Basty bet
Қасиетті қара шаңырақ
Отбасы – Отанның тірегі. Отбасы мықты болғанда ғана Отанымыздың да іргесі берік болмақ. Біздің елімізде ежелден желісі үзілмей отбасылық құндылықтары қалыптасқан, іргесі берік отбасылар көптеп саналады. «Досы көпті жау алмайды, ақылы көпті дау алмайды» демекші, мұндай іргелі отбасылары бар елімізді ешкім де ала алмайды. Отбасылық құндылықтарымызды да ешкім жоққа шығара алмайтыны даусыз. Иә, отбасы қалай құрылады? Оның негізгі тіректері мен сүйеніштері кімдер десек, әлбетте, шаңырақтың басиесі мен сол әулеттегі беделді үлкен ақсақалдар, ақылман қариялар, өмірдің неше түрлі тезінен, сынынан сүрінбей өткен ақ жаулықты, ақ пейілді аналарымыз болмақ. Осы тұрғыда өмір көрген, қатал тағдырдың қарлы дауылдарына қаймықпай қарсы тұрған ата-апаларымыз өз отбасы, әулетімен қатар, бір қауым елдің тұтастығы мен тәуелсіздік тұғырының нығаюына да ерен еңбек сіңіріп келеді.
Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың осыдан біраз жыл бұрын ел газеті – «Егемен Қазақстанда» жарық көрген «Ұлы дала ұлағаттары» атты мақаласын оқысаң отбасы құндылықтары, қариялардың қадірі, тәуелсіздік тұғыры, Мәңгілік ел турасындағы ордалы ойларға кезігесің. Мысалы, Елбасы мақаланың бір тұсында былай дейді: «Кезінде кең-байтақ елімізде еңбегімен де, ақыл-парасатымен де өз мамандығының қыр-сырын қапысыз меңгерген аға-апаларымыз болды. Олардың бірталайы қазір де Отанымыздың дамып, өркендеуіне шынайы ақыл-кеңестерімен елеулі үлес қосуда. Өз кезеңінде дала академиктері атанған еңбек қаһармандары Шығанақ Берсиев, Жазылбек Қуанышбаев, Ыбырай Жақаев, Нұрмолда Алдабергенов, Ұлбала Алтайбаева, Сәлима Жұмабекова, Зылиха Тамшыбаева, Кәмшат Дөненбаева, Жолсейіт Молдасанов секілді жүздеген үздіктер елдің даңқына даңқ, абыройына абырой қосып, жастарымыз еліктейтін ерен тұлғаларға айналды. Бұлар өз мамандығының топжарғандары еді. Олардың қай-қайсысы да еңбегі мен ақыл-парасаты қатар тоғысқан жандар болатын. Бүгінгі күні олардың игі істерін, іргелі жолын жалғастырып келе жатқан келесі толқын да осы биіктен көрінуде. Бұл толқын жалғаса, жаңара береді».
Еңбек майданында шыңдалған көнекөздердің қатарында Талапты ауылының қадірменді анасы, еңбек майданының майталманы, ақ жаулықты ана, бүгінде сексен төрт жасқа келіп отырған Кәмилакүл Ахметқызы да бар. Әлбетте, ата көргеннің ақылы артық, ана көргеннің өнегесі артық. Кәмилакүл Ахметқызы бұрынғы Ақсай ауылында туып-өскен. Өзінің айтуынша, ата-аналары шаруа кісілер болыпты. Өткен ғасырдың отызыншы жылдары әкесі Ахметті өкімет «бай-құлақ» деп қудалаған көрінеді. Бұл отбасының басынан неше қилы оқиғалар өткен. Біздің кейіпкеріміз бір отбасында үш қыз тәрбиеленген.
Сонымен бойжеткен Кәмилакүл 1956 жылы Талапты ауылындағы Әбдіхан деген қарияның шаңырағына келін болып түседі. Күйеуі Әшімхан Әбдіханұлы Ленин колхозында бухгалтер, одан кейін ауыл мектебінде еңбек пәнінен ұстаздық еткен. Тағдырдың жазмышы болар, 1969 жылы Әшімхан кенеттен дүние салады. Бес баланы асырап, жеткізу жастайынан ерінен айырылып, жесір қалған Кәмилакүл апаға оңай болған жоқ. Сол кездегі тәрбиенің әсері болар, бәлкім адамның бойындағы намыс болар, Кәмилакүл тез ес жиып, белді бекем буды. Намысқа тырысып колхоздың жұмысына шықты. Алғашында қызылшада жұмыс істеді, картоп, жүгері алқаптарында сушы болды. Әйтеуір, колхоз басшылығы қайда жұмсаса, сонда барып жұмыс істеді. Шиеттей баланы асырап-бағу оңай емес. Ол балаларының болашағы үшін көп қиыншылықтарды бастан өткізді. Кейде жұмыс барысында жазатайым оқиғалар да орын алып, соның әсерінен аяғын сындырып алған кездері де болды. Бірақ, қайсар жүрек, рухының мықтылығынан ешқандай қиыншылыққа мойыған жоқ. Кейіннен ауылдық клубта қарауыл болып, сол жерден зейнетке шықты.
-Небәрі 17 жасымда осы әулетке келін болып түстім. Онда қайын атам, екі енем бар болатын. Бәріне қызмет еттік. Күйеуім Әшімхан өте ақкөңіл, бойшаң кісі болатын. Колхозда, одан соң ауыл мектебінде жұмыс істеді. Сөйтіп, ойламаған жерден жас шағында қайтыс болды. Содан еңбекке араласып кете бардық. Қазір жасым сексеннен асты. Осы ғұмырымда Алла тағаланың көрсеткенін көріп келе жатырмын. Шүкір, еңбек етіп ел қатарына қосылдық. Құдайдың берген перзенттері екі ұл, үш қызды «қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқыттырмай» асырап, жеткіздім. Қиыншылықтарды да көп көрдім. Балаларым есейген соң маған қолғанат бола білді. Еңбекке баулып өсірдім. Енді, міне, осылардың қызығын көріп отырмын,- дейді Кәмилакүл ана.
«Орнында бар оңалар» деген сөз бар халқымызда. Әшімханның кіндігінен тараған Қыдырбек, Қасымбек есімді екі ұл, Шолпан, Науаткүл, Ләззат есімді қыздар бар. Үйдің тұңғышы Қыдырбек бұрынғы Фрунзе қаласында ауыл шаруашылығы институтын бітірген. Мамандығы бойынша ауданда біраз жыл жұмыс істеп, қазіргі таңда «Өркен-1» шаруа қожалығын басқарып келеді. Үш қызының үшеуі де жоғары білімді. Әбдіхановтар отбасының үлкен қызы Шолпанның мамандығы физика-математика пәнінің мұғалімі. Нұрлыкент ауылында тұрады. Осындағы М.Ломоносов атындағы орта мектепте ұстаздық етеді. Екінші қыз Науаткүлдің де мамандығы мұғалім, яғни бастауыш сыныптың мұғалімі. Жаңаталап ауылында мектепте жас ұрпақтың тәрбиелі, білімді азамат болып қалыптасуына еңбек сіңіріп келеді. Ал, Ләззат Тараз қаласында есепші мамандығымен жұмыс жасайды.
Талапты ауылындағы іргесі берік әулеттердің бірі саналатын Әбдіхановтардың қара шаңырағының түтінін Қасымбек Әшімханұлы түтетіп отыр. Қасымбек аға Жамбыл қаласындағы гидромелиоративтік институтын бітірген екен. Ленин колхозында 17 жыл жүргізуші болып жұмыс істеп, кейіннен Тараз мемлекеттік университетінде оқып, 2001 жылы ауылдағы №22 Б.Момышұлы атындағы орта мектепке сызу және көркем еңбек пәні бойынша мұғалім болып ауысады. Жұбайы Жанат мектепте 32 жылдан бері бастауыш сыныптың мұғалімі болып еңбек етіп келеді екен. Отбасында екі ұл, бір қыз тәрбиелеген өнегелі жанұя. Үлкені Дастан Алматыда жоғары оқу орнын бітіріп, бүгінде Талғар ауданында мектепте дене шынықтыру пәнінен сабақ береді. Ал отбасының жалғыз қызы Жадыра Қасымбекқызының да мамандығы мұғалім. Кенже ұл Есжан Алматыдағы Қазақ ұлттық аграрлық университетінен ветеринар мамандығын алып, қазіргі таңда ауданға қарасты Қарасаз ауылында ветеринариялық пункттің меңгерушісі болып жұмыс істейді. Ал келіншегі Гүлнұр Қонай аудандық ветеринариялық зертханада лаборант. Отбасында Айзере, Альбина есімді екі қызды бүлдіршіндей етіп тәрбиелеп отыр. Жалпы бұл әулетте ұрпақ жалғастығындай болып 15 немере, 19 шөбере өркен жайып келеді.
-Анамыз сексен жастан асса да бізге әлі күнге ақыл-кеңесін айтып отырады. Немере, шөберелерін бағып, ұл-қыздарының қызығын көріп жүріп жатыр. Әлі де жеңіл-желпі жұмыстарды жасай береді. Біз қаншалықты есейіп кетсек те анамызға сәби болып қала береміз. Анамыз, бауырларымыз, ұрпағымыз аман болсын. Анамыз аман-есен болса, біз де қартаймаймыз,- дейді қара шаңырақтың иесі Қасымбек Әшімханұлы.
Иә, ауыл – береке, ауылда тұрған соң тірлік керек. Техниканың тілін меңгеріп, төрт түлік асырау да маңызды. Осы орайда, Әбдіхановтар әулетінің үлкен ұлы Қыдырбек ағаның «Өркен-1» шаруа қожалығын құрғанын жоғарыда айтқанбыз. Шаруашылық Талапты ауылында орналасқан. Иелігінде 500 гектардай жері бар. Оған арпа, бидай, мақсары, жоңышқа, картоп егіледі. Малдың басын көбейтуді де қолға алған. Інісі Қасымбек те аталған шаруа қожалығының мүшесі. Шаруашылықтың жұмысы өнімді. Аталған шаруа қожалық бірқатар салалық медальдарға, басқа да марапаттарға лайық деп танылуда.
Әбдіхановтардың Талапты ауылындағы қара шаңырағында болып, отбасы мүшелерімен сұхбаттасып, әңгімелесіп болған соң Кәмилакүл апа бізге ақ батасын берді.
– Ұл-қыздарыма, немерелеріме рақмет. Өмір бойғы еткен еңбегімді бағалап келеді. Алпыс жылдық мерейтойымды жасап берді. Өркендері өссін. Ал кейінгі жастарға айтарым, ерінбей еңбек етіңдер, зиянды әдеттерден аулақ болыңдар, ешкімге жаман сөз айтпаңдар. Қатарларыңның алды болып, өсіп-өне беріңдер,- дейді сексеннен асқан кейуана. Ақ жаулықты ананың тілегі қабыл болсын. Ақ тілеулі аналарымыз барда Отанымыздың да берекесі мен ынтымағы арта бермек.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»