Basty bet
ӘЙЕЛ – ОТБАСЫНЫҢ БЕРЕКЕСІ
Әйел – Ана, әйел – жар, әйел – отбасының ұйытқысы. Ер азамат үйдің егесі
болса, әйел – үйдің шегесі. Бұл дәлелдеуді қажат етпейтін ақиқат. Бұрынғы
жаугершілік заманда керек десеңіз, кейбір қазақ әйелдері ерлермен бірдей атқа
қонып, қолына қару алып жауға қарсы соғысқан. Қазір де әйелдер үй шаруасы,
«отбасы, ошақ қасымен» қатар қоғамдық шаруаларға, басшылық қызметтерге
де белсене араласып келеді. Қысқасы, қазіргі әйел бейнесінің қыры көп.
Осындайда: «Әйел бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген
әйгілі қағидаға көз жеткізе түскендейсің. Жалпы аналар, әйелдер қауымын жырға
қосып, жүрегі тебіренбеген ақын жоқ шығар?!Ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың
«Қайран жандар» өлеңінде: «Қайран біздің
шешелер! Арды ойлаған, шілік шауып, ши
орып, бау байлаған. Жігіттерден айырылып,
қалмай қараң, Қырман басып, егін сап, арба
айдаған…» деп жырлауы сірә да тегін емес.
Иә, осылай ерінің тілеуін тілеп,
балаларының амандығын ойлайтын
әзіз аналар арамызда аз емес. Сондай
жандардың бірі бүгінде Қарасаз ауылдық
округіне қарасты Көктас ауылында тұрады.
Рысбек батыр ауылының тумасы Айтолқын
Жолдыханқызының көктастық Ахметовтар
әулетіне келін болып түскеніне аттай 33
жыл болыпты. Ол Нұрбай Ахметов екеуі
бір-бірін жүрекпен ұғынып, бүгінде өнегелі
шаңыраққа айналып, отбасында екі ұл, үш
қыз тәрбиелеп отырған жайы бар. Отағасы
Нұрбай Сыйқымбайұлы 1982 жылдан
2005 жылға дейін бұрынғы Карл Маркс
совхозында механизатор, комбайншы болып
жемісті еңбек еткен екен. Ол еңбектің ерен
үлгісін көрсетіп, егін бастыру науқанының
барысында өзге комбайншылардан оқ
бойы озық болып, бірнеше жылдар бойы
бірінші орынды еншілеп отырған. Совхоз
басшылығы Нұрбай ағаның ерен еңбегін
ескеріп, 1991 жылы өз алдына комбайн
беріпті. Ағаның басқа да еңбекпен жеткен
жетістіктері жетерлік.
– Н ұ р ба й а ғ а л а р ы ң м е н ш а ң ы р а қ
көтергеннен бері отбасымыздың берекелі
де мерекелі болуы үшін отанасы ретінде
аянбай еңбек етіп келемін. Жұмыстың аты
– жұмыс. Ағаларың жұмысқа ерте кетіп,
кеш келетін. Сол кезеңдерде совхозда
орақ науқаны, басқа да сан салалы
жұмыстар қызу жүріп жататын. Мен де
сондай жұмыстардың бір шетінде жүрдім.
Отағасының үйдегі жағдайын да жасап
отырдым. Арасында өмірге балаларымыз
келді. Оларды жақсылап тәрбиелеп, еңбекке
баулып өсіруге әлі де атсалысып келеміз.
Отағасы 2005 жылға дейін совхозда өнімді
де жемісті еңбек етті. Тұрмысымыз жаман
болған жоқ. Көзімізді ашқалы еңбекпен
есейіп, оның ішінде ауыл шаруашылығы
саласында тер төгіп келеміз. «Әке көрген
оқ жонар, шеше көрген тон пішер» демекші,
өз әкем Жолдыхан қария Рысбек батыр
ауылында колхоз жұмыстарына белсене
араласқан, еңбекқор кісі болатын. Біз де
сондай тәрбиемен өсіп, отбасындағы
балаларға да еңбектің қадір-қасиетін
жалықпай насихаттаумен келеміз. Қазіргі
жастардың беталысы, кәсіппен айналысып,
кейбірінің техниканың тілін жетік меңгеріп
жатқаны көңілге қуаныш ұялатады. Осы
ретте үлкен ұлымыз Ержігіт те әкесінің
жолын қуып, механизатор мамандығын оңай
игеріп алды. Қазіргі таңда «Инабат» шаруа
қожалығының жұмысын жүргізіп, иелігіміздегі
21 гектар жерді тиімді игеріп отыр,- дейді
Айтолқын Жолдыханқызы.
Ұлы Абайдың: «Адамның жақсы болуы
тегінде емес, тәрбиесінде, ақылында,
өнер-білімінде» дегеніндей, өнегелі, ауыл-
аймаққа сыйлы Ахметовтар отбасында
өмірге келіп, тәрбиеленген ұл-қыздар да
қазіргі заманға қажетті мамандықтарды
игеріп, бүгінде өмірден өз орындарын тапқан
үлгілі азаматтар. Отбасының тұңғышы
Ержігіттің техника тілін меңгерген азамат
екенін айтқанбыз. Ал одан кейінгі қыз Балнұр
бухгалтер мамандығын игеріп, бүгінде Тараз
қаласында жұмыс істейді. Айдана да Тараз
қаласындағы мектептердің бірінде музыка
пәнінен ұстаздық етеді. Екінші ұл Еркебұлан
да облыс орталығында «Жасыл ел-Тараз»
мекемесінде жемісті еңбек етіп келеді. Ал
отбасының сүткенже қызы Инабат Алматы
технологиялық университетінде биотехнолог
мамандығы бойынша оқып жатыр. «Бала
– балдан тәтті, немере – жаннан тәтті»
демекші, Ахметовтар отбасының ұл-
қыздарынан бес немере тарап отырғанын
да айтқымыз келеді.
-Ауылда тұрған соң міндетті түрде төрт
түлік ұстап, техниканың тілін меңгеру керек
деп ойлаймын. Жерді жақсылап өңдеп,
жанашырлықпен қарасаң жер де адамды
құр тастамайды. Біз үйде аз да болса
мал ұстаймыз. Шағын жерімізді игеріп,
отбасымыздың нәпақасын айырып отырмыз.
Жастарға, әсіресе, жас отбасыларға
айтарым, олар болашақтарын бүгіннен
бастап ойлағаны дұрыс. Ертеңгі күнін ойлап,
ұрпағына қандай үлгі-өнеге қалдырам деп
терең ойланулары тиіс. Осы ретте өзім де
бар білгенімді, өмірден көрген-түйгенімді
балаларым мен келініме, туыстарыма,
көршілеріме айтудан жалыққан емеспін.
«Жақсылық көрсем өзімнен, жамандық
көрсем өзімнен» демекші, адамның жақсы
болуы, жақсы өмір сүруі ең алдымен өзіне
байланысты,- дейді Айтолқын апай ағынан
жарылып.
«Келіні жақсы үйдің керегесі алтыннан»
дейді дана халқымыз. Отбасының тұңғышы
Ержігіттің жары Ләйлім де енесі Айтолқынның
тәрбиесі мен өнегесін бойына сіңіріп келеді.
Еңбекпен мерейі өскен берекелі отбасы
дегеніміз осы шығар…
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»