Basty bet
Жуалылықтар жеңіс тұғырынан көрінді
Жақында жастар арасында өткен бокстан жуалылық төрт спортшы жеңіс тұғырынан көрінді. Жарыс Тараз қаласындағы облыстық бокс мектебінде 2003-2004 жастар арасында ұйымдастырылды. Облыстық чемпионатта жалпы ауданның жеті спортшысы былғары қолғап түйістірді.
Нәтижесінде 46 келі салмақтағы Ерсұлтан Мұхитұлы және 49 келі салмақтағы Аян Болатбек жүлделі ІІ орыннан көрінсе, чемпионаттың ІІІ орнын 56 келі салмақтағы Ердәулет Жарылқасын мен 46 келі салмақтағы Әлихан Мырзабай қанжығасына байлады.
-Спортшыларымыздің жеңіс тұғырынан көрінуі – еңбегіміздің нәтижесі. Балалардың жеңісі олардың табандылығының арқасында келіп отыр. Қарсыластарына есе жібермей, осындай нәтиже көрсетіп, республикалық чемпионатқа жолдама алуы қуантарлық жағдай. Ендігі үмітіміз – республика чемпион атану.
Спортшылармен үнемі жаттығу жасап, жұмыс жасайтын бапкерлерінің де еңбегі зор. Олар да балалар үшін барын салып, спортшысына кеңестерін айтып жеңіске жетелейді. Осындай бапкерлер мен спортшыларды қолдап жүрген бокс мектебінің директоры Мұхтар Бердімбетовке айтар алғысымыз шексіз. Сонымен қатар, жаттықтырушылар Нұралы Бүйенбаев, Ержан Қошаев және Нүркен Рахманқұлов балалармен бірге жұмыс істеуде.
Қазіргі таңда жеңімпаз балалар Меркі ауданындағы 4-14 қаңтар аралығында болатын оқу-жаттығудан өтуде. Оқу-жаттығудан соң 17-24 қаңтар аралығындағы республикалық чемпионатта бақ сынайтын болады. Спортшыларымыз Аян, Ерсұлтан, Ердәулеттің бокс мектебінде жаттыққанына төрт-бес жылдың көлемі болды. Үшеуі облыстық бокс құрамасының мүшелері, түрлі жарыстардың жүлделі чемпиондары. Ал, Әлихан биыл осы спортпен шұғылдануға бет бұрып, біздің жаттықтырушыларда жаттығып жүр. Спортшыларымыздан күтер үмітіміз көп. Алдағы республикалық чемпионатта спортшылар қанжығаларына алтын байлап келеді деген ниеттеміз, – дейді жаттықтырушы Мейманғали Қалданов.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Jańa ómir»