Basty bet

«Қыста малыңды бақ, жазда шөбіңді шап…»

Уақыттан жылдам, уақыттан ұшқыр нәрсе жоқ-ау бұл дүниеде. Әне-міне дегенше, жадыраған жаздың алғашқы айы да аяқталып барады. Шаруа бағып, мал-жанының қамын ойлаған ауылдағы ағайынға бұл мезгілде арқаны кеңге салуға әсте болмайды. Ауданда маусым айының ортасынан бері қарай шөп ору науқаны жедел басталып кеткені белгілі. «Қыстың қамын жазда ойла» дегенді басты бағыт етіп ұстанған жуалылық шаруақор ағайын жауапты науқан – мал азығын молынан дайындау жұмыстарына қызу кірісіп кетті. Қысқасы, қазіргі таңда дала төсінде қызу еңбек салтанат құрып отыр.

Осы уақытқа дейін мал азығы қаншалықты деңгейде дайындалып жатыр? Осы ретте аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің ресми мәліметтеріне сүйенсек, ауданда барлығы 28 630 гектар шабындыққа орақ салу көзделген. 24 маусымдағы мәліметте көрсетілгендей, оның 9230 гектары орылып, көрсеткіш 32 пайызды құрап отыр. Жасыл орақ науқанында аудандағы «Орталық», «Гамбург», «Қаратау-98», «Ақсанат» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, сонымен бірге «Қазақстан-Жуалы», «Агро-Ордахан» өндірістік кооперативтері мал азығын молынан дайындап, белгіленген межені аяқтауға таяу. Нақты айтқанда, аталған шаруашылықтардағы 1311 гектар шабындықтың 836 гектары орылып, 64 пайыз көрсеткішке жетіп отыр. Бұл, әрине, жақсы көрсеткіш.
– Ауданға қарасты 14 ауылдық округтің де шаруалары осынау жауапты науқанның көрігін қыздырып отыр. Мысалы, Ақсай ауылдық округінде 1312 гектар шабындық шабуға белгіленсе, бүгінгі күнге оның 476 гектарына орақ түскен. Ақтөбе ауылдық округінде де 1170 гектардың 455-і орылып үлгерген. Мұндағы көрсеткіш 39 пайызды құрап отыр. Өзге де ауылдық округтерде мал азығын дайындау жұмыстарында ілгерілеушілік байқалады. Қалай дегенде де табиғаттың сыйын ысырапсыз жинап алу маңызды. Шабындықтардан алынып отырған өнім көлемі, сонымен бірге алқаптардағы шөптің шығымы өткен жылмен салыстырғанда төмен болып отырғаны жасырын емес. Өткен жылы шаруалар әр гектардан 49 бен 52 центнер аралығында өнім алса, биылғы жылғы көрсеткіш 25 центнерге әрең жетіп отыр. Осыған байланысты тайланған шөптің бағасы да біршама көскенін байқауға болады,- дейді аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Сәбит Нұрлыбаев.
Әр жылдың өзіндік ерекшеліктері болатыны белгілі. Сәуір айы жауынды болғанымен, одан кейінгі шығыстан соққан суық жел шөп пен егін алқаптарына біршама зиянын тигізді. Бұл табиғи жағдай да алқаптардан алынатын өнімнің көлемін біршама төмендетті.
Бұған да шүкір. Ең бастысы – мал мен жанының амандығын қоса тілейтін шаруақор ағайын келер қыстан қысылмай шықса болғаны…

Нұржан ДЕРБІСАЛИЕВ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close