Basty bet

Ауыл қариялары мен жастар бірлесіп ағаш екті

Кез келген өңірдің таза, жанға жайлы көз тартарлықтай болып жайнап тұруы – ең алдымен сондағы тұрғындардың экологиялық белсенділігіне және туған өлке табиғатына жанашырлығына тікелей байланысты. Осы мақсатта қасиетті Жуалы өңірінің аумағын абаттандыру, көгалдандыру мақсатындағы жүйелі жұмыстар өз жалғасын табу үстінде. Қазір бұл жұмыстар ауданға қарасты барлық ауылдық округте белсенділікпен атқарылуда. Бұл жұмыстарға «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының тигізіп отырған орасан зор пайдасын баса айтуға тиіспіз.

Осыған орай кеше ауданға қарасты Мыңбұлақ ауылдық округінің Талапты ауылында игілікті шара ұйымдастырылып, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының аясындағы «Өнегелі ұрпақ» апталығының басталуына байланысты ағаш көшеттері отырғызылды. Халық жазушысы, қазақ әдебиеті мен көсемсөзінің көрнекті өкілі Шерхан Мұртазаның мемориалдық музей үйінің аумағында аудан қариялары және оқушы жастар мен жұмысшы жастар бірлесіп ағаш екті.
Аға буын мен жас буын өкілдерінің басын қосып, ой-пікірлері мен күшін бір арнаға тоғыстарған игілікті іс-шараға аудан әкімі Жалғас Мұртаза қатысып, сөз сөйледі. Жалғас Әлижанұлы өз сөзінде, шараға қатысушы белсенді жастарға «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясының аясындағы «Өнегелі ұрпақ» апталығының басталуына атсалысуға келгендері үшін алғыс білдіріп, жалпы табиғатқа жанашыр болып, қоршаған ортаға қамқор болудың елдік тұрғыдан маңызы зор екенін айтып, ұрпақтар сабақтастығы салтының желісі үзілмей келе жатқанына қуанышты екенін жеткізіп, игілікті шаралардың жалғасын таба беруіне шын жүректен тілектестік білдірді.
Екінші кезекте «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-ның аудандық филиалының төрағасы, денсаулық сақтау жүйесінің үздігі Сейітхан Жұмашев сөз сөйлеп, экологиялық акцияға атсалысуға келген барлық азаматқа игі тілек білдіріп, ағаш егу жұмыстарына сәттілік тіледі. Ақсай ауылдық округінің қадірлі қариясы, еңбек ардагері Кеңес Шымкентбаев жастарға ақ батасын беріп, игі тілегін жеткізді.
«Өнегелі ұрпақ» деген атау беріліп, айдар тағылған апталық іс-шараның барысында аға буын мен жастар өкілдері күш біріктіріп Шерхан Мұртазаның мемориалдық музей үйінің бауына алма ағаштарының көшеттерін екті. Игілікті істің басы-қасынан табылып, жастарға өнеге мен тура жолды көрсетіп, бабалар дәстүрін жаңғыртуға келген ақсақалдар ағаш көшеттерін егу барысында жастарға өнегелі сөздерін айтумен бірге, жалпы тал-дарақ пен жеміс ағаштарының көшетін отырғызу сауапты әрі пайдалы іс екенін айтып, жиналғандарға ұзақ өмір, жақсылық тілеп, ақ баталарын жаудырды.
Ағаш егуге аудандық билер кеңесінің төрағасы Мұратқали Рахметов, аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Әбдікерім Уркумбаев, әкелер кеңесінің төрағасы Әбуғали Ералиев, Б.Момышұлы ауылы ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Дәуренов, ардагер Шәкіржан Мамаджанов, Мыңбұлақ және Ақсай ауылдық округінің ардагерлер кеңесінің төрағалары Мұхтар Тұрғымбеков, Кәрібай Құрмашев, Кеңес Шымкентбаев, сонымен қатар, Талапты ауылының белсенді ардагер азаматтары қатысып, жастарға үлгі-өнеге боларлықтай іс атқарды.
Ағаш егу жұмыстары даңқты қолбасшы, қазақ халқының қаһарман перзенті Бауыржан Момышұлының кіндік қаны тамып, балғын балалық шағы өткен қасиетті орын «Момыш бұлақтың» маңында жалғасып, онда да ауыл қариялары мен жастар жеміс ағаштарының көшетін егіп, игілікті іске белсене атсалысты. «Момыш бұлақтың» басына ағаш егу шарасына аудан басшысы Жалғас Мұртаза қатысып, жастармен бірге ағаш екті.
Айта кету керек, аумағы екі гектар жерді алып жатқан қасиетті орынның айналасы темірмен қоршалып, ортаға стелла қойылған. Бірнеше жылдан бері мұнда Қайрат ауылының сыйлы қариясы Аманжол қажы Дүрәліұлының бастамасымен ағаш және гүлдің көшеттері отырғызылуда. Кеше бұлақтың басына ағаш егу барысында да бірнеше көшет егілді.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close