Basty bet

«Еңбек түбі – береке»

зейнетке шықса да еңбектен қол үзбеген Ұлғая апайдың тірлігі көпке үлгі

Жалпы қай заманда, мейлі қай қоғамда болсын адамзаттың еңбексіз күні жоқ. Мұны дәлелдеп жатудың өзі артық болар. Дана халқымыз осындайда: «Ел қадірін ел баққан ерлер білер, зер қадірін зер соққан зергер білер» дегенді бекер айтпаса керек-ті. Еңбектің де қадірін еңбек еткен адам ғана түсінбек.

Еңбекпен мерейі өскен отбасыларды біздің ауданнан да көптеп кездестіруге болады. Шақпақата ауылының байырғы тұрғындары, ерлі-зайыпты Махамбет Сарымсақов пен Ұлғая Тастанбекованы да осындай еңбекқор отбасылардың қатарына жатқызуға болады. Отағасы Махамбет аға ұзақ жылдар бойы ұстаздық етіп, зейнеткерлікке шықса, отанасы Ұлғая апай кеңестік кезеңде сауда саласында, оның ішінде аудандық тұтынушылар одағына қарасты сауда орындарында 40 жылдай жұмыс істеген екен. Сауда-саттықтың қыр-сырын бес саусағындай жақсы білетін Ұлғая Тастанбекова зейнетке шыққаннан кейін де үйде қол қусырып қарап отырмай, жеке кәсіпкерлікпен айналысуда.
Ұлғая апай Бақалы ауылының тумасы. Мектеп бітірген соң медицина қызметкері болуды армандаған бойжеткеннің Медициналық институтқа оқуға түсем деген арманы орындалмады. Ол тұста бұрынғы Жамбыл қаласында дүкенші, есепші, кулинарлар дайындайтын кооперативтік училище болатын. Бойжеткен Ұлғая аталған училищеге оқуға түсіп, одан дүкенші мамандығын алып шығады. Содан кейін ең алғаш 1969-70 жылдар аралығында қазіргі Түктібай ауылында дүкенші болып жұмыс істейді.
-Мен жұмыс істеген Түктібай ауылындағы дүкен аралас дүкен болатын. Онда шаруашылық тауарларымен қатар киім-кешек, азық-түлік өнімдері аралас сатылатын. Осы жерде екі жылдай жұмыс істеп, тәжірибе жинақтадым. Жамбылдағы кооперативтік училищеде оқып жүргенде білікті оқытушылардан шот қағуды, дайын өнімдерді орап салатын қағаз қалталарды дайындауды, дүкеншінің тағы басқа міндеттерін, жұмыс барысында қандай мәселелерге мән беру қажеттігін үйреніп шықтым. Қалғанын күнделікті жұмыс барысында үйреніп алдым. Содан 1970 жылы Шақпақата ауылының азаматы Махамбет Сарымсақовқа тұрмысқа шықтым. Ол тұста Шақпақата ауылында аудандық тұтынушылар одағына қарасты үлкен-үлкен дүкендер жұмыс істейтін. Мен осындағы «Әмбебап» дүкенде, шаруашылық заттары дүкенінде, сонымен қатар, «Гастрономда» дүкенші-сатушы болдым.
Сауданың да өзіне тән қиыншылықтары мен қызықтары бар. Еңбек жолымыздың көп бөлігі Кеңес одағы тұсында өтті. Ол тұста қандай тауар болсын, ең алдымен сапаға мән берілетін. Онда қазіргідей қолданыстағы целлофан, клеенка қалталар, пластикалық бөтелкелер болмайтын. Сусындар шыныдан жасалған құтыларға құйылатын. Бұл экологиялық жағынан өте қауіпсіз. Зат болсын, азық-түлік өнімдері болсын, қағазға оралып сатылатын. Дүкенші ең алдымен қағаз рулондарды дұрыстап кесіп, орап үйренуі қажет. Мысалы, қағаз қалтаға құмшекер салып, қалтаны орап лақтырған кезде ішіндегі өнім шашылып кетпеуі қажет. Кейіннен зауыттар қағаздан қалта жасап, дүкендерді қамтамасыз ететін болды. Тәжірибе барысында бәрін үйреніп, дүкенші мен сатушының жұмысының бәрін меңгеріп алуың қажет. Онсыз жұмыс істей алмайсың. Дүкенші қашанда өзінің білім-білігімен, жайдары мінезімен тұтынушының көңілінен шыға білуі қажет. Тұтынушыға өнімдердің сапасы, жарамдылық мерзімі туралы ақпаратты дұрыс беруің керек. Ең бастысы, дүкенші-сатушы тұтынушыға сапалы әрі жылдам қызмет көрсетуі қажет деп есептеймін,- дейді Ұлғая Тастанбекова.
Мәңгілік ештеңе жоқ. Іргесі мызғымастай болған Кеңес Одағы да тарады. Одақ құрамындағы мемлекеттер «еншісін» алып, өз алдарына тәуелсіз мемлекет болып қайта құрыла бастады. Осы тұста бұрын жұмыс істеп тұрған дүкендер мен алып зауыттар жұмысын тоқтатты. Тиісінше, дүкеншілер де жұмыссыз қалды. Бірақ білікті маман Ұлғая Тастанбекова Шақпақата ауылындағы дүкенді 2007 жылға дейін ұстап тұрады.
-Тоқырау жылдардағы қиындықтар мемлекетке де, ел тұрғындарына да оңай тиген жоқ. Тоқсаныншы жылдардың орта тұсында елдегі өндіріс тоқтап, сауда орындары жаппай жабыла бастады. Бірақ халқымыз сабыр сақтап, бәріне шыдамдылықпен төзе білді. Бұл біздің отбасына да едәуір қиындықтар әкелді. Тауарлардың тапшылығы, басқа мәселелерде жеткіліксіздер болды. Бәрі жақсы болды деп айта алмаймын. Біраз қиыншылықтарды бастан өткердік. Отбасында балаларды жеткізу, құтты ұясына қондыру оңай болған жоқ. Бәрін отағасы екеуміз бірлесіп көтеріп, қиыншылықтан шықтық,- дейді Ұлғая апай.
Зейнеткер дүкенші Ұлғая апай отбасымен ақылдаса келе дүкен ашуды жоспарлап, отбасы мүшелерімен біраз уақыт еңбектенудің нәтижесінде жақында Шақпақата ауылының орталығынан «Айзере» деп аталатын дүкен тұтынушыларға есігін айқара ашып отыр. Ауылдың орталық тұсында төрт ірі сауда нүктесі бар. Бұдан да басқа ұсақ дүкендер жұмыс істейді.
-Бұл сауда орнының ғимаратында бұрын үлкен «Гастроном» дүкені болатын. Кеңес Одағы тарағаннан кейінгі тоқырау жылдары дүкендердің есігіне құлып салына бастады. Мен ауыл дүкенінде 2007 жылға дейін жұмыс істедім. Зейнеткерлікке шығып, немерелердің тәрбиесімен айналыса жүріп, міне жақында азық-түлік дүкенін ашып отырмыз. Ұлым Бекнұр алдымен бұл дүкеннің ғимаратын күрделі жөндеуден өткізіп, қалпына келтірді. Ішіне тауарлар орналастыру үшін сөрелер қойылды. Барлығы тұтынушыларға ыңғайлы болу үшін жасалды. Дүкендегі тауарлар негізінен Алматы және Тараз қалаларынан тасымалданады. Көбінесе сауда фирмаларымен жұмыс жасаймыз. Сауда-саттықтың барысы жаман емес. Мұнда азық-түлік тауарларымен қатар электр, химиялық, аз болса да киім-кешек тауарлары бар. Таңдау еркі – тұтынушыларда.
Ауыл дүкенінде тұрғындарға қажетті заттың бәрін қамту мүмкін емес. Ана дүкенде жоқ зат менің дүкенімнен, менде жоқ тауар басқа дүкендерден табылып жатады. Сауда деген осы. Бірде былай, бірде олай болады. Қазір дүкенімізде сауда-саттық орташа деңгейде. Жұмысқа көбінесе немерем Бақдәулет көмектеседі. Көп шаруаларды ұлым Бекнұр екеуміз ақылдасып шешіп отырамыз. Қалада тұрсаң да, ауылда өмір сүрсең де адамға белгілі бір кәсіп қажет. Сол кәсібінің көзін тауып, дөңгелете білсең тұрмысың да түзеледі,- деді ол.
«Еңбексіз күнің жоқ» демекші, қазір кәсіпкерліктің кең өрістеген заманы. Жеке кәсіпкерлерге де Үкімет тарапынан қолдаулар бар. Тек білек сыбанып, жұмыс жасау қажет. Зейнетке шықса да үйінде қол қусырып қарап отырмай кәсіп ашып, жемісті жұмыс жасап келе жатқан Ұлғая Тастанбекованың әрекеті кім-кімге де үлгі. Айта кету керек, еңбекпен есейген бұл отбасында ардагер ұстаз Махамбет Сарымсақов пен сауда саласының майталманы Ұлғая Тастанбекова ұл-қыздарынан 21 немере, екі шөбере сүйіп отырған бақытты ата-әже.

Суретті түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close