Basty bet
Тігін цехын ашуды жоспарлауда
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»
Бүгінде ел өңірлерінде «Еңбек» бағдарламасының шарапатын сезініп отырған азаматтар аз емес. Бағдарлама арқылы шартсыз және шартты ақшалай көмек алып, басқа да бағыттар бойынша кәсіби мамандықтарды игеру арқылы өз алдына жеке кәсіп немесе отбасылық бизнес түрлерімен айналысып жатқандары қаншама. Аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, «Еңбек» нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған Бағдарламасының 2-бағыты (Жаппай кәсіпкерлікті дамыту) шеңберінде кәсіпкерлік істерін ашуға немесе кеңейтуге ниет білдірген 264 үміткер тізімге тіркеліп, орталық мамандары оларға микрокредиттік ұйымдарға бағыттамалар берді.
Есепті мерзімде 178 адамға жалпы көлемі 585 млн теңге шағын несие берілді. Оның ішінде 47 жас азамат 146 млн теңге алған. Жаңа бизнес-идеяларды іске асыру бойынша 285 азаматқа 138 млн 623 мың теңге қайтарымсыз грант берілу қарастырылған.
Жамбыл облысы кәсіпкерлер палатасында өткен комиссия отырысына 388 жоба ұсынылып, 285 жоба оң шешімін тапты, оның ішінде 218 жас азаматқа 30 көпбалалы отбасыларға, нысаналы топқа жатпайтын 21 азаматқа, 3 мүмкіндігі шектеулі азаматқа, 13 көпбалалы отбасына қайтарымсыз гранттар берілді.
2019 жылы кәсіпкерлік ісін жаңадан ашуға ниет білдірген үміткерлерді «Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалы арқылы «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша кәсіпкерлік негіздеріне 135 адамды оқыту жоспарланып, оқуға жолданған 315 білімгер оқуларын аяқтап, тиісті сертификаттарын алды. Сонымен қатар, бағдарламаның «Жас кәсіпкер» жобасы аясында 100 азамат оқып, тиісті сертификаттарын алды.
Нұрлыкент ауылының тұрғыны Айгүл Жораева да «Еңбек» бағдарламасы арқылы оқып, 505 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантқа ие болды. Төрт баланың анасы Айгүлдің негізгі мамандығы тігінші. Бұл кәсіп жанына жақын болғандықтан бос уақытында үнемі тігіншілікпен айналысады. Алайда бұл кәсіпке де үлкен қолдау керек. Әсіресе, кәсіби тігін машинасының қажеттілігі үнемі жанына батып жүретін. Өткен жылы армандаған тігін машинасын сатып алудың орайы келді. Айгүл Жұмабекқызы Нұрлыкент ауылдық округі әкімі аппаратының мамандарының ақыл-кеңесі және бағыт-бағдар беруі арқылы үш айлық кәсіби қайта даярлаудан өтті.
-Мен Өзбекстан Республикасының Ташкент облысы Орта Шыршық ауданында туып-өстім. Сонда жеке колледжде оқып, тігінші мамандығын алып шықтым. Біз тұратын Ортасарай ауылында үлкен тігін цехы болатын. Мен сонда сегіз жыл тігінші болып жұмыс істедім. Одан кейінгі жылдары тұрмыс құрып, балалы болуыма байланысты біраз уақыт бұл кәсіппен айналыса алмадым. 2016 жылы тігіншілікті қайта бастадым. Сөйтіп, осыдан екі жыл бұрын аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының жолдамасымен Ақбастау ауылындағы №16 Жуалы колледжінде кәсіби қайта даярлаудан өтіп, куәлік алуға мүмкіндік туды. Өткен жылы бағдарламаға қатысып, нәтижесінде 505 мың теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантты ұтып, ол қаржыға шетелдік «TYPICAL» маркалы екі кәсіби тігін машинасын сатып алдым. Тігіс тігуге оның екеуінің де тигізетін пайдасы зор. Қолға алған кәсібімді кеңейту мақсатында өз үйіміздің ауласынан бір бөлмелі арнайы орын салдық. Алдағы уақытта тігін машиналарымды сонда орналастырып, жұмысымды жалғастырсам деймін. Кәсіп ашуға нақты көмек-қолдаулар жасап отырған ел Үкіметіне, аудан басшыларына алғысымды білдіремін,- дейді Айүл Жұмабекқызы.
Тігінші Айгүл көбінесе қыз-келіншектердің көйлектерін тігеді. Жаңа оқу жылының қарсаңында ауыл балаларына арнап мектеп формаларын да тігуді қолға алған. Басқа да тігіннің түрлеріне оның кәсіби тәжірибесі жетеді. Ол алдағы уақытта кәсібіне қолдаулар жасалып, аяққа нық тұрып кетуді көздеп отыр. «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» демекші, Айгүл Жұмабекқызы отбасында отағасы Ержан Сатқанбаев екеуі екі қыз, екі ұл тәрбиелеп отыр. Балаларының барлығы оқу озаттары. Үлкен қызы Арайлым оқумен қатар спортқа қатысады, қоғамдық жұмыстарға да белсене араласады. Талапты жас №5 М.Ломоносов атындағы орта мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі, білікті бапкер Артық Мырзахметовтың қол астында жаттығады. Сонымен қатар, каратэден және шинкиокушинкай спортынан республикалық деңгейдегі жарыстарда жеңімпаз атанып жүр. Жарыстарда алған медальдары мен кубоктары, Дипломдары жетерлік.
Ал отағасы Ержан Сатқанбаев жұмыссыз. Ол да «Еңбек» бағдарламасына қатысып, белгілі бір мамандықты игерсем деген ойын жеткізді.
Өзі сүйетін кәсібінің нәсібін көрсем, оны ары қарай кеңейтіп, дамытсам деген арман-мақсаттары бар тігінші Айгүл Жұмабекқызының талпынысы өз замандастарына үлгі.