Basty bet
Татулықты сақтауға үлес қосқан шуақты шаңырақ
Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бастамасымен құрылған бірегей институт Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына биылғы жылы 25 жыл толып отыр. Бұл бірлігі мен ынтымағы жарасып, берекелі тірлік пен жасампаз болашаққа бет түзеген күллі Қазақстан халқы үшін айтулы мереке. Осы орайда біздің ауданда да халықтар арасындағы ауызбіршілікті арттыруға үлес қосып жүрген этномәдени орталықтардың, оның ішінде шуақты шаңырақтардың маңызы зор. Жалпы біздің ауданда құрылған әзірбайжан, шешен, славян, өзбек ұлттық орталықтарының жұмысы көпке үлгі. Қазақстан халықтарының достығын нығайтуға үлес қосып отырған шуақты шаңырақтардың ішінде Б.Момышұлы ауылында тұратын әзірбайжан ұлтының өкілдері Байрамовтардың жанұясын ерекше атап айтуға болады. Отағасы Қалдыбай Байрамовтың Жуалы аудандық орталық ауруханасында білікті хирург ретінде жұмыс жасап келе жатқанына биылғы жылы 30 жыл толып отыр. Қарағанды Мемлекеттік медицина институының емдеу ісі факультетін үздік бітірген талапты жас дәрігер Қалдыбай Дөнешоғлы 1990 жылдан бері аудандық орталық аурухананың хирургия бөлімінде табан аудармастан жұмыс істеп келеді. Жақында аудан орталығында тұратын Байрамовтар отбасының шуақты шаңырағында болып, отанасы Саида Әлиқызымен сұхбаттасудың сәті түскен еді.
-Отағасы Қалдыбайдың әкелері Грузия мемлекетінің Ахыска ауданынан 1930-шы жылдардың аяқ жағында Қазақстанға қоныс аударған екен. Олардың отбасы бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысына қарасты Түлкібас ауданының Алғабас ауылына келіп біржолата тұрақтап қалады. Әулетіміздің қара шаңырағы қазір де сол ауылда. Қайын атамның шын есімі Дүниемали. Ол кісіні Алғабас ауылындағы жергілікті қазақтар «Дөнеш» деп атап кеткен екен. Атам Қазақстанға келген уақытта жас болған екен. Содан енем Ажар екеуі осында танысып, отбасын құрған. Ол кісілер отбасында үш ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірген.
Мен өзім ауданға қарасты Шақпақата ауылының қызымын. Сонда туып-өсіп, ауылдағы мектепте білім алдым. Қалдыбай ағаларыңмен1992 жылы танысып, отау құрдық. Ресейдің Омск облысында жоғары оқу орнын бітіріп келген соң біраз жыл аудан орталығындағы «Пионерлер үйінде» әдіскер болып жұмыс істедім. Отағасы Қалдыбай біз үйленбей тұрып осында ауруханада жұмыс істеп жүрген болатын.
Отбасында Ажарханум, Расмия, Медина есімді қыздар, Дүниемали есімді бір ұл тәрбиеледік. Үлкен қыздарымыз Ажарханум мен Расмия №1 мектеп-гимназияны бітірген соң әкелерінің жолын қуып, Алматы қаласындағы С.Асфендияров атындағы медициналық университетті жалпы тәжірибелі дәрігер және СЭС мамандықтары бойынша бітіріп шықты. Қазіргі таңда Алматы қаласында мамандықтарымен жұмыс жасайды. Екеуінің де отбасылары бар. Ең кіші қызымыз Медина аудан орталығындағы №1 мектеп-гимназияның 6 сыныбында оқиды. Ұлымыз Дүниемали аталған мектеп-гимназияны биылғы жылы аяқтайды. Ол да әкесінің жолын қуып, дәрігер болғысы келеді,- дейді Саида Әлиқызы.
Қалдыбай ағаның аудандық орталық аурухана қабырғасында 30 жылдан бері еңбек етіп келе жатқанын жоғарыда айтқанбыз. Біз әңгіме етіп отырған ақ халатты абзал жан Қалдыбай Байрамовты аудан жұртшылығы мейірімді, қолы жеңіл хирург-дәрігер ретінде жақсы таниды. Науқастардың дені ота жасату, балаларын сүндетке отырғызу, басқа да ем-дом шараларын жасату үшін үнемі «қолы жеңіл» оташы Қалдыбай Дөнешоғлын іздейді. Қажет болса, дәрігердің қызметіне алдын ала кезекке тұрып, күтетіндер де бар. Оған күнделікті өмір барысында өзіміз де талай рет куә болғанбыз.
Бір айта кетерлігі, еңбек жолы хирург болып басталған білікті дәрігер Қалдыбай Байрамов 2005 жылдан аудандық орталық аурухананың хирургия бөлімінің меңгерушісі, сонымен бірге, ауданның бас хирургы. Ал 2019 жылы аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің емдеу ісі жөніндегі орынбасары қызметіне тағайындалды. Дәрігердің денсаулық сақтау саласына сіңірген ұзақ жылғы жемісті еңбегі ескеріліп, «Алтын дәрігер» төсбелгісі берілген екен. Одан бөлек, бір мәрте ел Президентінің Алғысхатымен, Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау министрлігінің, Кәсіподақтар федерациясының, облыстық денсаулық сақтау басқармасының, Жамбыл облысы әкімінің, сонымен бірге, Жуалы ауданы әкімінің Алғысхаттарымен бірнеше дүркін марапатталған.
Қазақ жерінде туып-өскен соң өзге ұлттардың дені қазақ тілін еркін меңгеріп, салт-дәстүрлеріне жетік болатыны әлбетте, бізді қуантады. Біздің кейіпкеріміз Қалдыбай Байрамов та Алғабас ауылындағы қазақ орта мектебін бітірген. Қазақ тілінде еркін сөйлейді, салт-дәстүрлерін де жақсы біледі. Бұл отбасының мүшелері Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың елде жүргізіп отырған сарабдал, салиқалы саясатын қолдап отырады. Тәуелсіз елімізде бірлік пен бейбітшіліктің, ынтымақ пен жасампаздықтың салтанат құруына Байрамовтар отбасының қосып отырған үлесі қомақты.