Basty bet
Медиация деген не?
Медиация сөзі ағылшын тілінде кез келген дауды оған ешқандай да қатысы жоқ үшінші бір адамның – медиатордың араласуы арқылы альтернативті түрде реттеу деген мағынаны білдіреді. Демек, медиатор дегеніміз – өзара жанжалдасушы немесе дауласушы тараптардың арасында орын алған даулы мәселелерді олардың өздерін қатыстыра отырып, тараптарға тиімді жағдайда шешуді жүзеге асыратын маман. Жалпы, осы саланың бүге-шігесін терең меңгерген мамандардың айтуынша, медиаторларды бітімгер немесе мәмілегер деуге әбден болады. «Бітімгер» деген мамандық қазірде қоғамда болмаса да, ауыл арасында қолданылады. Сөзге шешен ақсақалдар араздасқан екі жақты мәмілеге келтіріп, ауызша келісіммен айыбын төлетіп, бейбіт жағдайда мәселені шешеді.
Медиация тарихы тереңде. Адамдар арасында алғашқы дау қай кезде туындаса, бітімгершілік те сол ықылым заманда пайда болған. Сондықтан бұл әдіс алғашқы қауымдық құрылыс дәуірінде де болған. Бұрын медиация халықаралық, этносаралық дауларды шешу барысында қолданылғанынан тарихшылар хабардар. Мұндай жол келіссөздер нәтиже бермей, екі жақтығырыққа тірелген кезде қолданылатын.
Тарихшылар мұның түп-тамырын ежелгі Финикия мен Вавилоннан тапқан. Өйткені, оларда сауда жақсы дамыған болатын, соған байланысты дау-шар да тыйылмайтын . Одан кейін бітімгершілік институты Грекияда дамығанға ұқсайды. Ал, ежелгі Римде медиаторлар ережесі алғаш рет заңды тұрғыда бекітілген. Ежелгі Русьте делдал қызметін діни қауым өкілдері атқарған. Қазақ халқында да бітімгершілік институты көне замандардан бар . Аңыз ертегілерімізден бастап, батырлар жырларында да дауласушы, араздасушы екі жақты бітімгершілікке шақырушы билер болған. Билер екі жақты қатыстыра отырып дауды зерттеп, бітім айтып, айыбының мөлшерін белгілеп, екі жақты татуластырған. Ал қазіргі күйіндегі медиация институты ХХ ғасырдың ортасында АҚШ – та қалыптасты. Дәл осы кезеңде Америка экономикасында даулардың жаңа түрі – кәсіподақтар мен жұмыс берушілер арасындағы келіспеушіліктер орын ала бастады. Оларды
шешу үшін арнайы федералды орган – медиация және бітімгершілік процедуралары жөніндегі АҚШ-тың федералдық қызметі құрылды. Ол әлі күнге дейін жұмыс істейді. Кейін медиация тек еңбек дауларында ғана емес, отбасындағы, коммерциялық саладағы келіспеушіліктері де реттеу үшін қолданыла бастады.
«Медиация туралы» Заңның қоғамдағы алатын орны қандай?
Еліміздің 2020 жылға дейінгі кезеңде арналған құқықтық саясат тұжырымдамасында азаматтық сот ісін жүргізуге қатысушылардың құқықтарын барынша іске асыру, жеке адамның бұзылған құқықтары мен бостандықтарын, қоғам мен мемлекет мүддесін уақытылы қорғау және қалпына келтіру мақсатында бірқатар іс-шаралар қамтылған болатын.
Оның ішінде, жеке құқықтық дау-шарлар тараптар арасындағы ымыраға қол жеткізудің сот және соттан тыс тәртіппен қолданылатын түрлі жолдары мен әдістерін белгілеуге бағытталуы мүмкін әрекеттер де көрініс тапқан еді. Осыған орай, 2011 жылдың басында Елбасы ҚР-ның «Медиация туралы» Заңына (әрі қарай – Заң) қол қойып, сол жылдың 5 тамызынан бастап күшіне енді.
Заңның мақсаты – дауды шешудің медиацияның екі тарапын да қанағаттандыратын нұсқасына қол жеткізу және тараптардың дауласушылық деңгейін темендету болып табылады.
Заң бүгінгі таңдағы құқық және сот саласына арналған заңдардың ішіндегі шоқтығы биік құжат деп айтуға болады. Занда дәйектеліп отырған екі тараптың өзара мәмілеге келу мәселесі айыпты жеңілдету немесе оған жаза бермеу біздің ата дәстүрімізде болып келген үрдіс.
Кішігірім қылмыстар болған кезде, екі адам бір-бірімен ренжісіп қалады немесе ол адам затын пендешілік пиғылмен ұрлап, жаза басуы мүмкін. Сондай-ақ, адам біреуге байқамай балағат сөз айтып, оның намысына тиюі мүмкін. Ашу үстiнде ауыр сөз айту жеңіл болғанымен, ол басқаға қатты тиетіні белгілі. Осының бәрін заңға салып қарайтын болсақ , қылмыс болып шығады . Сол секілді берген қарызын қайтарып ала алмай жүретін азаматтық даулар болады. Осы тектес келіспеушілердің нәтижесінде адамдар бір – бірін сотқа сүйреп, әуре-сарсаңға салып жатады.
Күні бүгінге дейін азаматтардың түсініспеушілігінен туындаған осындай дау-дамайлар немесе жанжалды мәселелер тараптардың сот билігіне жүгінуі арқылы шешілуде. Өмір тәжірибесінің өзі көрсетіп отырғанындай, кез келген мәселенің сотта қаралуы бір күнде немесе бір аптада шешіле қоюы қиын. Ал «Медиация туралы» Заң кез келген азаматтық келіспеушіліктерді айлап, апталап қарамай-ақ, керісінше, істің күрделілігіне қарай бір-екі сағатта немесе бір күнде шешуге жол ашады. Бұл ең алдымен, азаматтардың онсыз да жетпей жататын алтын уақыттарын жоғалтудан сақтайды. Сонымен қатар, бұл Заң сотта қаралатын істердің санын азайтып, ондағы күрделі істердің сапалы қаралуына мол мүмкіншілік туғызып отыр. Сондықтан, медиация институтын қоғамға енгізіп, жұмыс жасатуды қарапайым адам да, ғалым да, депутаттар да қолдаған болатын.