Basty bet

Оқырманға арнау сөз

15 сәуірден бастап елімізде газет-журналдарға жылдың ІІ жартыжылдығына жазылу науқаны басталды.
Науқанды ойдағыдай жүргізу карантин кезінде оңай болмайтыны анық. Дегенмен, газет-журналға үй-үйге газет таратушы пошта қызметкерлері ауыл-ауылдағы пошта бөлімшелері арқылы жазылуға болады. Пандемиядан қорғану мақсатындағы әлеуметтік оқшаулану – уақытша құбылыс, өтпелі кезең.
Қазіргі уақыт – секунд сайын жаңарған ақпарат заманы. Жалған деректің, шындыққа жанаспайтын қауесеттердің де тез тарап, халықты адастырып жатқанын да көріп жүрміз.
Сағат сайын өзгерген уақыт барлық саланың алдына жаңа міндеттер мен тың талаптар қоюда.
Әрине, әлеуметтік желінің де өз пайдасы бар. Қазір салған ақпаратың көзді ашып-жұмғанша халыққа жетеді. Халықты тез ақпараттандыру жағынан оның орны бөлек. Оған газет кейде ілесе алмайды. Себебі, желі арқылы жылдам тараған ақпарат газет шығам дегенше, кейде тіпті сәлден кейін-ақ жарамсыз болып қалатын сәттер де болады. Әлеуметтік желінің заман талабына сай басқа мүмкіндіктері де көп. Бірақ, әлеуметтік желі газет-журналдың орнын алмастыра алмайтыны анық.
Халықты қажетті әрі сапалы ақпаратпен дер кезінде қамтамасыз ету – газеттің де басты міндеттерінің бірі. Алайда газет көбінде халықтың көкейіндегіні сараптап, жан-жақты талдап, тереңірек түсіндіреді. Әрбір жаңалықтың халыққа пайдалы тұсы қайсы, зияны қайсы екенін және оқырманға рухани азық болатын дүниені ұсынуға барын салады. «Газеттің өзі бір күндік болғанымен, сөзі мың күндік» деген сөз содан қалған.
Әр газеттің өз оқырманы бар. «Жаңа өмір» газетінің оқырмандарын зерттесек, көбі үлкен кісілер. Редакцияға хабарласып, өз ой-пікір, ұсыныстарымен бөлісіп жататындар көбінде ауыл-ауылдағы ата-апаларымыз. Тіпті, әр нөмірімізді күтіп жүріп оқитын оқырмандарымыз да бар. Әрине, аудандық газет болғандықтан газет барлық сауаты бар жастағы және барлық санаттағы оқырманға арналғандықтан барлығының сұранысын қамтуға тырысады.
Ал, «аудандық газет, жалпы газет оқылады ма?» деген сауалға келсек, газет оқу ол әр адамның рухани деңгейіне, ішкі сұранысына байланысты. Мәселен, дамыған мемлекеттер, оның ішінде интернет желісі дамыған Жапон елі, Америка Құрама Штаттарында халықтың әлеуметтік желіден гөрі газет-журналға деген сұранысы жоғары екен. Бұл дегеніміз – газет-журналдың жалпы, қай елде болсын қоғамдағы орны мен рөлінің жоғары екенін көрсетеді.
Газеттің қай қоғамда да болмасын оның мақсаты – елдік, ұлттық мүдде. Ол – ұлттық салт-дәстүр, әдет-ғұрпымызды, өнерімізді, тіліміз бен ділімізді, мәдениетімізді насихаттау. Үлгі боларлық азаматтарымызды, еңбек адамдарын, отбасыларын насихаттау арқылы Отанның тыныштығы, елдің амандығы, ынтымақ-бірлігі, жас ұрпақтың тәрбиесі, жастарды отансүйгіштікке, имандылыққа, адами қасиеттерге, мақсаткерлікке, жаңашылдыққа, еңбекқорлыққа шақыру. Газеттің әрбір нөмірін жоспарлағанда басты мақсат осы. Яғни, елдегі жаңалықтарды қамти отырып, мүмкіндігінше «қарлығаштың қанатымен су сепкендей» оқырманның рухани өсуіне тамшыдай болса да үлес қосу.
Ұлттың, еліміздің болашағы үшін бәріміз жауаптымыз. Сондықтан, мінберлеріңіз – газетті пайдалана отырып, өз ой-пікірлеріңізбен, ұсыныстарыңызбен, еңбектеріңізбен бөлісуге мүмкіндіктеріңіз бар.
Аудандық «Жаңа өмір» газеті – аудан тұрғындарының төл басылымы. Оның көреюіне тек газет ұжымы ғана емес, барша жуалылықтар жауапты деп ойлаймын. Әсіресе, зиялы қауым. Әрине, басты жауапкершілік жүгі редакцияда қызмет ететін қаламгерлерге артылады. Осы тұрғыда жалпы бұқаралық ақпарат құралдарын, оның ішінде аудандық газетті ұдайы қолдап, қуаттап келе жатқан Үкімет басшылары мен жергілікті жердегі басшыларымызға, рухани демеу беріп келе жатқан көзі қарақты тұрақты оқырмандарымызға айтар алғысымыз шексіз.
Сонымен бірге, барша зиялы қауымды газетте ескерілмей жатқан мәселелер болса, оны да айтып, бірге атқаруға шақырамыз.
Биылғы жыл еліміз үшін ерекше жыл. Яғни ұлы ақын, ойшыл Абай атамыздың 175 жылдығы, «Әлемнің екінші ұстазы» атанған бабамыз әл-Фарабидың 1150 жылдығы, Ұлы Жеңістің 75 жылдығы, Қазақстан халқы Ассамблеясының 25 жылдығы, ҚР Конституциясының 25 жылдығы. Бұл айтулы мерекелердің барлығы халықтың рухани өсуіне үлкен септігін тигізері анық.
Сонымен қатар, елімізде енгізілген Төтенше жағдайдың өзі халыққа ұмыт болып бара жатқан көптеген құндылықтарымызды еске алып, жалғастыруды ескерткендей болды. Құндылықтар қайта таразыға түсті? Әрбір отбасын, халықты ауызбіршілікке, сабырлыққа, төзімділікке, уақытты тиімді пайдалануға, тағысын тағы жақсы қасиеттерге шақырды.
Уақытты тиімді пайдалана білуде кітап, газет-журнал оқу да пайдалы істің бірі. Газет-журнал, кітап оқу адамның ой-өрісін кеңейтеді, сауатты оқу, сауатты жазуға үйретеді, тіл байлығын дамытады. Кітап, газет-журнал оқыған бала мен оқымайтын баланың айырмашылығы жер мен көктей. Сондықтан газет-журналға жазылу науқанына ерекше назар аудару керек. Әрбір отбасы газет-журналға жазылып қана қоймай, оның оқылуына да мән беруі қажет.
«Біз газет-журналға жазылу керек болған соң жазыламыз, бірақ оқымаймыз, әйтеуір келіп жатады» деген пікірлерді де естіп жатамыз. Бұл әрине, дұрыс емес. Неге олар телефонға, түрлі сериалдарға, тағы да басқа ойын-сауыққа бөлген уақытын өзінің рухани азық алуына, пайдалы нәрсеге бөлмейді?!
Мен өз басым бала кезден кітап оқуға, газет-журнал оқуға қатты қызықтым. Ата-анам таңның атысы күннің батысы ауылдың бітпейтін жұмысымен жүреді. Сонда да түрлі газеттерге жазылып, қолдары сәл қалт етсе, газет оқитын. Сол үйге келген газеттерді мен де оқи жүріп, газет-журнал оқуға, кітап оқуға деген қызығушылығым басталды. Жазу өнеріне деген талабым қалыптасты. Жалпы, біздің, бізден бұрынырақтағылардың бала кезінде ата-аналарымыз кітапты, газет-журналды көп оқитын. Ал, қазіргі жас отбасыларда бұл жақсы үрдіс көп байқалмайды. Сондықтан өзіміз үшін ғана емес, балаларымыздың келешегі үшін газет-журналға жазылуға қаражат жұмсаудан қиналмауымыз керек. Оның жыл бойына Сіздің отбасыңызға әкелер рухани қуанышы қаншама?! Оны тек бағалай білген, сөз қадіріне жете білгендер ғана түсінеді.
Ұлттық рухымызды көтергіміз келсе, газет-журналдарымызға жазылып, оқиық, жас ұрпаққа үлгі болайық және газет-журналдарымыз – мінберімізді пайдаланып, жас ұрпақтың рухани кемелденуіне үлес қосайық.
Ауданымыздың тұрғындары үшін мерзімді басылымдардың ішінде аудандық басылымның орны бөлек. Себебі, ол ауданның тыныс-тіршілігімен таныстыра отырып, рухани азық боларлық дүниелерді сыйлайды. Сондықтан мүмкіндігінше әрбір отбасы бір төл басылымына жазылса, құба құп болар еді.
Жылдың І жартыжылдығында аудандық «Жаңа өмір» газеті 3087 данамен жарық көрді. Осы орайда жазылым науқанына атсалысқан барша жандарға, оқырмандарымызға алғысымызды білдіре отырып, оқырмандарымызды жылдың ІІ жартыжылдығына жазылуға шақырамыз!

Перизат Шымыртайқызы,
аудандық «Жаңа өмір» қоғамдық-саяси газетінің Бас редакторы

Таңдаулы материалдар

Close