі көп жастарда жауапкершілік жоқ. Сабаққа кешігіп келеді. Сабақтан кешігу, жалпы баратын жерге кешігіп бару жауапсыздықтың белгісі деп есептеймін. Оқушылардың сабақтан кешігіп жүруі бір жағы бұл мұғалімге де байланысты. Мұғалім сабақтан кешікпеуді үнемі талап етуі керек.
Мен сабағымның жартысын әңгімелесумен өткіземін. Балаларға білгенімді айтып, сұрақтарына жауап беремін. Жастардың арасындағы түрлі келеңсіздіктерді айтып, оларға сұрақ қоямын.
Алғашқы әскери дайындық сабағында балалар автоматты шашып, жинауды, атуды, қадам жасап саппен жүруді үйренеді. Қазір сабаққа қажетті құрал-жабдықтар 60-70 пайыз болса да бар. Біз оқушы кезде ағаштан жасалған автомат макетімен сабақ өтетінбіз. Автоматтың суретін ғана көруші едік. Ал, қазір балалар оны қолмен ұстап көре алады.
Мұғалім болу қызық әрі қиын мамандық. Әр баламен сөйлесе білу керек. Әр баланың тәрбиесі, психологиясы әртүрлі. Дегенмен бәріне бірдей дұрыс емес әрекеттерін айтып, түсіндіруге тиіспіз. Қателігін түсініп, кемшілігін түзеген балаларға үнемі алғысымды айтып отырамын.
Алғашқы әскери дайындық пәні 10-11 сыныптарда болады. Қазір №1 Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназияда бес 10 сынып, үш 11 сынып бар.
Өкінішке қарай, ұлдарға қарағанда қыздардың пәнге, әскерге баруға деген қызығушылығы басым. Менде бір взвод болды. Взводта 25 бала болса, соның 20-ы қыз, 5-і ғана ұлдар болған.
Әскердегі келеңсіздіктерді естіген ата-ананың да, баланың да санасына әскерге бару қауіпті деген ой сіңіп қалған сияқты. Кейбір жастар әскерге барған уақыт босқа өтеді деп ойлайды. Мен жастарды осы ойдан арылтуға мүмкіндігінше тырысамын.
“Әскерде сарбаздар не істейді?” деп сұрайды. Оларды тек ұрады, жүгіртеді деп ойлайды. Шын мәнінде әскерде көп нәрсені үйренеміз. Әскерде әскери бөлімнің бағытына қарай өз мамандықтары болады. Мәселен, жүргізуші болсаң, өзің жүргізетін әскери көліктің қыр-сыры туралы оқытады. Түрлі шаралар ұйымдастырылады. Күнделікті әскери жаттығу, жұмыс, достармен қарым-қатынас, барлығы үлкен тәрбие. Қазіргі әскердегі жағдай бұрынғыдан әлдеқайда жақсы.
Мен оқушыларды ауданымызда орналасқан әскери бөлімге алып барып, казармаға кіргізіп, әскердегі жігіттердің бір күнін көрсеткім келеді. Ол үшін рұқсат керек. Алдағы уақытта мүмкіндік болса, осындай шараларды ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз.
Жыл сайын Ауған соғысының ардагерлерімен кездесулер өткіземіз. Бұрын облыстық, республикалық жарыстар жиі өтуші еді. Елімізде карантин болғалы іс-шаралар өткізу кенжелеп қалды. Осындай шаралар жиі ұйымдастырылса, жастарға күш-жігер берер еді деп ойлаймын.
Менің ұстанымым – адам болып жүру, адамгершіліктен аттамау, намысымды нанға сатпау.
“Халыққа қызмет ету – білімнен емес, мінезден” дейді Әлихан Бөкейханов.
Жастар отаншыл, мемлекетшіл болуы үшін ең бірінші отбасындағы тәрбие дұрыс болуы керек. Отанымызды сүю, оның гүлденуіне үлес қосу – перзенттік парызымыз. Өз Отанымыз өзімізден басқа ешкімге керек емес. Сондықтан мақсатшыл, жігерлі, намысшыл жастарымыз көп болса деп тілеймін,- дейді Дәурен Қабылбекұлы.
Иә, Отан деген ұлы ұғым. Әрбір отбасында ұлттық тәрбие, отаншылдық, патриоттық тәрбие мықты болса, Отанға береріміз де көп болмақ.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close