Basty bet

Ауыл-аймақтың тазалығына тұрғындар да жауапты

Мемлекет басшысының тапсырмасымен 11 сәуір күні «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы басталған болатын. Бес аптаға созылған акцияда әр аптаның өзіндік тақырыбы мен нақты мақсаты бар.
Республикалық «Таза Қазақстан» акциясы басталғалы бері ауданға қарасты ауылдық округтерде күнделікті сенбілік өтуде. Ауа райы қалыпқа келіп, күн көзі көрінген сәттен-ақ ауыл жұртшылығы жаппай экологиялық акцияға үлес қосуда.

«Тазалық – табалдырықтан басталады» демекші, қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті. Тазалық жұмыстарына Ақсай ауылдық округі әкімдігінің қызметкерлері мен ауыл тұрғындары ерекше белсенділік танытуда.
Өткен жұмада күні Ақсай және Мыңбұлақ ауылдық округтеріне барып, акция аясында атқарылып жатқан жұмыстарды өз көзімізбен көріп қайтқан болатынбыз.
Жұмыс барысы туралы Ақсай ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Қанатбек Жексенбаев айтып берді.
-Ауылдық округтің жер көлемі 34817 шақырым, ауылдық округке екі ауыл кіреді. Қайрат пен Диқан ауылдары. Қайрат ауылында 13 көше, Диқанда 3 көше бар. Ауылдық округте сенбілік наурыз айынан басталды. Жақында «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы басталғалы бері бізде күн де сенбілік. Сенбілік жұмыстарына 260 адам тартылды. Оның ішінде, әкімшілік аппаратының қызметкерлері, ауыл тұрғындары және ақылы қоғамдық жұмысшылар бар. Тазалықты әкімшіліктің айналасынан бастап, әрі қарай әлеуметтік нысандардың аумағында, Бауыржан Момышұлы атындағы саябақта, сай-салаларда жүргізілді. Өткен жылға қарағанда, биылғы сенбілікке ауыл тұрғындары белсене атсалысуда. Өйткені әр тұрғын өзінің ауласы мен ауылының таза болғанын қалайды.
Ауыл тұрғындарының көмегімен 1000-нан аса ағаш бұталды. Демеушілердің есебінен аққайың, декоративті ағаш және қылқан жапырақты ағаш көшеттері отырғызылды.
Бауыржан Момышұлы атындағы саябақтың аумағына 1300 терек отырғызылып, қоршалды.
Ауыл тұрғындарымен тазалықты сақтау туралы түсіндіру жұмыстары жүйелі жүргізіледі.
Өткен жылы ауыл әкімдігі тарапынан тұрғындарға 12 ескерту беріліп, үш азаматқа айыппұл салынды. Биыл учаскелік полиция инспекторы тұрғындарға 33 ескерту және 12 айыппұл салды.
Бізде ең үлкен сенбілік Диқан ауылының батыс жағында орналасқан тұрмыстық қатты қалдықтар полигонында болып жатыр. Өздеріңіз білетіндей, ол жерге Бауыржан Момышұлы ауылынан жиналған қоқыстар да төгіледі. Төгілген қоқыстар жел болған кезде Диқан ауылына дейін ұшады.
Осы тұрмыстық қатты қалдықтар полигоны қазіргі таңда үлкен мәселе болып отыр. Өйткені, ауыл тұрғындары жинауындай жинайды, жинағанмен пайда болмай отыр,- дейді ауыл әкімі аппаратының бас маманы.
«Жуалы-Су» мекемесіне қарасты су ұңғымасының ауласына отырғызылған шырша көшеттерін де көріп қайттық. Алматы облысы Кеген ауданынан әкелінген 1000 түп шыршаның 800 түбі көгеріп, өнген. Бұл жақсы көрсеткіш. Күтімі дұрыс болса екі-үш жылдың ішінде шыршалар жайнап шығады.
* * *
“Таза Қазақстан” республикалық акциясы аясында Мыңбұлақ ауылдық округінде “Таза Қазақстан – таза аймақ” экологиялық науқаны аса ұйымшылдықпен өтуде.
Біз ауылдық округке барғанда ауыл тұрғындары, әкім аппаратының қызметкерлері және қоғамдық жұмысшылар “Киелі мекен” апталығы негізінде ауылдағы «Момыш бұлағының» айналасын қоқыстан тазартып, сол жерге терек көшеттерін отырғызыпты. Әрі қарай жұмысшылар Талапты ауылындағы көшелерді, сай-салаларды қоқыстан тазартуда.
-Қазіргі таңда ауылда қураған ағаштарды кесу жұмыстары жүріп жатыр. Ол жерде бес қоғамдық жұмысшы жұмыс істеуде. Сенбілік болған күні жұмысшылар екі топқа бөлінеміз. Біріміз Көлбастау ауылының сай-салаларын тазаласақ, екіншіміз Талапты ауылын тазалаймыз.
Бүгінгі таңда демеушілердің есебінен декоративті ағаштар, жеміс ағаштары, терек, қараағаш көшеттері отырғызылды. Тал-дарақтарды әктеу жұмысын алдағы аптаға жоспарлап отырмыз. Жалпы қазіргі таңда сенбілікке 80-дей адам тартылды. Олар “Ауласы тазаның – ауасы таза!” деген қағидатты ұстанып, сенбілікке барлығы біркісідей атсалысуда,- дейді ауылдық округі әкімі аппаратының бас маманы Дәурен Қойшуақов.
“Тазалық – сыпырған жерде емес, сақтаған жерде”.
Әр ауланың, ауылдың тазалығы – тұрғындардың саулығы үшін маңызды. Әрі ауылдағы тазалық – тұрғындар мәдениетінің белгісі.
Екі ауылдық округті аралау барысында сай-салаларда әлі де қоқыстардың шашылып жатқанын байқадық. Қанша айтқанмен, тазаланғанменен адамда жауапкершілік, жанашырлық қасиет болмаса, еткен еңбекте нәтиже болуы қиын.
Әкімдік мамандары Қайрат ауылындағы Бауыржан Момышұлы атындағы саябаққа келген ауыл жастары өздерінің артында қалған қоқыстарын шашып кеткендері аздай, қарауылға арналған орынның әйнектерін қиратып, киіз үйдің жан-жағын шашып кететінін айтады. Жастардың бұл әрекеті – әр отбасында табиғатты аялау, қоғам мүлкін күтіп ұстау, тәртіпке мойынсыну мәселесіне айрықша мән беру қажеттігін білдіреді.

Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close