Basty bet

Жұмыстың басым бағыттары белгіленді

Өткен жұмада облыс әкімі Ербол Қарашөкеев ауданға жұмыс сапарымен арнайы келіп, аудандық мәдениет үйінде тұрғындармен кездесу өткізді. Кездесуге облыс әкімдігінің салалық басқарма басшылары, аудан әкімдігінің бөлім басшылары мен ауылдық округ әкімдері және құқық қорғау органдарының басшылары қатысты.

Ербол Шырақпайұлы облыстың негізгі көрсеткіштеріне, оның ішінде Жуалы ауданының 2023 жылдың қорытындысымен негізгі салалар бойынша оң динамика көрсетіп отырғанын, дегенмен алда маңызды міндеттер тұрғанын айта келіп, ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуы туралы баяндама жасау үшін сөз кезегін аудан әкімі Жалғас Мұртазаға берді.
-Қазақстан Республикасы Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы «Әкімдердің халықпен кездесулерін өткізу туралы» №826 Жарлығының негізінде, 2023 жылы Жуалы ауданы әкімінің және ауылдық округ әкімдерінің жергілікті халықпен кездесу жоспары мәслихат сессиясында бекітіліп, жоспарға сәйкес 165 кездесу өткізіліп, оған 4,0 мыңнан астам тұрғын қамтылды.
Жалпы өткізілген кездесулер барысында тұрғындар тарапынан 300-ден аса (309) әртүрлі сұрақтар мен ұсыныстар көтерілді. Бүгінгі күнге олардың 135-і оң шешімін тапса, 77-іне кездесу барысында түсінік беріліп қанағаттандырылған, 97-і бақылауға алынып орындалды. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес елде жүргізіліп жатқан реформалар туралы халықты хабардар ету, жергілікті атқарушы органдардың ашықтығын, жауапкершілігін, есептілігін арттыру мақсатында аталған жұмыстар биылғы жылы да жалғасын табатын болады,- деді аудан басшысы. Аудан әкімі ауданның әлеуметтік-экономикалық көрсеткіштеріне, аудан бюджетінің кірісі мен шығысына тоқталды. Сонымен бірге жол жөндеу, тұрғындарды табиғи газбен, ауызсумен қамту, құрылыс, ауыл шаруашылығы, жұмыспен қамту, кәсіпкерлік саласындағы жұмыстар мен ауданда тіркелген қылмыстар туралы баяндады. Сондай-ақ, Жалғас Әлижанұлы 2024 жылға жоспарланған инвестициялық жобаларды да атап өтті.
-Ауданымыздағы салықтық базаны ұлғайту және тұрақты жұмыс орындарын көбейту мақсатында 2024 жылға жоспарланған бірқатар жобаларға тоқталып өтейін.
Билікөл ауылдық округі Қарабастау ауылы маңында «Алель Агро» АҚ-нің құс фермасын салу бойынша, келіссөздер жүргізіліп, 130 гектар жер телімі қарастырылып, қазіргі уақытта құжаттары рәсімделуде. 2024 жылы құрылыс жұмыстары басталуы жоспарлануда. Жоба құны 2,5 млрд теңге. Жобаның мақсаты – құс еті және жұмыртқамен қамтамасыз ету. Жоба толықтай іске асырылу кезінде 50 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі.
Нұрлыкент ауылдық округі Түктібай ауылы маңында «Алтын Ел-Груп» ЖШС-нің құс фермасын салу бойынша келіссөздер жүргізіліп, 2024 жылы құрылыс жұмыстары басталатын болды. Индустрияландыру картасы аясында жер мәселесі шешілді. Жоба құны 2,5 млрд теңге. Жобаның мақсаты – құс етін өндіру. Жоба толықтай іске асырылу кезінде 50 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтамасыз етіледі.
Қызыларық ауылдық округі, Сұрым ауылында «МОЛ ДАМУ» АӨК-нің сүт өңдеу цехын іске қосу жоспарлауда. Жоба құны 300,0 млн. теңге, қуаттылығы күндігіне 7 тонна. Индустрияландыру картасы аясында жер мәселесі шешілді. Жоба іске қосылғанда 5 адамға тұрақты жұмыс орны құрылады. Бүгінгі таңда құрылыс жұмыстары 90 пайызға аяқталған.
Ақсай ауылдық округіне қарасты Қайрат ауылынан жеке кәсіпкер «Жанғараев» табиғи артезиан суын өңдеу цехын іске қосуды жоспарлауда. Бүгінгі күнге жер телімі рәсімделіп, құрылыс жұмыстарының 80 пайызы аяқталды. Жоба құны 80,0 млн. теңге. Аталған жобаның қуаттылығы күндігіне 2,5-5 тоннаға дейін. Нәтижесінде 6 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
«Чайно Пауэр» компаниясы жоба құны 5 млрд 812 млн. теңге болатын «Жел электр станциясын» салуды жоспарлап, қазіргі уақытта зерделеу, барлау жұмыстарын жүргізуде. Үш жылға жоспарланған жоба іске қосылған уақытта 10 адам тұрақты жұмыспен қамтылады.
«Көксай» каналының бойынан қуаттылығы 18 мВт. құрайтын кіші су электр станциясының құрылысы, жоба құны 5,2 млрд. теңге, толықтай аяқталу уақыты 2022 жылы болатын. Инвесторы «ҚазГидроОперейтинг» ЖШС. «Ақсай» каналының бойынан қуаттылығы 4 мВт. құрайтын кіші су электр станциясының құрылысы, Инвесторы «Аксайская ГЭС АянКо» ЖШС, жоба құны 21,0 млн. АҚШ доллары.
Нұрлыкент ауылы «Гамбург» ЖШС 1200 басқа арналған сүт-тауарлы ферма құрылысын салуды жоспарлауда. Жоба құны – 1 млрд 200 млн теңге. Жоба іске асқан уақытта 30 адам жұмыспен қамтылатын болады.
Қызыларық ауылы «Ахмет» шаруа қожалығы 400 басқа арналған сүт-тауарлы ферма құрылысын салуды жоспарлауда. Жоба құны 700 млн теңге. Жоба іске асқан уақытта 8 адам жұмыспен қамтылады,- деді Жалғас Мұртаза.
Облыс әкімі Жалғас Әлижанұлынан ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару мәселесі, ауданда туризм саласын дамыту, көктемгі егін егу жұмыстарын қаржыландыру жұмыстары және мал қыстақтарындағы жағдай туралы сұрады.
– Эко туризм, тау туризмін дамытуға Жуалы ауданы өте қолайлы болғандықтан ауданда туристік нысандар ашылуда. Бүгінгі таңда “Көксай” тау-шаңғы кешені жұмысын бастаған.
Одан бөлек, бір кәсіпкер Ақсай шатқалынан демалыс кешенін ашуға 149 гектар жерді 49 жылға жалға алды. Сонымен бірге тұралап тұрған “Қаралма” демалыс кешені бар. Бұл екі нысан да іске қосылса, ауданның туристік әлеуетін арттыратын болады.
Сондай-ақ, Теріс-Ащыбұлақ су қоймасындағы демалыс орны мен Теріс өзені бойындағы шағын демалыс орны жұмыс жасауда. Жалпы, ауданда туризм саласын дамыту бағытындағы жұмыстар жалғаса береді.
Көктемгі егін егу жұмыстарын қаржыландыру өзге аудандармен салыстырғанда бұл мәселе бойынша ауданымызда жақсы тәжірибе қалыптасқан. Яғни, “Жуалы” несие серіктестігі арқылы “Кең дала” бағдарламасымен 2023 жылы 15 шаруа қожалық 140 млн теңге несие алды. Оның тиімділігі – пайызы төмен және көктемде алған несиені күзгі жиын-терімнен кейін жабуына мүмкіндік бар. Салыстырмалы түрде аталған несие серіктестігі арқылы 2022 жылы шаруалар 80 млн теңге несие алған болса, 2023 жылы 140 млн теңге несие алып отыр.
Шаруаларға жеңілдетілген бағамен берілетін жанар-жағармайға да шаруалар тарапынан сұраныс жоғары. Биылғы жылға шаруалардың 2700 тоннаға сұраныс-өтініштері әзірленіп, заңдастырылып қойды,- дей келіп Жалғас Әлижанұлы аудандағы мал қыстақтарының жағдайын, ауыл шаруашылығы жерлерін мемлекет меншігіне қайтару мәселесіне қатысты жұмыс барысын да баяндады.
Облыс әкімі аудан әкімінің орынбасарларынан аудандағы өңдеу өнеркәсібінің өнімінің төмендеуін, сақалды құрылыс нысандарын, кейбір елді мекендердің табиғи газға қосылмағанын, «Ауыл аманаты» бағдарламасының 5-ші бағыты баяу іске асырылып жатқанын, жастарды жұмыспен қамту, жыл сайын ауыл-аймақта туындайтын ауызсу мәселелерін шешу бағытындағы жұмыстардың барысы туралы сұрап, аталған мәселелерді тұрақты бақылауда ұстауды тапсырды.
Б.Момышұлы ауылының әкіміне аудан орталығының келбеті ауданның айнасы, сондықтан ауылдағы сәулеті келіспеген нысандармен жұмысты жүйелеу қажеттігін ескертті.
Бұдан кейін жуалылықтар көкейдегі сауалдарын жолдады. Олар негізінен елді мекендерді газдандыру, ауызсу, көпір салу, жастарды жұмыспен қамту, мал соятын арнайы орын салу мен “Ауыл аманаты” жобасы бағдарламасына енбеген ауылдық округтер қашан енетіндігі, экологияға қатысты және өзге де мәселелер көтерді.
Ербол Қарашөкеев барлық сұрақтар бойынша мән-жайды облыс әкімдігінің басқарма басшылары мен аудан әкімінен сұрап, алдағы уақытта атқарылатын жұмыстар мен жүйелі жоспарларды негізге ала отырып, жан-жақты жауаптар берді. Облыс әкімі аудан басшылығына азаматтардың талап-тілектерін назарға алып, жаңа жобаларды жүзеге асыру, көктемгі дала жұмыстарына дайындықты пысықтау, ауылдарды абаттандыру бойынша нақты шаралар қабылдау керектігін тапсырды.
Кездесу соңында облыс әкімі бірқатар тұрғындарды жеке сұрақтарымен қабылдады.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеев жұмыс сапары барысында жақында ашылған Ардагерлер орталығымен танысып, жергілікті ардагерлермен кездесті.
Еркін форматта өткен кездесуде ардагерлер өздерінің ұсыныс-пікірлерін, аудандағы бірқатар мәселелердің шешу жолдарын сұрады.
Облыс әкімі үстіміздегі жылы өңірде атқарылатын ауқымды жұмыстар жөнінде қысқаша баяндап, ауылдарға газ және ауызсу тарту, жол жөндеу, көшелерді жарықтандыру, әлеуметтік нысандардың құрылыстары ауданның кешенді даму жоспары аясында кезең-кезеңімен жүзеге асатынын жеткізді. Сондай-ақ, алдағы жоспарларымен бөлісті.
Облыс әкімі облыстың қоғамдық-әлеуметтік өмірінде аға буынның рөлі ерекше екенін атап өтіп, жастардың қалыптасуында олардың тәжірибесінің маңыздылығын баса айтты.
Сондай-ақ, кездесуде жас ұрпақ тәрбиесіне қатысты мәселелер де талқыланды.
Ербол Қарашөкеев аға буын өкілдері алдағы уақытта да өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қоса беретініне сенім білдіріп, олардың қоғамды қайырымдылыққа, бірлікке үндейтін бастамалары үшін ризашылығын білдірді.
Түстен кейін облыс әкімі Ербол Шырақпайұлы аудандағы бірқатар нысандарды аралап, жұмысымен танысты. Алдымен кәсіпкер Нүрила Мәлібекованың «Topjargan» балаларды оқыту орталығына барды. Мұнда 1-11 сынып оқушыларына қосымша білім берумен қатар, 4-17 жас аралығындағы балалар үшін эстрадалық вокал, эстрадалық және ұлттық би, кескіндеме мен сурет салудан шығармашылық үйірмелер ұйымдастырылған. Сондай-ақ, орталықта жұмыссыз азаматтар үш айлық курстан өтіп, табыс табуына жағдай жасалған.
Облыс әкімі балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, азаматтарды кәсіпке бейімдеуде мұндай орталықтың маңыздылығын айрықша атап өтті.
Қайрат ауылындағы мәдениет үйінің құрылысын тексерген Ербол Қарашөкеев жауапты тұлғаларға жұмыстарды осы жылдың 1 наурызына дейін аяқтауды тапсырды.
Үстіміздегі оқу жылында Б.Момышұлы ауылындағы Ә.Бөкейхан атындағы №15 мектеп-лицейі тірек лицейі ретінде қайта жасақталған болатын. Бұл білім ордасы “Қазақстан халқына” және “Білім беруді дамыту” қайырымдылық қорының “Ауылдық жерлерде тірек мектептерінің әлеуетін дамыту” жобасына еніп, материалдық-техникалық базасы толықтай жаңарды. Атап айтқанда, жаңа модификациялық кабинеттермен, заманауи зертханалармен, АRТ-студиямен, STEM-лабораториямен, TELE-студиямен жабдықталған. Аймақ басшысын лицейдің жұмысымен мектеп директоры Руслан Сайлаубаев таныстырды. Облыс әкімі ұстаздар қауымына оқушыларға сапалы білім беру ісіне баса назар аудару керектігін жеткізді.
Мұнан соң, облыс әкімі «Бурный сүт компаниясы» ЖШС-ның жұмысымен танысты. Кәсіпорын 2014 жылдан бастап табиғи ірімшік, сары май мен ультра жоғары термо-өңделген табиғи сүт өнімдерін Ресей еліне экспорттай бастаған. Компания 2015 жылы Қытай Халық Республикасында өткен Янлин жәрмеңке-көрмесіне қатысқан.
Серіктестік басшылығы бұл жұмыстар мемлекет тарапынан көрсетілген қолдаулардың аясында жүзеге асқандығын айтты.
Сондай-ақ, облыс әкімі аудандағы жұмыс сапары аясында қысқы және жазғы спорттық демалысқа арналған «Қаралма» тау шаңғысы кешенінің жай-күйін көрді.
Бұл күні аймақ басшысы Түктібай ауылындағы «Злиха» шаруа қожалығына да барды.
Қожалық жетекшісі Керімқұл Бегалиев 317 гектар алқапқа картоп, арпа және көпжылдық шөп егетіндіктерін айтты. Ол өз сөзінде 10 жылдан астам уақыт бұрын шаруа қожалық 1132 тоннаға арналған картоп сақтайтын және 600 тонналық мұздатқыш орнатылған заманауи үлгідегі қоймалармен қамтамасыз етілгенін жеткізді. Қазіргі таңда мұнда 900 тоннадай картоп сақталуда. Бұдан бөлек, қожалық Германия елінен әкелінген «Гримме» фирмасының картоп өсіруге және сұрыптауға арналған агрегаттарымен толықтай жабдықталған. Қожалық жетекшісі аймақ басшысынан аудан аумағында өңдеу өнеркәсібін іске қосу үшін ықпал етуін сұрады.
Облыс әкімі қожалықтың жұмысын оң бағалап, аудан басшылығына «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік» корпорациясының өкілдерімен бірлесіп, аталған мәселені шешу тетіктерін қарастыруды тапсырды.
Облыс әкімінің Жуалы ауданындағы жұмыс сапары Теріс-Ащыбұлақ су қоймасында түйінделді. Аталған су қоймасы жобалық қуаты бойынша 158 миллион текше метр су сақтай алады. Бүгінгі таңда мұнда 50 миллион текше метр су жиналған.
Облыс әкімі қыс мезгілінде су қоймасы аумағында қауіпсіздік шаралары қатаң сақталуы қажеттігін ескертіп, қажетті ылғал мөлшерін барынша жинап алудың маңыздылығын атап өтті.

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close