Basty bet
Рухани ұстаз
Әбу Насыр Мұхаммад ибн Тархан ибн Ұзлағ әл-Фараби ат-Түрки – ұлы ғалым, ислам философиясының жарық жұлдызы. Әбу Насыр Фарабиді бүкіл әлем ғалымдары мойындаған, Аристотельден соң екінші ұстаз атанған Шығыстың ғұлама, энцоклопедист тұлғасы.
Шығыстың ұлы ойшылының шығармашылық мұрасына деген үлкен қызығушылық бүкіл әлемде және Қазақстанда да толассыз артып келеді. Әл-Фарабидің өзінен кейінгі мәдениетке, Шығыс және Орталық Азия халықтары, соның ішінде дүйім түркі жұрты мен қазақ халқының мәдениетінің дамуына ықпалы ұзақ және жан-жақты болды. Тарихи деректер Фарабидің қазақ халқының құрамына енген түркі тайпасының дәулетті ортасынан шыққандығын негіздейді. Әл-Фарабидің туған жері Отырар қаласы, онда қалыптасқан өркениет ортағасырлардағы тарихи қатынастар мен сауда жолдарының торабындағы аса ірі мәдениет пен ғылым орталығы болды.
Фараби дүниетанымы жаратылыстану, философия, этика, саясат мәселелерін түгел қамтыған үйлесімді жүйе болып табылады. «Екінші Ұстаздың» адамзат қоғамының пайда болуы, мемлекеттік құрылым, әлеуметтік болмыстың түрлі формалары, ақыл-ой мен этикалық мінез-құлық нормалары туралы ойлары өзі өмір сүрген дәуірдің мәнін айқындайды. Түркі тілдерінде жазылған Жүсіп Баласағұн, Ахмет Иасауи, Махмұд Қашқари шығармаларында ұлы түркі ойшылының рационалистік және гуманистік идеялары анық көрініс тапқан. Әбу Насыр Фараби шығармашылығы негізінде қалыптасқан рухани және мәдени кеңестік иедялары қазақ даласының ұлы ғұламалары Абай мен Шәкәрім ойларында үндестік тапты.
Фараби еңбектері XIII-XVI ғасырлардан бастап латын, еуропа тілдеріне аударылып, кітап болып басыла бастады. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары Париж қаласында Фарабидің ең маңызды еңбектерінің бірі «Музканың Үлкен кітабы» жарық көрді.
Еуропаның орта ғасырлар мен жаңа дәуірдегі ірі ойшылдары Р.Бэкон, Д.Скот, Ф.Бэкон, Р.Декарт, Г.Лейбаниц, Б.Спиноза сынды ғалымдар өздерінің теориялық шығармаларында Фараби, Ибн Сина, Ибн Рушд еңбектерін кең пайдаланды.
Әл-Фарабидің пайымдауынша, философияның маңызы өте зор, өйткені нағыз бақытқа жол сілтейтін философиялық білім қатып қалған ілімдердің жиынтығы емес. Әрбір жаңа ұрпақ арқылы еселеніп, толығып отыратын білім арқылы толысатын даналық.
Шығыс мәдениетінде рухани ұстазға, рухани тамырларға, рухани құндылықтар мен дәстүрлерге деген ізгі қатынас қалыптасқан.
Әлемдегі үйлестіктің сырын білмей, кәміл қоғам құру мүмкін емес. Әл-Фарабидің кемел қоғам концепциясы осындай терең сенімге арқа сүйейді. Әл-Фараби этикасының жоғары категориясы – бақыт, оған білімсіз жету мүмкін емес. Әлемнің үйлесімділігі мен оның құрылымының әсемдігін танып-білу де ерекше бақыт.
Әл-Фараби адамзат баласының шексіз кемелдікке деген ұмтылысын зерделеушілердің бірегейі. Ол өз дәуірінің де, мына ұшқыр ХХІ ғасырдың да санатына жатады.
Шығыс пен Батыстың ұлылар керуені бүгінде адамзат баласымен бірге үндесіп тілеулес болып жатыр. Олардың мыңдаған жылдар бұрынғы еңбектері бүгінгі күннің қажетіне асуда.
Әл-Фарабидің
«Қайырымды қала» кітабынан