Basty bet
Білім беру мекемелеріндегі жағдай бақылауда
Аудан әкімдігінің білім бөлімінің ұйымдастыруымен №1 мектеп-гимназияда «Білім беру мекемелерінде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және болдырмау» тақырыбында дөңгелек үстел болды. Оған аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Мәжит Айжанов, бөлім мамандары мен бөлімге қарасты білім беру мекемелерінің бірінші басшылары мен БАҚ өкілдері қатысты.
Жиын барысында білім саласындағы сыбайлас жемқорлыққа қарсы өткізілген шаралар туралы мәлімет беріліп, білім саласындағы сыбайлас жемқорлықтың алдын алу, заманауи жағдайларда білім саласында сыбайлас жемқорлыққа қарсы сауаттандыру мәселелері талқыланды.
Басқосуды аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Мәжит Мамытұлы ашып, аталған бағытта бөлім тарапынан атқарылған жұмыстарды баяндады. Оның айтуына қарағанда, білім беру саласында Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының іске асыруға арналған іс-шаралар жоспары жасалынған. Жоспарда нақты белгіленген шаралардың орындалу мерзімдері мен жауапты қызметкерлер бекітілген.
Бөлім мен білім мекеме ғимараттарында сыбайлас жемқорлық фактілер туралы 1494 сенім телефонына хабарласу туралы ақпараттық парақшасы ілінген. Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес және қызмет этикасын сақтау жөніндегі комиссия құрылып, сенім телефондары мен арнайы жәшіктер қойылып, оның жұмыс істеуі үздіксіз бақылануда. Бөлімде сенім телефон қойылған, бүгінгі күнге түскен шағым жоқ. Салалық бағдарламаға жүргізілген мониторинг туралы жедел есептілік тоқсан сайын өткізілуде.
Білім бөлімінде арнайы құрылған комиссия отырыстарында тоқсанына бір мәрте мекеме басшыларының есебі үнемі тындалуда. Бұл мәселе үнемі аудан әкімдігінің де комиссия отырыстарында қаралып, шешімдері шығарылуда.
Білім бөлімі тарапынан Қазақстан Республикасының 2015 жылғы 18 қарашадағы «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңы мен Қазақстан Республикасының 2015-2025 жылдарға арналған сыбайлас жемқорлыққа қарсы стратегиясының іске асыруға арналған іс-шара жоспарларының маңыздылығын ескере отырып, қатаң түрде басшылыққа алып орындау талап етілуде. Аталған жоспарлардың талаптарын орындау мақсатында жауапты қызметкерлердің жауапкершілігін арттыру жөніндегі шаралар қабылданып, үнемі құқықтық оқытулар өткізілуде, мемлекеттік сатып алу туралы шарт аясындағы міндеттерді мерзімінде орындамау деректері орын алуға жағдайлар туралы өнім берушілерді мемлекеттік сатып алуға жосықсыз қатысушылар деп тану туралы, мемлекеттік сатып алу туралы күшіне енген келісім шарттарды заңсыз деп тану туралы, тұрақсыздық айыппұлын өндіріп алу туралы сот органдарына жүгінулер бойынша қабылданған шаралар туралы тоқсан сайын есеп беру қамтамасыз етілуде. Есепті мерзімде тауар жеткізуші «Рамазан» ЖК-ін Жамбыл облысының мамандандырылған экономикалық сотына жосықсыз қатысушы деп тану, айыппұл өндіру туралы талап арызы жолданды.
Бөлім басшысы мекеме жанындағы сыбайлас жемқорлықпен күрес жөніндегі комиссияның отырысы жүйелі түрде өткізілетінін, «мүлдем төзбеушілік» қағидасын қамтамасыз ету жөніндегі жоспарды жүзеге асыру жұмыстары жалғастырылу үстінде екенін, мектепке дейінгі балалар мекемелеріне жолдама беру заң аясында жүргізіліп жатқанын атап көрсетті. Сонымен қатар мемлекеттік бағдарламалардың орындалуы қамтамасыз етілуде және олар бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілуде.
Бөлімде «Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы» Заңның сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыру жөніндегі іс-қимыл туралы» 14-бабының 1 тармағына сәйкес, жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдар, мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдар және мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға берілген теңестірілген адамдар, лауазымды адамдар өздерінің жақын туыстары және (немесе) жұбайы (зайыбы), сондай-ақ жекжаттары атқаратын лауазымдар туралы мәлімет жинақталған.
Мектеп басшылары мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген және мемлекеттік функцияларды орындауға уәкілеттік берілген адамдарға теңестірілген адам болғандықтан, Заңның 12-бабының 1 тармағының 2 тармақшасына сәйкес «Жақын туыстарының, жұбайлары (зайыптары) мен жекжаттарының бірге қызмет (жұмыс) істеуге жол бермеу бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы шектеулерді қабылдайды және осы Заңның 14 бабына сәйкес лауазымды адамдар өздерінің жақын туыстары және жұбайы сондай-ақ жекжаттары атқаратын лауазымдарға тікелей бағынысты лауазымдарды атқара алмайды деп көрсетілуіне байланысты, осы баптың 1-тармағының талаптары бұзылған жағдайда, яғни мұндай дерек анықталған кезден бастап үш ай ішінде оны ерікті түрде жою қажет екендігі ескертіледі. Бүгінгі күні Амангелді атындағы орта мектеп директорының орынбасары құдасы мен №4 өнер мектебінің директорының құдағыйы жұмыс атқаруда. Аталған мектеп басшыларына заң аясында жұмыс атқару туралы ескертпе хаттар берілді.
Боралдай ауылдық округіне қарасты «Самал» балабақшасының меңгерушісінің міндетін атқарушысы Н.Дүйсекеева және мекеменің бас есепшісі К.Мамырбекова 2017, 2018 жылдары өздеріне сеніп тапсырылған бөтен мүлікті ірі мөлшерде жымқырғаны анықталған. Бүгінгі күні сот процесі жүріп жатыр.
Қазақстан Республикасының «Мемлекеттік қызмет туралы» Заңының 50-бабы 1 тармағы 17) тармақшасының талабына сәйкес, мемлекеттік қызметшілер өздерінің мемлекеттік немесе соған теңестірілген функцияларын атқаруға байланысты қызмет бабында өздеріне тәуелді мемлекеттік қызметшілерден және өзге адамдардан жалпы қамқорлығы немесе қызмет бабында бетімен кетушілік үшін сыйлықтарды немесе көрсетілетін қызметтерді қабылдауы мемлекеттік қызметке кір келтіретін тәртіптік теріс қылықтар болып танылатындығы туралы және сыйлықтарды сатудан түскен ақшаны арнаулы мемлекеттік қор республикалық бюджетке аудару қажеттілігі ескертілді.
– Бүгін бізге мемлекет тарапынан балаларымыздың бойында ерте жастан жемқорлыққа төзбеушілікті қалыптастыруды жүктеліп отыр. Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің 2016 жылдың 29 қыркүйегіндегі №4-11-4-1/5373-И хаты мен облыстық білім басқармасының 2016 жылдың 24 қазандағы №03-3843 хатына сәйкес рухани-адамгершілік және азаматтық-патриоттық тәрбиелеу мәнмәтінінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті мектеп ортасында қалыптастыру бағдарламасын орындау мақсатында бөлімге қарасты білім мекемелерінде сыбайлас жемқорлыққа төзбеушілікті көрсететін құндылықтар жүйесін сақтауға және нығайтуға, соның ішінде мектеп оқушыларының заң талаптарын сақтауға ынтасын қалыптастыруға, білім және мәдени деңгейін арттыруға үстіміздегі жылдың басынан 30 орта, үш негізгі мектепте 5-11 сынып оқушылары арасынан «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарымен шығарма байқауы, театрлық қойылым, «Жемқорлық құқық бұзушылықтардың картасы» жобалар байқауы, «Транспарентті және есеп беретін мемлекет» бейнероликтер байқауы өткізілді. Өскелең ұрпақ бойында мемлекеттік қызметке қызығушылықты арттыру, сонымен бірге белсенді және бәсекеге қабілетті азаматтық ұстанымы бар жастарды тәрбиелеу мақсатында аудан әкімі Нарбай Ергебеков «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтарының мүшелерін қабылдап, кездесу өткізді, – деді бөлім басшысы сөзінде.
Қазақстан Республикасының Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тікелей бастамасымен «Адал ұрпақ» ерікті мектеп клубтары мен «Саналы ұрпақ» жобалық кеңселері аясында «1 қыркүйек – білім күні» мерекесіне орай 2 қыркүйек күні 30 жалпы орта, үш негізгі мектепте бірыңғай «Адалдық сағаты» өткізілген. Сонымен қатар мектеп оқушыларын, отансүйгіштікке, адамның құқықтарына, бостандықтарына және міндеттеріне құрметті, адамгершілік сезімдер мен этикалық сананы, сыбайлас жемқорлыққа төзбеу мәдениетін, еңбексүйгіштікке, оқуға, еңбекке, өмірге жасампаздықпен қарауға тәрбиелеу мақсатында білім беру ұйымдарында «Парасатты азамат» бұрыштары жасақталып, үнемі жаңартылуда.
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен азаматтардың бойында әділдік және адалдық құндылықтарын тәрбиелеу мақсатында еліміздің әр өңірлерінің білім беру ұйымдарында «Integrity Shop» (адалдық дүкені) жобасы жүзеге асырылуда. Нәтижесінде, ауданымыздағы барлық 30 орта білім беру ұйымында аталған адалдық дүкендері ашылып, жұмыстар жүргізілуде.
Бөлімге қарасты мекемелерде сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастырудың медиа-жоспарына сәйкес сәуір айында құзырлы мекемелердің қызметкерлерінің қатысуымен білім мекемелері басшыларымен «Жемқорлықсыз жаңа қоғамға бастаймыз» тақырыбында дөңгелек үстел өткізілген.
Бөлім тарапынан «Жамбыл – адалдық алаңы» жобасының 2019 жылғы іс-шаралар жоспары сәйкес бөлім басшысы мен білім мекеме басшылары сыбайлас жемқорлықтың алдын алу үшін жеке жауапкершілік туралы құжатқа қол қойды.
– Бөлімге қарасты білім мекеме басшылары арасында өткен жылы және үстіміздегі жылы сыбайлас жемқорлық сипатындағы заң бұзушылық орын алмаған. Бөлім тарапынан үнемі білім мекемелерінде ақша жинауға қатаң тыйым салынатындығы туралы, сыбайлас жемқорлық фактілерінің алдын алу жөніндегі жұмыстарды пәрменді жүргізу, білім беру ұйымдарының басшыларына бақылауды күшейту жөнінде үздіксіз хаттар жіберілуде. Сонымен қатар, әр түрлі мерекелерге байланысты іс-шараларды ұйымдастыру үшін ата-аналардан ақша жинауға, мектеп басшылары мен педагогтарға сыйлықтар қабылдауына үзілді-кесілді тыйым салынатындығы мен мектеп оқушылары арасында іс-шараларды ұйымдастыруға демеушілерді тарту жұмыстарын жандандыру қажеттілігі ерекше ескертілген. Бұл бағытта жұмыстар жалғасын табады, – деп көрсетті бөлім басшысы.
Мәжит Мамытұлы осы ретте таяуда өткен бір жиында бір топ ата-ананың №1 мектеп-гимназияда соңғы 2-3 жылда оқушылар тарапынан мұғалімдерге сыйлық жасау немесе ата-аналардан ақша жинау фактісі орын алмағаны туралы жақсы лебіздерін естіп, оны ризашылықпен қабылдағанын айта келе, білім мекемесінің басшысы Элмира Әбішеваға алғысын білдірді.
Басқосуда әрі қарай №29 орта мектептің директоры Мұхамеджан Бейшенов пен №21 Д.Пахомов атындағы орта мектептің директоры Нұржан Құрмашевтің өздері басқарып отырған мекемелерде сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстары туралы баяндамалары тыңдалды.
Жиын соңында тиісті қаулы қабылданды.
Абылайхан СӘРСЕН.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»