Basty bet
Болған іске болаттай берік болу
қазақ халқына ғана тән қасиет
Қазір елімізде коронавирус індетінің өршіп тұрғаны белгілі. Індеттің таралуы күн санап артып барады. Бұған халық арасындағы бей-берекет жүріс, қоғамдық орындар мен адамдардың арасындағы санитарлық талаптарды тиісті деңгейде сақтамау жағдайлары әсер етуде. Бұл әрине, жақсы емес.
Қауіп қайдан демеңіз. Шыны керек, аталған аты жаман індет таралған алғашқы күннен-ақ ел тұрғындарының оған күмәнмен қарап: «мұндай ауру жоқ, болса да біздің елге келмейді немесе ананы, мынаны ішсе, жесе адамға вирус жұқпайды екен» деген қауесеттердің желдей ескенін жоққа шығара алмаймыз. Осындай негізсіз ақпаратқа сенгендігімізден де болар, ел ішінде аурудың таралуына өзіміз мүмкіндік беріп алған жағдайымыз бар. «Жау жоқ деме, жар астында» деген. Желсөзге сене бермей, осыны мықтап түсінетін кез келген сияқты.
Президент Қ.Тоқаев кеше телеэфирден сөйлеген үндеуінде вирус жұқтырғандардың жеті есе өскенін, бұл көп жағдайда бірқатар мемлекеттік органдардың жұмысындағы кемшіліктерге байланысты болып отырғанын ашық айтты.
Менің ойымша, елде мұндай күрделі ахуал қалыптасып отырғанда түрлі қажеттіліктердің де пайда болатыны заңды құбылыс. Қасым-Жомарт Кемелұлы айтқандай, халыққа сары уайымға салынуға әсте болмайды. Мұндай жағдайда ішкі рухымызды, ауруға қарсы иммунитетімізді төмендетіп алатынымыз анық.
Қазіргі жағдайдың күрделі екенін жоққа шығара алмаймыз. Мемлекет бірінші күннен-ақ дайындыққа кірісті. Аурудың таралмауына күштік құрылымдарды, құқық қорғау органдары мен медицина қызметкерлерін, еріктілерді жұмылдырылды. Олар блок-посттарда уақытпен санаспай күндіз-түні тер төкті. Алайда Президент атап өткендей, ақпараттар легі теріс пікірлердің ықпалында кетіп, дәрігерлердің ерлікке пара-пар еңбектері көрінбей, еленбей қалды.
Дәл қазіргідей жағдайда халықты дұрыс ақпараттандыру да аса маңызға ие екені белгілі. Осы ретте әлеуметтік желілердегі теріс ақпарат тасқынынан абай болғанымыз абзал. Жалған ақпараттың адамды жарға жығатыны бар. Алдымен арандатушылардан сақ болайық. Жуалы жұртшылығына айтарым, күрделі кезеңде болып жатқан жағдайларды әбден сараптап, салмақтап, байыбына барып, шешім қабылдарда барлығын сабыр мен ақылға салғандарыңыз дұрыс.
Бұл – уақытша сынақ. Өтпелі құбылыс. Болған іске болаттай берік болу біздің қазақ халқына ғана тән қасиет. Осыны естен шығармайық, ағайын!
Жарас МҰРАТАЙ,
қаржы саласының
ардагері.
Жамбыл облысының
Құрметті азаматы