Basty bet

ТҮЙТКІЛДІ МӘСЕЛЕЛЕР КӨТЕРІЛДІ

Сейсенбі күні аудан әкімі Нарбай Ергебеков Шақпақ және Қарасаз ауылдық округінің тұрғындары алдында есеп берді. Жиынға аудандық мәслихаттың хатшысы Ерғали Тілеубеков, сала бойынша ұсыныс жасалған бөлім және мекеме басшылары, ауыл тұрғындары қатысты.
Жыл сайын өтетін халық алдында есеп беру жиынының мақсаты – атқарылған жұмыстарды тиісті деңгейде бағалап, алдағы жоспарларды, мақсат-міндеттерді нақтылау.

Шақпақ ауылдық округіндегі жиын Шақпақата ауылындағы Өнер мектебінің ғимаратында өтті.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша ауылдық округтің учаскелік полиция инспекторы Орынбасар Балтабайұлы есеп берді. Инспектор өткен жылы қылмысты болдырмау, алдын алу, болған қылмыстардың ізін суытпай ашу мақсатында атқарылған жұмыстарға тоқталды. Учаскелік полиция инспекторының айтуынша, 2020 жылы 14 қылмыс тіркеліп, оның 11-і дер кезінде ізін суытпай ашылып, заңды шешім қабылданған. Ашылмай тұрған үш дерек мал ұрлығы туралы қылмыстар.
Ауылдық округ бойынша профилактикалық жұмыстардың нәтижесінде 201 әкімшілік хаттама толтырылған. Олар: отбасында жанжал шығарып құқықбұзушылық жасаған азаматтар, мас күйінде автокөлік жүргізген, жол жүру ережелерін бұзған, қоғамдық жерлерде мас күйінде жүрген, қоршаған ортаны ластаған және карантин талаптарын сақтамаған азаматтар.
Сонымен бірге инспектор қылмыс пен құқықбұзушылықтың алдын алу және жолын кесу жолындағы жұмыстарда ауыл ішіне, кіреберісіне орнатылған бейнебақылау камераларының көмегі көп екенін, сондықтан Шақпақата ауылының ортасына және шыға берісіне бейне камера орнатып берулеріңізді сұранамын деген сұранысын жеткізді.
Бұдан соң ауылдық округ әкімі Затыбек Пашеновтің есебі тыңдалды.
Ауыл әкімі алдымен егін және мал шаруашылығы саласы бойынша атқарылған жұмыстарға тоқталды. Округ әкімінің айтуынша, округте 3051 бас мүйізді ірі қара, оның ішінде 1109 бас сауынды сиыр, 7332 бас қой, 1700 бас ешкі, 868 бас жылқы бар. Барлық мал түрлері бойынша ветеринариялық-профилактикалық іс-шаралар уақтылы жүргізіледі.
-Елбасының “Қазақстан – 2050” стратегиясы аясында өңірде фермерлік, шағын және орта бизнесті дамыту мақсатында тоғыз азамат қой бордақылау, екі азамат заанен ешкісін асырау, бес азамат сүт бағытында, екі азамат шағын құс фермасын ұйымдастыру бағытында қайтарымсыз грант, яғни 505 мың теңгеден 11 млн.110 мың теңге алды. “Бизнестің жол картасы” бағдарламасы бойынша мал өсіру бағытымен жеті азамат 21 млн 700 мың теңге несие алды,- дей келіп Затыбек Пашенов үстіміздегі жылға жоспарланған жұмыстарды да айтып өтті. Ауыл әкімінің баяндауынша, жергілікті қоғамдастық мүшелерінің келісімен 2021 жылы Шақпақата ауылының Ж.Оразбаев көшесінің екі қиылысымен орта жөндеу жұмыстарына 32 947,0 мың теңге жоспарланып отыр. Т.Дүйсебайұлы ауылының және Шақпақата ауылының Д.Пахомов көшесінің бойынан аялдама салу жоспарланған. Сондай-ақ “Street workout” алаңшасының ішіне балаларға арналған жаттығу, ойнау құралдары мен орындықтар және жарық жүйесін орнату қарастырылуда.
Кезек аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлына берілді. Өңір басшысы барлық сала бойынша мемлекеттік бағдарламалар аясында атқарылған жұмыстарды егжей-тегжейлі баяндады. Атап айтқанда, ауыл шаруашылығы, білім, денсаулық сақтау, құқық қорғау, спорт саласы бойынша, “Жұмыспен қамту жол картасы”, “Еңбек”, “Дипломмен – ауылға!”, “Ауыл – ел бесігі”, “Бизнестің жол картасы”, “Қарапайым заттар экономикасы”, “Үдемелі индустриялық-инновациялық” мемлекеттік бағдарламасы мен “Асар” жобасы аясында аудан жұртшылығының еселі еңбегімен ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар атқарылды.
Баяндамалардан кейін жарыссөз басталды. Жарыссөзге ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Ілияс Әбішев шықты. Қария ауылдық округ әкімі мен аудан әкімінің жұмысына қанағаттанарлық деген баға берді. Атқарылған жұмыстардың аз еместігін жеткізіп, алайда әлі де шешімін күткен түйткілді мәселелердің бар екенін айтты. Сонымен бірге Оралбек Батырқұлов, Қалмұхамбет Дүйсембиев, Айдархан Балтабаев, Ғалымжан Ахметов т.б ауыл тұрғындары сөйлеп, өтініш-тілектерін жеткізді.
Есепті жиында сөйлеген округ тұрғындары ауыл үшін өзекті болып отырған жайылым жер, көшелерді асфальттау мен жарықтандыру, су мәселесі, интернет, көпір жөндеу, әбден тозығы жеткен электр бағаналарын ауыстыру, электр жарығы қуатының төмендігі, мектеп жанынан жылыжай салу сынды мәселелерді көтерді.
Тұрғындар тарапынан қойылған сұрақтарға аудан әкімі жауап берді. Аудан басшысы Нарбай Әбілқасымұлы әсіресе тозығы жеткен электр бағаналарын ауыстыру мәселесін жиынға қатысқан аудандық электр желілерін тарату мекемесі басшысының орынбасары Серік Әбішевке тездетіп шешуді тапсырды.

Беттегі суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close