Basty bet

«Ғибратты керуеннің» ғибраты

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы өткенімізге оң көзқараспен қарауға, жас ұрпақты отансүйгіштікке тәрбиелеуге үлес қосса, «Ұлы даланың жеті қыры» ұлттық сананың оянуына, оның жаңа заман талаптарына сай қалыптасуына жол сілтейтін шамшырақ іспетті. Сондықтан бұл бағыттағы жұмыстар қашанда маңызды.

Облыс әкімінің қолдауымен облыс әкімдігі мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы мен облыстық ардагерлер кеңесі Ұлт көшбасшысының бастамаларын қолдау мақсатында «Ғибратты керуен» жобасын ұйымдастырып, аудандарды аралауда. Сәрсенбінің сәтті күні аталған керуен біздің ауданда болды.
Аталған керуеннің құрамына облысымыздың ардақты ақсақалдары, зиялы қауым, түрлі ұлт өкілдері, ақын-жазушылар, ғалымдар, тарихшылар, шығармашылық орталықтардың мамандары мен әншілер кірген.
«Ғибратты керуеннің» басты іс-шарасы орталық кітапхананың «Білім» орталығында өтті.
Шараны «Руханият және тарихтану» орталығының директоры Сауран Қалиев жүргізіп отырды.
Алғы сөз аудан әкімі Нарбай Ергебековке берілді.
-«Ғибратты керуен» деп атының өзі айтып тұрғандай, мұндағы іс-шараның барлығы ғибратқа толы деп есептейміз. Мақсат – жас ұрпақ бойына ең қажетті рухани байлықтарды дарытып, санасына сіңіру. Айтылған әңгімелерді көңілімізге түйіп, насихаттай білуіміз керек. Жастардың өз тарихын мақтаныш етіп, Отанға деген сүйіспеншілігінің арта түсуіне ықпал етуіміз тиіс, – дей келіп, аудан басшысы керуеннің жұмысына сәттілік тіледі.
Ең бастысы – ұрпақтар сабақтастығы
Жаңа форматтағы шараны әрі қарай облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев жалғастырды.
– Қазақ халқының әлем таныған, әлем мойындаған өте керемет ұлттық құндылықтары бар. Соны бүгінгі ұрпақ ұмытып бара жатыр. Күн өткен сайын ұмытып жатырмыз. Соны қайта жағыртып, дәріптеуіміз керек. Кез келген ұлттың басты байлығы – ана тілі, салт-дәстүрі, әдет-ғұрпы, ұлттық ойыны, ұлттық тағамы. Осы құндылықтарымызға құрмет жасау арқылы біз ұлтымызға құрмет жасаймыз. Бабалардан қалған асыл мұрамызды өзімізден кейінгі ұрпаққа аманат етіп қалдыру – аға буынның әрқайсымыздың парызымыз. Рухани жаңғырудың да негізгі мақсаты осы. Керітартпа, жағымсыз іс-әрекеттерден аулақ болайық. Елбасы айтқандай, мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс,- деді Еркінбек Солтыбаев. – Бүгінгі таңда бізді «Ұлттық құндылықтарымызды қаншалықты қадірлеп жүрміз? Біз осы көштен қалып қойған жоқпыз ба?» дегендей сұрақтар мазалайды.
Кеше ғана біздің Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың ел басқарғанына бір жыл толыпты. Бір жыл ішінде еліміздің басынан көптеген қиындықтар өтті. Алайда Президентіміз барлық жағдайда сабырлылық танытты. Сабырлылық – халқымыздың ең асыл қасиеттерінің бірі.
Қазір қоғамның өзі күрделеніп бара жатыр. Әртүрлі көзқарастар пайда болды, әртүрлі топтар бар. Біз басты бағытымыздан, ата-бабамыз салған сара жолдан адасып қалмауымыз керек.
Халқымыздың басты құндылықтарының бірі – үлкенді сыйлау, қонақжайлылық. Қазақтың осы ниеті мен пейіліне сай Алла тағала кең-байтақ жер сыйлаған. Осыншама жерді қорғап, сақтап бізге жеткізген ата-бабамыздың мықтылығы мен тектілігін айтпай-ақ, санаңызбен түсіне беріңіз.
Қазақ халқы тілге, өнерге, мәдениетке де бай халық. Халқымыздың халық даналығы, мақал-мәтелдері, ауыз әдебиеті, шешендік өнері, айтыс өнері тамаша, баға жетпес құндылық, ерекше қабілет. Жастар болашағын ойласа, ел болуды ойласа, ешкімге еліктеудің қажеті жоқ. Ешқандай халықта жоқ құндылықтарымызды жаттап, үйреніп, дамытып, дәріптеуіміз керек. Әрбір салт-дәстүріміздің артында тамаша ізгі ниет, тәлім-тәрбие жатыр.
Өткен аптада осы құраммен Қордайда болдық. Қордайда қандай жағдай болғанын жақсы білесіздер. Ұлтаралық қатынас дегеніміз – өте нәзік нәрсе. Болған жағдай жәймен орнына келуде. Бірақ, жүректерде із қалды. Сондықтан қариялар осындай жағдайдың болмауы үшін халықпен көп жұмыс істеуіміз керек. Ауылдың берекесін келтіріп, ұйытып отыратын ол – ардагерлеріміз. Арандатушылықа, қауесетке бой алдырмауымыз қажет.
Біз үлкенді құрметтейміз, жол береміз, ол кісілердің сөзіне тоқтаймыз. Дегенмен ардагерлер де өзінің қадірін кетірмеуі керек.
Ардагерлердің қазіргі жағдайда орны қалай? Ардагерлер қай жер болсын сол жерге басын сұға бермеуі керек. Қазір жастар сөйлеуі керек. Жастардың заманы. «Ақыл – жастан, асыл – тастан» деген бар. Бірақ ардагерлердің де сөз сөйлейтін жерлері бар. Елдің қауіпсіздігі, ауызбіршілігі сыналған тұста ардагер қарап отырмауы керек. Елді тәртіпке, ауызбіршілікке шақыру керек. Ең бастысы – ұрпақтар сабақтастығы, сабақтастық үзілмеуі керек. Академик, философ Ғарифолла Есімнің ардеагерлер туралы осы мағынада айтқан жақсы бір сөзі бар.
Ақсақал ең бастысы, сабырлы болуы керек.
Дәстүрдің де озығы мен тозығы бар
Әңгімені салт-дәстүрлердің жастарға дұрыс тәрбие берудегі рөлі туралы пікірімен облыстық билер кеңесінің төрағасы Оңласын Есіркепов жалғады.
Оңласын Қарабайұлы тарихымыздан билердің халық арасындағы түрлі дауларды, жер дауы, жесір дауын шешудегі рөліне тоқталды. Бүгінгі қоғамдағы билер кеңесінің жұмысын да қысқаша айтып өтті.
-Ұлттығымызды ұлықтау, дәстүрімізді дәріптеу, әулетті бағалау, ата-ананы ардақтау, үлкенді сыйлау, кішіні құрметтеу – қазақ арасында қайта қалыптасқан, бұлжымас заңға айналуы керек. Қазақтың болашағы қазаққа ғана керек. Сондықтан ұлтымыздың келешегі үшін білек сыбанып, бәріміз бірге тізе қосып, қызмет ету – баршамыздың кезек күттірмейтін міндетіміз.
Ардагерлер салт-дәстүрімізді жастарға айтып, көрсетіп үйретіп отыруымыз керек. Дәстүрдің де озығы мен тозығы бар. Мәселен, адам қайтыс болғанда көл-көсір дастарқан жаюды тоқтатуымыз керек. Бір жағынан жақынынан айырылып, қайғырып жатса, бір жағынан той болатындай жүгіріп, көл-көсір дастарқан жаю орынсыз. Әр нәрсенің орны мен шегі бар.
Той жасауда да ысырапшылдықтан арылып, той жасау мәдениетін үйренуіміз керек.
Елімізде жастарға ерекше көңіл бөлінуде. Жастардың білім алып, еңбек етіп, баспаналы болуына түрлі жағдайлар жасалуда. Бұл – өте дұрыс. Білімді, қабілетті жастар қызметте көтерілуі керек. Оларға жағдай жасауымыз тиіс.
Жастар арасында ұйымдастырылатын іс-шаралардың сапасына мән беруіміз керек. Бұл мәселе мектептен бастау алуы қажет. Қазір жас отбасылар арасында ажырасу да көп. Сондықтан жастардың тәрбиесіне ешкім бей-жай қарамауы керек. Мәселен, тұрмысқа шыққанда жас келін нені білуі керек. Осыны жас қыздардың құлағына құйып, санасына сіңіруіміз қажет. Керек болса, ол туралы мерзімді баспасөз беттеріне мақалалар жариялансын,- деп Оңласын Қарабайұлы сөзін қорытындылай келіп, ел-жұртқа деген тілегін жеткізді.
Әке тәрбиелей алмаған баланы көше тәрбиелейді
Келесі кезекте ақын, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Үміт Битенова қариялар мен жастар, рухани жаңғыру және туған жер туралы ғибратты әңгімелерімен бөлісті. Үміт Битенова сөзін ардагерлерге арнаған жыр-шашуымен бастады.
-Қариясы мықты елде жастар тәрбиесінде кемшіліктер болмауы керек.
Қазіргі қоғамда істен гөрі құрғақ сөзіміз көбейіп кетті. Нарықтық заманда болмашыға аттандап, айқайлау қоғамның ең арзан мүшелерінің ең қымбат жарнамасына айналып кеткендей. Ондай көзсіздікке ермеуіміз керек.
Аға буын, біздер Отан деген сөздің мағынасын терең түсініп өстік. Ал қазіргі жастар қаншалықты сезінеді?!
Біз тәуелсіздік арқылы көп нәрсеге қол жеткіздік. Бірақ, жас ұрпақ тәрбиесін, ұлттық тәрбиені босаңсытып алдық. Салдарынан жас ұрпақ пен қариялар арасындағы алтын көпір солқылдап тұр. Осы қарым-қатынас орнына келсе екен дейміз.
Қазыбек би атамыз былай деген: «Жалтылдайды екен деп жастықты сөкпе, Бәріңнің шыққан жерің сол. Қалтылдайды екен деп қарттықты сөкпе, Бәріңнің барар жерің сол». Сондықтан қазір «бас басыңа би болған өңкей қиқым» демекші, әлеуметтік желіде жас та, кәрі де ойына не келсе, соны айтып, жазып, түсіріп жатады. Сондықтан әрбір адамның оның тек дұрысын ғана қабылдай алатындай ішкі сүзгісі болуы керек. Өкінішке орай, қоғамда әдемі, ғибратты әңгімені емес, сайқал сөзді жалаулататындар көбейіп кетті. Бұған отбасындағы тәрбие кінәлі. Отбасындағы тәрбиеден кеткен қателікті бірде-бір балабақша, мектеп, жоғары оқу орны түзей алмайды. Сондықтан «ұл тәрбиелей отырып, рухымызды, қыз тәрбиелей отырып, ұлтымызды тәрбиелейтінімізді ұмытпайық. Әке тәрбиелей алмаған ұлды көше тәрбиелейді,- дей келіп, Үміт Битенова салт-дәстүр, ұлттық құндылықтар туралы өлеңімен ойын түйіндеді.
Иманды ұрпақ тәрбиелеу – бәрімізге ортақ міндет
«Дін – тәрбиенің рухани тірегі» тақырыбында «Һибатулла Тарази» медресесі директорының орынбасары Нұрлан Бақытұлы әңгімеледі.
-Біздің осындай текті, дана халық болуы ақсақалдарымыздың берген тәрбиесінің жемісі. Кейбір ауылдарда қариялар карта ойнап, арақ ішіп жүреді. Оны көрген жас ұрпаққа не айта аламыз?! Тәлімді, ұлағатты тәрбиені, даналықты, салт-дәстүрлерімізді қарияларымыздың бойынан көре білсек, жас ұрпақтың келешегінен үлкен үміт күтуге болады. Әрбір әңгімемізде көңілге түйетіндей дән болуы керек. Кемшілікті біреуден емес, өзімізден іздесек, кісінің жамандығын емес, жақсылығын ұмытпасақ, әрбір күнімізді, барымызды бағалай білсек, бізден бақытты ел болмайды. Ең бастысы, заманымыз тыныш. Сіз бен біздің міндетіміз – иманды ұрпақ тәрбиелеу.
Тәрбие қайдан бастау алады? Халқымыздың жыр-дастандарынан. Жыр-дастандарымызда тәрбие де, батырлық та, даналық та, тілдің дамуы да бәрі бар,- деген Нұрлан Бақытұлы балаларымыз бен немерелерімізге жыр-дастандарымызды оқуға баулуға шақырады.
Шарада онымен бірге Естемес Аманбеков, Аманжол қажы Дүрәліұлы, Шорабай Ысқақов, Кәрібай Құрмашев, Дәулетжан Байдалиев, тағы да басқа ардагерлер өз ой-пікірлерімен бөлісті.
Қариялар өз кезегінде адами қасиеттеріміз, шүкіршілік, ар-намыс, ақыл-парасат, ұлттық тағылым, тарих туралы ойларын ортаға салды. Естемес Аманбекұлы ұлттық құндылықтарымыз бұқаралық ақпарат құралдарында көбірек насихатталса, деген ұсынысын жеткізе келіп, замандастары мен аудан басшыларын ғибратты керуен ауданымызда да жалғасын табуына ұйытқы болуға шақырды.
Тағылымды шара әлеуметтік бейнеролик тамашалаумен жалғасты.
Сондай-ақ орталық саябақта ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткері Нұрсифат Салықова Зере апамыздың ертегілерін айтып берді.
Ауданымыздағы «Жуалы», «Мыңбұлақ» халықтық театрлары ҚР еңбек сіңірген әртісі Майра Әлімбетовамен бірігіп, шеберлік сағатын өткізді. Сондай-ақ, А.Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық қазақ драма театрының актрисасы Майра Әлімбетова шеберлік сағатында өз тәжірибесімен бөлісіп, жаңа бағытта тренинг өткізді.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close