Basty bet
Екі ауылдық округтегі ахуалға қанықты
Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың 2022 жылғы 03 наурыздағы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» №826 Жарлығының негізінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың, астананың әкімдерімен қатар, аудан әкімдері әр ауылда, кентте, ауылдық округте, аудандық маңызы бар қалада тоқсан сайын кемінде бір көшпелі кездесу, ал ауыл әкімдері айына бір рет жергілікті халықпен кездесу өткізуге міндетті.
Жергілікті деңгейдегі әкімдер ендігі кезекте халықпен жиі-жиі кездесіп, олардың мұң-мұқтажымен және ауылдардағы қордаланған проблемаларды шешуге ықпал жасауға міндеттенеді. Мұндай кездесулер әрине, жергілікті халықтың арасындағы әлеуметтік, басқа да көкейде жүрген проблемалардың оң шешілуіне әрі оның уақтылы орындалуына жол ашатыны сөзсіз.
Жергілікті тұрғындармен кездесу кестесіне сәйкес, кеше аудан әкімі Жалғас Мұртаза және аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков ауданға қарасты Нұрлыкент және Билікөл ауылдық округтерінде болып, жергілікті тұрғындармен кездесті. Ж.Мұртаза Нұрлыкент ауылында болғанда, ауылдық округ әкімшілігінің аппаратында тұрғындарды жеке сұрақтармен қабылдады.
Аудан басшысының қабылдауында болған жеке кәсіпкер, шағын шаштараздың иесі Гүлзира Өтенова өзінің атқарып жатқан жұмыстарын айта келе, жұмыс барысына электр жарығының күндізгі уақытта жиі сөнуі кедергі келтіріп отырғанын айтып, осы мәселені бір жүйеге келтіруге көмек сұрады.
Г.Өтенованың жеке кәсіпкерлігі Нұрлыкент ауылының басты көшесі саналатын Е.Байғазиев көшесінде орналасқан. Ауылдық округтің әкімі Нұржігіт Бөлекбаевтың айтуынша, ауылдағы электр бағаналары 80-90 пайызға тозған. Бағаналар ауыстыруды қажет етіп отыр. Аудан әкімі Ж.Мұртаза аудандық электр желілерін тарату мекемесінің басшысы Рабат Сәрсеновке аталған мәселені терең зерделеп, бағана ауыстыру мәселесін инвестициялық бағдарлама арқылы шешуге болатынын айтып, оны келер жылдан қалдырмай іске асырудың қажеттілігін атап өтті.
Одан кейін қабылдауда болған ауыл тұрғындары – Қаршыға Сейілханова және Қаракөз Қарауыл және тағы бір азаматша тұрақты жұмысқа орналасуға көмек сұрады. Өтініш иелерінің барлығына да тиісті бөлімнің басшылары нақты жауап берді. Ал Бақтыгүл Гүлімбетова заңгерлік көмек сұрайтынын жеткізді. Оған да тиісті жауап берілді.
* * *
Аудан әкімі Жалғас Мұртаза күн сәскеге ауған мезгілде Билікөл ауылдық округінің орталығы Қарабастау ауылында болып, сонда ауыл ақсақалдарымен кездесіп, аймақтың тыныс-тіршілігіне және онда туындап отырған проблемаларға жіті назар аударды.
Ауылдың орталығындағы Мірәз ата мешітінің ауласында болған тұрғындармен кездесу барысында өңір басшысы Ж.Мұртаза алдымен қариялардан ауыл-аймақтың амандығына қанығып, олардың өтініштеріне құлақ қойды. Ауылдың тыныс-тіршілігі туралы ауылдық округтің ардагерлер кеңесінің төрағасы Еңсебек Абсалямов айтып беріп, көмір бағасының қымбат болуы ауыл тұрғындарына қиындау болып тұрғанын жеткізді. Ал, ауылдағы сөзі арзымды әрі белсенді қарияның бірі Мәдіхан Рахманқұлов өз сөзінде, округтің тұрғындары табиғи газ құбырының тартылуын асыға күтіп жүргенін жеткізіп, Талас ауданына қарасты Тамды ауылының маңында салынып жатқан «Билікөл» газ тарату стансасы (АГРС) құрылысының қашан аяқталып, ауылда газ алауының қашан тұтанатынын сұрады.
Кездесуде одан бөлек, Қарабастау ауылындағы №3 Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектептің трансформаторын жөндеу, М.Таржанов көшесін жарықтандыру және Әбдіқадыр ауылының ауылішілік көшелерін жөндеуге жобалық-сметалық құжат дайындау, Қарабастау ауылына кіреберістегі автомобиль жолының шұңқырларына жөндеу жүргізу, т.б. мәселелер көтеріліп, ауыл әкімшілігінің және аудан басшылығының тарапынан назарға алынды.
Ауыл тұрғындарымен болған кездесуден кейін аудан әкімі Жалғас Мұртаза №3 Қ.Қошмамбетов атындағы орта мектептің оқу кабинеттерін аралып көріп, сабақ өтіліп жатқан кабинеттерге де бас сұғып, оқушылардың сабақ үлгерімімен танысты.
Нұржан Манасұлы