Basty bet

БАҚЫТ БАЛАЛЫ ҮЙГЕ ҚОНАДЫ

Әйел затының бақыты отбасында. Ана бақытын сезіну Алланың берген ең үлкен бағы екендігін айтпасақ та белгілі. Дегенмен ана болу ауыр жүк, ал көп баланың анасы болу нағыз ерлікке татиды.
Көпбалалы отбасы – береке-бірліктің үйлескен жері. Адамзат тарихында есімі елге танылған тұлғалардың көпшілігі көпбалалы отбасында дүниеге келген. Қазір көпбалалы отбасын көрсек, таңдай қағып, таңырқай қарайтынымыз бар. Көпшіліктің көкейін «оның бәрін қалай асырайды?» деген сауал мазалайды. Дегенмен, әр баланың өз несібесі бар.
Б.Момышұлы ауылының тұрғыны Гүлзипа Бейсенбекова 29 жасында жеті қыздың анасы атанып отыр. Сегізінші перзентіне аяғы ауыр келіншек, Құдай қанша бала берсе сонша баланы босанғысы келеді.
Жас ананың жайын білу үшін «Qazaqstan dauiri» ЖШС Бас директоры Сәуле Мешітбайқызы мен аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Марат Нарымбеков арнайы барды. Ел Анасы жас келінге ақ батасын беріп, «Qazaqstan dauiri» газеті мен «Мөлдір бұлақ» журналының біржылдық басылымын тегін сыйға тартты.
Отағасы Серік Әбілдаев Талас ауданы Қаратау қаласының тумасы. Жуалы ауданына 2003 жылы көшіп келген. Гүлзипа Бейсенбековамен 2008 жылы шаңырақ көтерген. Бүгінде Айару, Айғаным, Айша, Айымай, Иманай, Бегімай, Инаят есімді жеті қызды тәрбиелеуде. Ерлі-зайыптылардың тұңғыштары бүгінде 10 жасқа келсе, кенжелері 1,4 ай. Әр баланың жас арасы 1,3 айдан басталады.
Әйгерім есімімен танылған жас келін бүгінде туған-туыстары мен көршілеріне «пысық келін» атанған. Әйгерімнің мамандығы бастауыш сынып мұғалімі болғанымен осы уақытқа дейін жұмыс жасап көрмеген. «Менің басты жұмысым қыздарыма үлгі боралықтай ана бола алсам – менің үлкен жетістігім сол»- дейді. Ал жолдасының мамандығы – электрик. Ол бүгінгі таңда Ақтау қаласында вахталық жұмыс жасайды екен.
– Қазақ халқы «Қыз өссе – елдің көркі» деген сөзді текке айтпаған. Отағасы екеуміздің бүгінде қырдың қызыл қызғалдағындай жеті қызымыз бар. Балаларым – бақытым. Отасқанымызға 12 жыл болса да жолдасым бір ретте болсын «тек қыз таптың» деп бетіме келген емес. Қайта мені әрдайым қолдап, «қыз бала – өріс» деп отырады. Біздің отағасы 15 күн Ақтау қаласында жұмыспен болғандықтан, ол келгенше босанып, таксилетіп үйге келе береміз. «Аман-есен шықтық, жеттік» деп хабарымызды беріп қоямыз. Мені гүлмен күтіп алмадың, шығарып алмадың демейміз. Оған бола өкпелейтін ештеңесі жоқ. Бастысы, балаларымыздың дені сау болса болғаны. Отбасы болған соң бір-біріңе түсіністік танытып, сыйласып өмір сүруің керек. Әлі жаспыз, Алланың берген ұрпағын дүниеге әкелгім келеді. Өзім қыз күнімнен көпбалалы ана болсам деп армандаушы едім. Отбасында үш қыз, бір ұлмыз. Жолдасым бес ағайынды. Қазақ халқы баласын ешуақытта ешкімге міндетсінбеген, санын айтпаған. Баласын жетектеп наразылыққа шығып жатқан аналарды көріп, қорықтым. Бала ол анадан не тәрбие алады? Әр баланың өз несібесі бар. Әр балаға адалдық пен адамдықты үйреткіміз келсе бірінші өз нанымызды адал жолмен табуымыз керек. Шығыс даналары «Бір баланы адам етіп өсіргенше, бір шаһар опат болады» деген екен. Әр перзентіміздің тағдырына ата-ана ретінде бей-жай қарауға болмайды, ол біздің басты парызымыз. Үлкен тәрбие үйден, өзіңнен, шаңырағыңнан басталады. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деп жатамыз ғой. Қыздарым менен көргенін жасайтынын білгендіктен мен бірінші өзімнің іс-әрекетімді түзеуге тырысамын. Көбінде үйде тәтті бәліштер мен тағамдар жасағанды жақсы көремін. Келешекте қыздарым да қыз баласына ең керекті деген мамандықтарды алса деймін. Қыздарым да қазірден аспазшы, дизайнер болсам деген армандарын айтып қояды. Қандай мамандықты таңдаса да біз қарсы болмаймыз, бастысы, жүректерінде иман болса болғаны,- дейді Гүлзипа Аралбекқызы.
Анадан көрген тәрбиесін алып, келін болып өзге үйдің босағасын аттаған күннен ата-енесі жылы шырай танытып қыздарындай көрген Әйгерім кенже келін. Кенже болғанына қарамастан үлгілі келін бола білген. Бүгінгі күні аналарынан бөлек тұрса да күнде жағдайын сұрап, келгенде жылы шырайын танытып, бар жылы-жұмсағын алдарына тосады.
– Қыз баласының басты арманы – әйел, ана бақытын сезіну, шүкір, ол бақыт менде бар. Жолдасым мен ата-анамыз маған әрқашан қолдау көрсетіп отырады. Келін болып түскен күннен енем қабақ шытып қараған емес. Зейнеп Ахметова апамыздың: «Кез келген әйел ене бола алады, бірақ ана болу екінің бірінің қолынан келмейді» дегені бар. Тәуба, менің енем нағыз ана бола білді және маған ана болуды үйретті. Сол кісілердің жолымен жүріп, сол кісілердей бола алсақ, ол үлкен бақыт және ең үлкен жетістігім болар еді. Ененің мектебінен өтпеген келін – келін емес. Ә, дегеннен еншісін алып, бөлек тұрғысы келетін келіндерді түсінбеймін. «Ортаға өнеріңмен емес, мінезіңмен сыясың» деген бар. Үлкенге қашанда құрмет көрсетіп, ілтипат танытып тұрсаң неге саған қызындай қарамасқа? Аналарымыздан үйренгенім көп, үйренерім де көп. Менің сүйікті кәсібім туған күн кештеріне, қуанышты жағдайларға арнап тәтті бәліштер дайындау. Екі жылдай осы жұмыспен айналысқан болатынмын. Сонымен қатар, үйде кішкентай балаларың болған соң ағарғанның үйден шыққаны жақсы ғой. Сиыр алып, күнделікті сүт, айранын ішіп отырғанға не жетсін. Болашақта жолдасым екеуміз мал алып, оны көбейтсек деген жоспарымыз бар. Өзім мектепте оқып жүргенде он сиырға дейін сауатынмын. Еңбек етуден ешқашан қашқан емеспін, – дейді алтын құрсақты ана.
Өнегелі қыздың тәрбиесі тал бесіктен басталады. Сондықтан ене қанша көргенді болса да, ата-анасынан дұрыс тәрбие алмағанды қайта тәрбиелеу қиын. Шаңырақтың берекесін молайтып, мерекесін келтіретін ене мен келін. Қазақта «қызың жақсы болса – бір бақыт, ұлың жақсы болса – мың бақыт, келінің жақсы болса – шын бақыт» деген аталы сөз бар. Шаңырағын шаттыққа бөлеп, берекесі бола білген Гүлзипа Аралбекқызы қазіргі жас келіндерге үлгі болары сөзсіз.
Фариза АЙТБЕК,
аудан әкімінің баспасөз хатшысы

Таңдаулы материалдар

Close