Basty bet
Алқап басындағы қызу еңбек
Нұрлыкентте бау-бақша өнімдері егілуде
Ауданда бау-бақша өнімдерін егу жұмыстары аяқталуға таяу. Көршілес Түркістан облысына қарағанда біздің ауданда бау-бақша өнімдері кештеу егіледі. Оның өзіндік себептері де бар. Біріншіден Жуалыда ауа райы салқын. Оның үстіне каналдар мен тоғандардан келетін ағын судың кешеуілдейтіні тағы бар. Мұның да дақылдарды дер кезінде егуге тигізер әсері жоқ емес. Биыл ауданда бау-бақша өнімдерін егумен айналысатын диқандар егу жұмыстарын мамыр айының соңына таман бастады. Айта кету керек, бау-бақша өнімдері негізінен Нұрлыкент, Қарасаз ауылдық округтерінде көптеп егіледі.
Жақында Нұрлыкент ауылында болып, шаруалардың алқап басындағы қырыққабат егу жұмыстарын көріп келген болатынбыз. Жалпылай айтқанда, округ орталығының айналасындағы, ауыл ішіндегі алқаптарға картоп, сәбіз, қырыққабат т.б. бақша дақылдары егіледі.
Бұрыннан диқаншылықты кәсіп етіп келе жатқан Нұрлыкент ауылының тұрғыны Әбдіғани Акбазов биылғы жылдың өнімі үшін екі гектар алқапқа қырыққабат, 70 соттық жерге сәбіз егуде. Алқапқа негізінен «Ринда», «Бухарест» деп аталатын қырыққабат сұрыптары егілуде.
–Бау-бақша өнімдерін егу жұмыстарын өткен аптаның соңғы жағында бастаған болатынбыз. Қырыққабат егудің бір ерекшелігі, жас көшеттерді алқапқа қондырған мезетте суғару керек. Олай болмаған жағдайда көшеттің өсіп-жетілуі кешеуілдейді. Тіпті, өнбей қалуы да мүмкін. Көшеттерді уақтысында егіп жатырмыз. Шамамен бір гектар алқапқа 35 мыңдай көшет егіледі.
Бұл жұмыстарды басынан бастап айтатын болсам, қырыққабат көшеті алдымен үй жағдайында жылы орында өндіріледі. Өсіп шыққанша суғарып қараймыз. Содан соң топырақтан қазып алып, алқаптарға қондырамыз. Егу науқанында алқап басында екі-үш күндей қызу жұмыс болады. Оған 20-дан астам жұмысшы жалдаймыз. Жұмысшылардың барлығы ауылдың қыз-келіншектері. Ал үйде бес адам көшеттерді қазып, егуге дайындап береді. Егіп болғаннан кейін де алқап басында шөп жұлу, кетпендеу, суғару жұмыстары жүреді. Міне, өнімді егіп, дүкен, базар сөрелеріне жеткізгенше отбасымызбен ұзақ уақыт қызу еңбектенеміз. Бұл тірлікке жұбайым Базаркүл, балаларым мен келінім, немерелерім көмектеседі. Жалпы жұмысымыз жаман емес. Экологиялық жағынан алғанда таза әрі сапалы өнімге қашанда сұраныс жоғары. Тауарды Тараз қаласындағы «Ауыл Береке» базарына апарып өткіземіз. Одан бөлек, Шымкент қаласынан да көтере алатын саудагерлер келіп алып кетіп жатады. Еңбек етудің нәтижесінде балаларымызды оқытып, тұрмысымызды да түзеп жатқан жайымыз бар,- дейді диқан Әбдіғани Ергешұлы.
Иә, шынында топырағы құнарлы Жуалы жерінде өндірілген кез келген өнімге сұраныс қашанда жоғары. Біздің картопты, етті, сүт өнімдерін тағы басқа сапалы азық-түлік өнімдерін сауда орындарында, азық-түлік жәрмеңкелерінде тұтынушылардың іздеп жүріп алып жатқанын өзіміз де талай көріп жүрміз. Алайда бір өкініштісі, өнімді жыл он екі ай арнайы қоймаларда сақтап, жоғары бағамен саудалауға әлі күнге мүмкіндіктер қарастырылмай келеді. Мұны кез келген жуалылық диқан қынжыла айтады. Бір ғана мысал айтайық, ауданда бірқатар ауылдық округте шаруалар картоп егеді. Олар көктемнен қара күзге дейін еңбектеніп, өнімді өсіруге қаншама қаражат жұмсап, шығынданады. Өнімді қаза бастаған уақытта алқап басында үлкен-үлкен жүк көліктерімен келген алыпсатарлардың қарасы көбейе бастайды. Олар еш еңбектенбестен дайын өнімді арзан бағаға алып, оны тиісті орындарға қайтадан қымбатқа саудалайды. Осылайша шаруалардың дайын өнімді арзанға сатуына тура келеді. Себебі, қызметтің бәрі ақылы. Жалдаған көлігімен, жұмысшылармен есеп айырысулары қажет. Шаруалардың амалдың жоқтығынан осындай қадамға баруына тура келеді. Орталықтандырылған қоймалар болса, өз өнімімізді ұзақ сақтап сатуға мүмкіндік болар еді.
Бұл мәселені, дәлірек айтқанда, өнімді өткізудегі қиындықтарды нұрлыкенттік диқан Әбдіғани Акбазов та айтып отыр.
–Өздеріңіз көріп отырғандай, пандемияға байланысты биылғы жылы бірқатар қиындықтар туындап отыр. Бұл қиындықтың салқыны өнімді өткеруге де кедергі келтіре ме деген күдігіміз бар. Облыс орталығына кіріп-шығуға тыйым салынатын болса, өнімді облыс орталығындағы сауда орындарына апарып өткізуде қиыншылықтар болатыны белгілі. Ауыл шаруашылығына жауапты тұлғалар осы жағдайларды дер кезінде ескерсе игі. Тағы бір айта кетерлігі, өнімді егетін жер тапшы. Жерді көбінесе жалға алып егеміз,- дейді диқан.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»