Basty bet

Шалғай ауылды орталықпен жалғаған …

Бұл жолғы әңгімемізге арқау болып отырған билікөлдік Нариман Шабалиев өте қарапайым, елгезек жан. Ол өзінің «Мерседес Бенц» маркілі шағын автобусымен шалғайда жатқан өңір тұрғындарын аудан орталығына тасымалдап, жолаушылардың шынайы алғысына бөленіп жүрген азамат.

Нариман Шаймерденұлы 1948 жылы Билікөл өңіріндегі Қарабастау ауылында дүниеге келген. Әжесі, әкесі Шаймерденнің анасы Кеңес өкіметін құруға белсенді араласқан әйгілі революционер Алма Оразбаеваның сіңлісі Қалипа Оразбаева болған. Қарағанды өңірінде Түрксіб темір жолы салынып жатқанда, Қалипаны Атбасар станциясына бастық етіп жібереді. Кейіннен ол республиканың қатынас жолдары министрлігінде бір бөлімді басқарады. 1940-41 жылдары оған халық жауы деген айып тағылып, қамалады. Қамаудан ақталып шыққанан кейін, Жамбыл облысындағы Луговой темір жол торабының бастығы болып келеді.
– Ұлы Отан соғысы басталғанда, әжем ұлы Шаймерденді броньмен бір жылға қалдырып, «Билікөл» совхозына жұмысқа жібереді. Алайда, келесі жылы броньның күші жойылып, әкем соғысқа алынады. Әжем әкемді «алдында қандай адам жолығады?» деп, ерте 16 жасында сол елдегі Зәуре деген қызға үйлендіріп, Түрксіб темір жолына өзімен бірге алып кетіпті. Майданға кетерде олардың бір ұл, бір қызы болған екен.
Әкем бірден кескілескен шайқас жүріп жатқан Сталинград майданына түседі. Содан соғыса жүріп, Берлинге дейін барады. Көрсеткен қайсарлығы мен ержүректігі үшін «За оборону Сталинграда», «За освобождение Будапешта», «За взятие Берлина», «За боевые заслуги» секілді медальдармен және «Даңқ» орденімен марапатталған, – дейді Нариман әкесі туралы.
Соғыс аяқталғаннан кейін де, Германиядағы оккупациялық әскердің қалдықтарын жою үшін әкесін майданнан жібермей, 1947 жылға дейін сонда болады. 1947 жылы әкесі майданнан елге қайтқанда, бір украин досын ерте келеді. Ол жігітті көп ұзамай ел-жұрт болып, аяқтандырып, үйлі-жайлы етеді.
Нариман 1965 жылы орта мектепті бітіргеннен кейін көршілес Жамбыл ауданының Крупская (қазіргі Өрнек) ауылындағы орта кәсіптік-техникалық училищеге ауыл шаруашылығы тракторларының тракторшы, механизатор мамандығына оқуға түседі. 1968 жылы училищені бітіріп шыққан соң әскер қатарына алынады. Отан алдындағы азаматтық борышын 1968-70 жылдары Қиыр Шығыстағы Хабаров өлкесіндегі авиация полкінде әскери ұшақтардың аккумуляторын қуаттайтын станцияда өтейді.
1970 жылы әскер қатарынан елге оралғаннан кейін Нариман алдымен өздері тұрып жатқан үйдің алдынан үлкен үй салуға кіріседі. Содан екі жылдан кейін «Билікөл» совхозына жүргізуші болып жұмысқа орналасады.
Ол кезде шаруашылықтың тасы өрге домалап, дүрілдеп тұрған шағы. 1928 жылы құрылған совхоз биязы жүнді меринос қойымен бірге, сауын сиырлар өсірумен айналысатын. Ең алғашқы директоры Кемелбек Жүндібаев деген кісі болған. Сауынды сиырлардың барлығы шетінен асыл тұқымды болатын. Совхозда аздаған бас жылқы да болатын.
Жас жігіт шаруашылықты көркейту, қоғамдық мал басын көбейту ісіне білек сыбана кірісіп, түрлі науқандарда бел шешпей жұмыс істеді. Өзіне берілген жүк көлігімен малшылардың үйлері мен табындарды жайлауға, одан қайтадан қыстауға көшіреді. Аса табандылық пен жауапкершілікті талап ететін мал азығын дайындау, мал қыстату науқандарына қатысады. 1976 жылдан кеңшар тарағанға дейін Төребай Исабаев, Орынтаев, Шыңғысбаев және тағы басқа шаруашылық басшыларымен қызметтес болды. 1990 жылға қарай шаруашылықта 56 мың бас қой, 2-3 мың бас сиыр болды. Аудандағы маңдайалды озық шаруашылықтардың бірі атанып, жыл құрғатпай, Социалистік жарыс жеңімпазы атағын иеленіп жүрді.
Нариман Шабалиев те жас әрі озық жүргізуші ретінде совхоз әкімшілігі тарапынан грамоталар, сыйлықақылар алып тұрды. 1980 жылдың қорытындысы бойынша 700 сом сыйлықақы алғаны Нариманның әлі есінде сақтаулы.
Ел тәуелсіздігін алып, шаруашылық тарағаннан кейін Нариман жеке кәсіпкерлікке бет бұрды. Өз меншігіне шағын автобус сатып алып, жолаушылар тасымалдаумен айналыса бастады. Кеңес заманында аудан орталығына жолаушылар Қаратау қаласынан шығатын автобуспен қатынайтын. Өтпелі кезеңнің ауыр жылдары жолаушылар аяғы толастап, қала мен ауылдар арасында қатынас үзілді. Міне, осы кезде Нариман шағын автобусымен аудан орталығына көлік қатынасын жолға қойды.
Әрине, жолаушылар тасымалын ретке келтіру оңайға соққан жоқ. Бұл ретте оған ауылдың алғашқы әкімі, марқұм Бекберді Қашкеевтің көп көмегі тиді. Ол аудан әкімдігінен ауылға арнайы маршрут бөлгізіп, көлік қатынасына рұқсат әперіп, кестесін жасатты. Содан бері Нариман белгіленген кестемен «Қарабастау-Бауыржан Момышұлы» бағытында аптасына үш мәрте, күнара қатынап келеді.
Бүгінде ол «Нар-Сад» ЖШС-нің құрамында қызмет көрсетеді. Тізгіндеген көлігін әркез түзік күйде ұстап, қысы-жазы жолаушыларға жылы әрі жайлы қызмет көрсетуге тырысады. Облыс әкімдігінің жолаушылар көлігі департаменті бекіткен тасымалдау бағасы жүйелі, тұрғындарға да ыңғайлы.
Ел іші болғаннан кейін, ара-тұра ауылдағы ағайынның қызығы мен қуанышын бөлісіп, көлігімен той-томалақтар мен қазаларға да қызмет көрсетеді. Қай кезде де адамдардың көңілінен шығып, алғысын алуға тырысады.
Нариман Шабалиев 1977 жылы ауылдағы Маржан Лұқманова есімді қызбен отау көтерді. Маржан жергілікті Қарымбай Қошмамбетов атындағы орта мектепте ұзақ жылдар орыс тілі және әдебиеті пәні мұғалімі болып еңбек етіп, бүгінде зейнет демалысында. Олар өз кіндігінен өрбіген бір ұл, тоғыз қызды өсіріп, тәлімді тәрбие берген. Өз балаларына қоса ұл-қыздарының бөлесі Нұрсұлтанды да қамқорлығына алған.
Бүгінде қыздарының бәрі тұрмыста, Алматыда, Астанада тұрады. Ұлы Темірхан Таразда жеке кәсіпкер, қолөнер шебері, ағаштан түрлі бұйымдар жасайды. Кенже қызы Ақжан қалада студент.
Шабалиевтер отбасындағы өмірлік басты қағида – еңбек. Өзі де өмір бойы бел жазбай еңбек еткен Нариман аға әулетін де осы еселі еңбекке жұмылдыра білді. Олар Қарабастау ауылынан алғашқы машина жөндеу станциясын ашқан. Оны Нұрсұлтан жүргізуде. 2014 жылы отбасымен ақылдаса келе, «Темірхан» шаруа қожалығын құрған. Қожалық мал шаруашылығымен, қой, сиыр өсірумен шұғылданады. Қазір шаруашылықтың жұмысын күйеу баласы Айқас пен қызы Ұлжан екеуі жүргізіп отыр.
Өмірден түйгені мол, ұлағатты ұрпақ өсіріп отырған еңбек ардагері Нариман Шабалиевтің бала тәрбиесіне қатысты айтар ой-пікірлері бар.
– Бүгінгі жастар – ертең елге ие болатын азаматтар. Сондықтан олардың бойында қазақы тәрбиенің нышаны көбірек байқалса, үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді қасиеттер молынан болса, кез келген табыс пен жетістіктің кілті – еңбекте жатқанын жете түсінсе, еңбектің бағасын білсе екен деймін. Сонда ғана еліміздің келешегі жарқын болады, – дейді Нариман аға.
Осылайша, жасы жетпістен асса да, Нариман Шабалиев өзінің еселі еңбегімен әулетіне, қала берді ауыл-аймағына ұрпақ тәрбиесінде үлгі-өнеге бола береді. Біз оған зор денсаулық, қажымас қайрат, өсірген ұрпағының қызығын көруді нәсіп етсін деп тілейміз.

Абылайхан СӘРСЕН,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close