Basty bet
«Ауызсуды іркіліссіз беруге күш салудамыз»
дейді «Жуалы су» мекемесінің басшысы Қуанышбек Болысбаев
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты қазақстандықтарға Жолдауында: «Біз шағын елді мекендерді дамытуға қатысты өте күрделі мәселені шешуіміз қажет. Өңірлік стандарттар әзірленді. Енді оларды үш мыңнан астам негізгі және қанаттас ауылдық елді мекендерге енгізу қажет. Үкіметке «Ауыл – Ел Бесігі» жобасын жүзеге асыру үшін биыл бөлінген 30 миллиард теңгеге қосымша алдағы үш жыл ішінде 90 миллиард теңге бөлуді тапсырамын. Бұл қаражат көлік, ауызсу және газбен қамтамасыз ету сияқты инфрақұрылымдық мәселелерді шешумен қатар, мектеп, аурухана, спорт алаңдарын салуға және жөндеуге жұмсалады. Қаржының жұмсалуы барлық мемлекеттік органдардың қатаң бақылауында болуы тиіс» делінген.
Жаз мезгілінде, әсіресе шілде айында, тұрғындар тарапынан ауызсудың жетіспейтіні туралы шағымдар жиі түсіп жатады. Жалпы, ауыл-аймақтардағы тұтынушыларға таза, сапалы ауызсу қалай жеткізіліп жүр? Тұтынып жүрген суымыздың сапасы қандай?
Осы және басқа да мәселелер туралы төменде аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қарасты шаруашылық жүргізу құқығындағы «Жуалы су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының басшысы Қуанышбек Болысбаев әңгімелейді.
– Аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне қарасты шаруашылық жүргізу құқығындағы «Жуалы су» мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны 2008 жылдың қыркүйек айында құрылған. Кәсіпорын жарғылық мақсаттарына сәйкес елді мекендерге ауызсу жеткізіп беру және таза ауыз сумен қамтамасыз ету және бұру, кәріз су жүйелерін күтіп баптаумен және алып кетумен және өзге де шаруашылық жұмыстармен шұғылданады.
Жалпы ауданның елді мекендеріне ауыз су тарту жұмыстары бастапқыда «Ақбұлақ» мемлекеттік бағдарламасы аясында 2007-2008 жылдары басталғаны мәлім. Сол жылы аудан орталығы – Бауыржан Момышұлы ауылының солтүстік бөлігіне жалпы ұзындығы 10,9 шақырымдық ауызсу құбырлары тартылып, пайдалануға берілді. 2011 жылы аудан орталығының қалған оңтүстік бөлігіне ауызсу құбырын тарту үшін көршілес Ақсай ауылдық округінің Қайрат ауылының үстінен «Оңтүстік» су мұнарасы салынды. Жаңа су құбырына аудан орталығымен қоса Қайрат ауылының, Мыңбұлақ ауылдық округі Көлбастау ауылының бірқатар көшелері қосылды.
Одан бөлек, 2011-2014 жылдары жоғарыда аталған мемлекеттік бағдарламасымен ауданның тағы бірнеше елді мекендеріне, атап айтқанда, Қызыларық ауылдық округінің Қызыларық, Нұрлыкент ауылдық округінің Нұрлыкент, Билікөл ауылдық округінің Дарбаза, Қарабастау, Жылыбұлақ ауылдарына таза ауызсу құбырлары тартылса, былтыр Қарасаз ауылдық округінің Қарасаз ауылында ауызсу құбыры тұрғындар игілігіне берілді.
Бүгінгі таңда кәсіпорынның теңгерімдік басқарымында барлығы 53 су ұңғымасы, жалпы ұзындығы 200 шақырымды құрайтын су жүйелері мен объектілері, бес шақырымдық кәріз су жүйесі бар. 2017-2019 жылдары қосымша жобалау-сметалық құжаттамаға сай мекеменің өз резервтері есебінен 12,5 шақырым су құбыры тартылып, іске қосылды. Соның нәтижесінде бүгінде аудан орталығында орталық су жүйесіне қосылмаған кіші 3-4 көше ғана қалып отыр.
Кәсіпорын ауызсу қорын молайту мақсатында аудан орталығы мен елді мекендерде өздігінен ағып жатқан су ұңғымаларын теңгеріміне алып, суын кәдеге жаратуда. Мәселен, Мыңбұлақ ауылдық округінің Талапты, Көлбастау ауылдарының, Ақсай ауылдық округінің Қайрат ауылының бір бөлігі өздігінен ағып жатқан осындай су ұңғымаларына қосылған.
Мекеменің болжамдық көрсеткіштеріне сәйкес ауданда тұратын 52 мың халықтың бір жыл ішінде тұтынатын ауызсуы қоры 928 мың текше метрді құрайды. Бүгінде 22 000 адам орталықтандырылған ауыз су құбырының тұтынушысы болып табылады, соның ішінде 198 аула суды көше бойында орнатылған суағарлардан алып пайдаланса, 4 863 тұтынушы суды өз ауласына кіргізіп алған. 1 700 аула суды есептегіш орнатып тұтынып отыр.
Соңғы жылдары тұрғындардың таза, сапалы ауызсуға деген қажеттілігі арта түсіп отыр. Биыл жыл басынан бері 419 тұтынушы орталықтанған ауызсу жүйесіне қосылып отыр.
Бүгінде аудандағы 49 елді мекеннің 15-інде орталықтандырылған ауызсу жүйесі бар. Мекеме есебінде 71 бюджеттен қаржыландырылатын мекеме, 63 жеке кәсіпкер, 5 061 аула тұр. Заңды тұлғалар текше метріне ҚҚС-мен бірге 170,19 теңгеден, кәсіпкерлік субъектілер текше метріне 108,47 теңгеден, ал тұрғындар текше метріне 42,88 теңгеден төлеп отыр. Бұл тарифті облыстық Монополияға қарсы департамент өткен жылдың қыркүйек айында бекітіп берген.
Жаз айларында әсіресе, аудан орталығында ауыз судың жетіспеуіне шағымдар жиі түсіп жатады. Оның себебі, тұрғындардың тәуліктік су тұтыну нормасы 1 995 текше метр дейтін болсақ, маусым-тамыз айларында бұл шекті нормативтен асып кетеді. Кейбір тұрғындар ауызсуды өз мақсатына емес, бақшалық жерді суғаруға, немесе шаруашылық мақсатқа, құрылыс жұмыстарына пайдаланады. Соның салдарынан ауызсудың қысымы азайып, кейбір шалғайдағы аулаларға жетпей қалып жатады. Ондай фактілермен біздің бақылаушы мамандарымыз күнделікті ұшырасып жүр.
Біз тұрғындарға ауызсуды басқа мақсатқа пайдаланбауын ұдайы ескертумен келеміз. Алайда, талап барлық жерде бірдей орындала бермейді. Оларды тәртіпке шақыратын біздің қолымызда заң тетігі жоқ, ескерту айтумен шектелеміз. Айыппұл салуға да құзырымыз жоқ, сотқа шағымданудың жолын да қиындатып жіберген. Дегенмен, біз олардың пайдаланған құбырының қимасының өлшемімен минутына судың шығынын есептеп, қолына төлем қағазын береміз. Кейбір тұрғындар оны төлеуге келгенде қиналады. «Біздің кесірімізден басқа көшелердің тұрғындары су ала алмай отыр» деген түйсік жоқ оларда.
Ауызсу қорына осындай қысымды азайту мақсатында кәсіпорын биыл жазда аудан орталығының ирригация жүйесін, яғни суландыру жүйесін қайта жаңғырту жобасын қолға алды. Жобаға сай Ақсай өзенінің аңғарынан диаметрі бір метрлік, ұзындығы 4,7 шақырымдық металл құбырлар тартылып, ағын су аудан орталығындағы, жапсарлас елді мекендердегі бақшалық жерлерді суландыратын болады. Бұл мақсатқа жергілікті бюджеттен 85,0 миллион теңге бөлініп, бүгінде жұмыстар аяқталуға жақын. Қазір барлық ауылдарда жүйелі су келетін арықтар жоқ. Бұзылып кеткен, немесе пайдаланылмайды. Су берілген жағдайда арық жүйелері тазаланып, жөнге келтірілуі қажет.
Ауданда ұзындығы бес шақырымдық кәріз жүйесі жұмыс істейді. 167 заңды тұлға мен тұрғындар кәріз жүйесінің абоненттері болып табылады.
Мекемеде бүгінде 62 жұмыскер еңбек етуде, оның 8-і әкімшілік қызметкер, 5-уі өндірістік шеберлер, қалғандары техперсонал, әртүрлі жұмыстар істейді. Кәсіпорын теңгерімінде 11 бірлік техника бар. Оның көпшілігі 15-20 жыл бұрын пайдалануға берілген. Техникаларымыз ескі, кейбірінің тозығы жеткен, жиі істен шығады, үнемі жамап-жасқаумен келеміз. Мұның барлығы ауызсу құбырларын жөндеу, күтіп, баптау жұмыстарына кері әсерін тигізеді.
«Өңірлерді дамыту» және «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» мемлекеттік бағдарламалары аясында биыл жазда бір мезгілде ауданның 15 елді мекенінде ауызсу құбыры құрылысы жүргізілуде. Бұл дегеніміз, келешекте мекеменің тұтынушыларға қызмет көрсету аясы кеңейіп, жұмыс ауқымы бұдан да артатын болады деген сөз.
Жазып алған
Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»