Basty bet
КӨМЕК ӘРБІР ТҰРҒЫНҒА ЖЕТУІ ТИІС
Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дағдарысқа қарсы шаралар жағдайында халықты қолдаудың қосымша шараларын енгізуге бағытталған мәлімдеме жасады. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен кеңесте бұл орайдағы жұмыстардың Жамбыл облысында жүзеге асырылу барысы талқыланды.
Қазақстан Президенті атап өткендей, бүгінде вирус әлемнің барлық мемлекеттерінің тұрақтылығын сынауда десек, әзірге елімізде ахуал бақылауға алынып отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев жергілікті атқарушы органдарға шұғыл түрде жүзеге асырылуы қажет бірқатар міндеттер жүктеді. Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев олардың әрқайсысын назарға алып, салалық басқармаларға нақты тапсырмалар жолдады.
Бірінші кезекте пандемияға қарсы күресте жүрген дәрігерлер мен медицина қызметкерлерін қосымша қолдау үшін тиісті есептер жүргізу қажет.
Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы «Азаматтарға арналған үкімет» АҚ филиалымен бірлесе отырып, зейнетақы мен жәрдемақыларды, сондай-ақ атаулы әлеуметтік көмекті индексациялау үшін тиісті есептеулер жүргізу және өтінім беру керек.
Ең басты мәселелердің бірі – жамбылдықтарға 42 500 мың теңге көлемінде қосымша әлеуметтік төлемдер беру бойынша тиісті жұмыстарды жандандыру. Мемлекет басшысының мәлімдемесіне сәйкес, бұл қолдауға енді бұрын ресми жұмысы мен жалақысы болмаған адамдар да үміткер бола алады. Көмек өзін-өзі жұмыспен қамтыған немесе ресми емес жұмыс істейтін азаматтарға да көрсетілмек. Олардан тек өз мәртебесін қалыптастыру талап етіледі. Бұл үш миллионға жуық қазақстандықты қамтитын ең бір бұқаралық төлемдердің бірі болмақ.
Сонымен қатар, аймақ басшысы азаматтардың, оның ішінде тегін азық-түлік үлестірілетін мүмкіндігі шектеулі азаматтардың тізімін жасауды міндеттеді.
Сондай-ақ халық арасында 1 шілдеге дейін сақтандырылмаған азаматтардың МӘМС жүйесінде медициналық көмек алу құқығы ұзартылғандығы туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу. Ал шағын және орта бизнес өкілдері 6 айға еңбекақы төлеу қорынан ұсталатын салықтан босатылады.
Бердібек Сапарбаев көктемгі дала жұмыстарының орындалу барысы жергілікті биліктің айрықша бақылауында екендігін жеткізді. Бұл жұмыстарға Республикалық бюджеттен 70 миллиард теңге бөлінген. Ал қарыз алушылар үшін 5 пайыздан – дан аспайтын мөлшерлеме белгіленген. Бұл орайда аудан әкімдері мемлекет көмегін тиімді пайдалану үшін фермерлер арасында жан-жақты түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет. Сонымен қатар, шағын және орта шаруа қожалықтарын қолдау мақсатында Мемлекет басшысының тапсырмасымен «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасы аясында қосымша 100 миллиард теңге бөлініп отыр.
Аймақ басшысы атап өткендей, ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері үшін дизель отынының құнын литріне 165 теңгеге дейін немесе нарықтық бағадан 15 пайызға арзандату туралы Президенттің тапсырмасын орындау бойынша бақылаушы органдардың жұмысын күшейту қажет.
– Мемлекет басшысының тапсырмалары уақтылы, әрі нәтижелі орындалуы тиіс. Ең бастысы – қарапайым тұрғындар өздерінің мемлекеттің қамқорлығында екендігін сезінулері керек. Бүгінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін әрбір күн маңыздылығын ескерген дұрыс, – деп атап өтті аймақ басшысы.
Сондай-ақ, Бердібек Сапарбаев түсіндіру жұмыстарының әлсіз жүргізілу салдарынан мемлекет тарапынан қабылданған қолдау көрсету шараларынан тұрғындардың көбіне хабарсыз екендігін алға тартып, бұл мәселенің төтенше жағдай режимі кезіндегі өзектілігін баса айтты.
– Көмек әрбір тиісті тұрғынға жетуі керек. Мемлекеттік органдар өз жұмысын сапалы орындап, ал бөлінген қаражатқа тұрғындар уақтылы әрі кедергісіз қол жеткізуі қажет, – деп атап өтті облыс әкімі.
Жамбыл облысы әкімінің баспасөз қызметі