Basty bet
“Шатыр астындағы екеу”
Театр – халықты эстетикалық адамгершілік пен ізгілікке тәрбиелеудің аса маңызды құралы. Себебі, сахнада өмір мен адамды байланыстыратын нәзік те нәрлі діңгек бар.
“Достық” мәдениет үйінде “Жуалы” халықтық театрының әртістерінің сахналауымен Еркебұлан Жолдасовтың “Шатыр астындағы екеу” атты лирикалық комедиясы болды.
Комедияның режиссеры Ерболат Қаттебеков. Басты рөлде, яғни “шатыр астындағы” жігіт Латифтің рөлін Қуаныш Сүйінбай сомдаса, Әминаның рөлінде Салтанат Мейіржанқызы ойнайды. Пәтер иесі Хадишаның рөлін Гүлнар Қашкеева, көршілері Сұлтан мен Зинайданың рөлін Талғат Батыров пен Аида Қошаева сомдайды.
Үлкен қалаға келіп пәтер іздеп әбден шаршаған студент қыз әрең дегенде бір бөлмелі пәтерді табады. Енді жеттім-ау дегенде пәтерге пәтер іздеп шаршаған тағы бір жігіт келеді. Екеуі “мен тұрам, мен тұрамын” деп салғыласып тұрғанда пәтер иесі келіп, пәтеріне тек ерлі-зайыптыларды ғана тұрғызатынын айтады. Осы тұста жігіттің ойына бір қулық келіп, жанындағы әлгі бейтаныс қызды екеуміз ерлі-зайыптымыз деп пәтер иесін сендіреді. Пәтер иесі рұқсатын беріп, ақыры сол үйде екеуі бірге тұрады. Екеуінің пәтердегі күндері бір-бірімен салғыласумен өтеді. Енді түсінісіп келе жатады да, қайта әдеттеріне басып, салғыласады.
Арасында көршілерінің, Әминаға үйленуді ойлап жүрген жігіт Аман мен Латифтің Әминаға әдейі ұйымдастырған қыз рөліндегі жігіт Лизамен түрлі оқиғалар болады. Комедияның соңында Латиф пен Әмина бір-біріне ғашық болып қалады.
Қойылымды көріп отырып Латиф пен Әминаның салғыласуынан тіпті жалығып кетесің. Алайда бұл көрініс өмір шындығынан алынған. Өмірде де бір-бірін ұнатып тұрса да, салғыласпаса тұра алмайтын жандар аз емес. Ондай жандардың бұл әрекеттері өздеріне білінбеуі мүмкін. Бірақ айналасындағы жақындарын шаршатып жібереді.
Қысқасы, комедиядағы жеңіл күлкінің астарында ащы мысқыл жатқаны анық. Олар комедиялық шығарма арқылы замандастарының бойындағы сан алуан кемшіліктерді сын тезіне алады. Жеңіл күлкімен әлеуметтік мәселелерді көтереді.
Шығарманың аннотациясында былай деп жазылған: “Бұл оқиғаның қашан өткені және қаншалықты шындыққа жанасатынын ешкім білмейді. Бір анығы – бұл оқиға соғыс туралы еді. Иә, иә, сіз қате естімедіңіз, соғыс туралы. Тіпті әлем тарихындағы өзге соғыстардан де ерекше еді. Көргендердің айтуынша, бұл соғыс әлі күнге дейін жалғасып, қаншама жүректерді жаралап үлгерген. Өйткені, бұл соғыстың соңы жоқ. Соңы болмайды да”.
Бұл – ерлі-зайыптылардың арасындағы “соғыс”. Мұндайда қазақ “Екі жақсы қосылса, Ай мен Күндей жарасар, екі жаман қосылса, ырылдасып таласар” дейді. “Ырылдарсың қаппассың, менен жақсы таппасың” деп өзін-өзі жұбатып, қамшының сабындай қысқа ғана өмірді тату-тәтті, берекелі сүрудің орнына бітпес дауды қуып, өзінің де, айналасының да берекесін қашырып жүрген отбасылар қоғамда аз емес.
“Өмірің көңілді, тірлігің өнімді болсын десең, досың көп болсын. Және сол достықты алдымен жарыңнан баста” деген даналық сөзді естен шығармаған абзал…
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»