Basty bet
Аманатқа қиянат жүрмейді
Алла тағала адамзат баласына қасиетті Құран Кәрімнің «Бақара» сүресі 195-аятында «Бастарыңды қауіп-қатерге тікпеңдер» деп ескерткен. Біздің денсаулығымыз Алланың берген аманаты. Сол себептен де, біз ешқашан аманатқа қиянат жасамауымыз керек. Денсаулығымызға күтім жасап, қауіп-қатерге ұрынбауымыз керек. Жаратқан иеміз құлдарына түрлі сынақтар беретіні хақ. Ал енді сабырсыздық танытып бей-берекетсіздік көрсетіп аурудан сақтанбай, қалай болса солай әрекеттер жасайтын болсақ, онда бұл аты жаман аурудан еш қорғана алмаймыз. Солай болды да. Сенімсіздік танытып жүріп талай жақсы-жайсаңдарымыздан, туған-туыстарымыздан, жақындарымыздан айырылып қалдық. Ендігі кезекте ондай жағдайға жол беруге болмайды. Сақтық шараларын толық ұстануымыз керек. Көпті жинап той-думанды өткізуден, басқа да көпшілік жиналатын іс-шараларды өткізуден бас тартуымыз абзал болады. Үйден басқа орындарға барғанда ауыз бен мұрынға бетперде тағуды ұмытпау ләзім. Сәлемдесу рәсімінде тек шын көңілмен ауызша орындасақ, сол жетіп-артылады.
Қадірлі жерлестер! Баршаларыңыздың аман-саулықтарыңызды тілей отырып, әлемді сарсаңға салған осы бір аты жаман аурудан, яғни «COVID-19» пандемиясынан шамаларыңыздың келгенінше өздеріңізді, отбасыларыңызды сақтану шараларын қатаң ұстануға сұранамын. Ардақты Пайғамбарымыз: (оған Алланың игілігі мен сәлемі болсын) «Бір адамды қасақана өлтіру, бүкіл адамзатты өлтіргенмен тең, ал бір адамды аман сақтап қалу, бүкіл адамзатты сақтап қалумен тең» деген. Сол себептен, біз әрбір адамның өмірі үшін күресуіміз керек. Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілеймін!
Пернебек БЕРДІМБЕТОВ,
Шақпақ ауылдық округінің төбе биі