Basty bet
Қашықтан оқыту қалай жүргізілетін болады?
Коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты елімізде төтенше жағдай жарияланысымен мектептер мен оқу орындарында сабақ тоқтатылып, білім алушылар мерзімінен бұрын демалысқа жіберілгені белгілі. Осы ретте көптеген ата-аналарды мектептерде оқу процесінің қалай ұйымдастырылатыны туралы сұрақтар мазалауда. Өйткені төртінші тоқсанның басталуына небәрі бір апта уақыт қалды. Адамдардың бойында, әсіресе, осындай қиын кезеңде, жаңа әрі белгісіз нәрсеге деген қорқыныш сезімінің болуы – қалыпты жағдай.
Президент білім беру саласында қашықтан оқытуды ұйымдастыру үшін барлық қажетті шараларды қабылдауға тапсырма берді. Бұл мәселелер Мемлекет басшысының ерекше бақылауында. Министрлік әкімдіктермен бірлесіп, мектептегі компьютерлерді оқушылар мен мұғалімдерге уақытша пайдалануға беру, тіпті, қажет болған жағдайда, мектептерге қосымша техника (планшеттер немесе компьютерлер) сатып алып, оларды да уақытша пайдалануға беру мәселелерін қарастыруда. Кейбір өңірлер бұл жұмысты бастап кетті.
Қазақстан Республикасының Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметінің хабарламасына қарағанда осындай форс-мажорлық жағдайда білім беру саласында болып жатқан өзгерістер қоғамға тек пайдасын тигізетін көрінеді.
ҚР Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов өзінің «Фейсбук» әлеуметтік желісіндегі парақшасында «Біз сыни пікірлерді естіп те, көріп те отырмыз. Дегенмен, қашықтан білім беруге көшу – коронавирустық инфекцияның таралуын азайтуға бағытталған шаралар аясында жүзеге асып жатқанын барлығы түсінгені жөн. Өкінішке орай, басқа таңдау жоқ. Оқу процесі тоқтатылмауы тиіс» деп жазды.
Министр осындай жағдайға тап болған басқа елдердің тәжірибесін алдын ала зерделегенін атап көрсетеді. Іс жүзінде олардың барлығы қашықтан оқу режиміне көшкен: бүкіл әлемде 870 миллионнан астам оқушы осындай форматта білім алуда. Барлық мүмкіндіктерді, аспектілер мен тәуекелдерді жан-жақты ой елегінен өткізе отырып, министрлік те уақытша қашықтан оқытуға көшу туралы шешім қабылдаған.
Сонымен қашықтықтан оқыту қалай жүзеге асырылмақ? Бірінші тәсіл, теледидар арқылы сабақ өткізу. Бұл – тіптен жаңа формат. «Балапан» және «Ел Арна» телеарналары бізге өздерінің эфирлік уақытын ұсынды. Түсірілім жұмыстары басталып кетті. Негізгі пәндер бойынша 2000-нан астам бейнесабақ түсіру қажет. Министр түсірілім жұмыстары жүргізіліп жатқан студияға барып, сценарий жазушылардан, режиссерлер мен педагогтерден тұратын жұмыс тобының әрбір шығарылымды мұқият пысықтап жатқанына куә болған. Сөйтіп, ұстаздар тележүргізуші ретіндегі мүлдем жаңа рөлді меңгеруде. Бейнесабақтар қазақ және орыс тілдерінде жазылуда. Дегенмен, бұл оңай іс емес.
Екіншісі, арнайы мамандандырылған интернет-платформалары арқылы өткізілетін сабақтар. Бұл цифрлық жүйелер оқушыларға өткен сабақты немесе бұрын талқыланған тақырыпты қайта қарауға, сондай-ақ онлайн-сабақ өткізуге, кері байланыс орнатуға, жеке дара оқыту мен тапсырмаларды геймификациялауға зор мүмкіндік береді. Сонымен қатар, бұл формат тестілеу жұмыстарын өткізуге және алған білімдерін бағалауға мүмкіндік жасайды. Бұрын мұндай компаниялардың білім беру контентіне қол жеткізу ақылы болса, осы кезеңде біздің балалар барлық керек ақпаратты және платформаларды тегін пайдалана алады. Сондай-ақ, министрлік интернет-провайдерлерімен уағдаластыққа қол жеткізіп, осы ресурстарды пайдаланған кезде трафик есептелмейтіндей келісім жасаған.
Қашықтан оқыту жүйесін ұстанған кезде басқа дамыған елдерде де орын алып жатқан кейбір қиындықтар бізде де туындауы мүмкін. Бір отбасында бірнеше оқушы болған жағдайда, бір компьютер мен бір смартфонды пайдалану ыңғайсыз болуы немесе қажетті техниканың мүлдем болмауы да мүмкін. Кейбір ауылдарда, үйлерде интернет байланысы мүлдем жоқ.
Ал шалғайдағы ауылдық елді мекендерде орналасқан шағын жинақты мектептерде (80-ге жуық бала оқитын) оқыту мәселесі қалай шешілмек?
Министр осы ретте бұл мектептерде оқытудың дәстүрлі форматта жалғастыру мүмкіндігін қарастырылуда екенін атап көрсетеді. Бұл мәселеде түпкілікті шешім әлі қабылданған жоқ. Дегенмен, каникул аяқталғанша шешіледі. Ал әзірше олар да қашықтан оқытуға белсенді дайындалуда.
Жаңа режимде жұмыс істеу педагогтер үшін де, балалар үшін де оңай шаруа емес, біраз күш-қуатты талап ететіні анық. Бұл – отандық білім беру жүйесі үшін үлкен сын екені рас.
«Біз бастапқы кезеңде оқушылардың ата-аналары тарапынан да, педагогтар тарапынан да көп сын айтылатынына дайынбыз және әрқашан ашық диалогқа шақырамыз. Ата-аналар, педагогтер мен оқушылар арасындағы пікірталасты мұқият қадағалап отырамыз және қашықтан оқытудың қол жетімділігін арттыратын тиімді шараларды қабылдауға дайынбыз.
Қандай да бір проблема туындаса, Сіз әрқашан Білім және ғылым министрлігіне хабарласа аласыз. Біз проблемаңызды шешуге көмектесуге тырысамыз.
Бұл ретте ұлағатты ұстаздарымызға алғысымды білдіргім келеді! Қиын кезеңге қарамастан, көптеген мұғалімдер жағдайға бейімделіп, өз міндетін лайықты атқаруды жалғастыруда. Еліміз мұндай кәсіби деңгейдегі мамандарымен мақтана алады.
Мен бірлескен күш-жігеріміздің арқасында осы кезеңді абыроймен еңсере алатынымызға шын жүректен сенемін. «Біргеміз», – деп жазды министр.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»