Ауданымызда “Аула клубының” хореографы Гүлдана Әшкен Іскер әйелдер кеңесінің мүшесі ретінде “Nurai Plaza” бизнес орталығынан “Фламинго” ән-би студиясын ашып, кәсіпкерлікке бет бұрған еді.
Жас маман “Аула клубындағы” жұмысымен қатар, ауданның бүлдіршіндерін өнерге баулып, ата-аналардың алғысына бөленуде.
Балалардың бос уақытын тиімді пайдалану мақсатында Гүлдана Бекежанқызы студияда 40-тан астам бүлдіршін қызға би өнерін үйретуде.
Сенбі күні аудандық “Достық” мәдениет үйінде ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орай “Фламинго” ән-би студиясының шығармашылық кеші өтті. Кешке аудандық Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Әсима Шекеева, “Nurai Plaza” бизнес орталығының жетекшісі Нүрилә Мәлібекова, жеке кәсіпкер Айнагүл Ахмадбекова және ата-аналар қатысты.
Шығармашылық кештің шымылдығы қазақ биімен және Медина Рахымханның орындауындағы “Көңілді күн” әнімен ашылып, Айым Бахытбектің “Гүл көбелек” әнімен жалғасты.
Одан кейін Іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Ә.Шекеева, “Nurai Plaza” бизнес орталығының жетекшісі Н.Мәлібекова, жеке кәсіпкер А.Ахмадбекова сөз алып, жеке кәсіпкерге сәттілік тілеп, ата-аналарға алғысын білдіріп, балаларының денінің саулығын тіледі.
Жеке кәсіпкерлер бір топ бүлдіршінді “Фламинго” ән-би студиясының есеп-беру концертіне белсене қатысқаны үшін Алғысхатпен марапаттап, сыйлықтар табыстады.
Киелі сахна төріне алғаш шығып, өнерге қадам басқан қыздар мың бұрала би билеп, әсем әннен шашу шашып, көпшіліктің көңілінен шықты.
Шығармашылық кеште жас ерекшеліктеріне қарай қыздар “Вальс”, “Испан биі”, орыс биі “Калинка”, “Хорезм” билерін биледі. Әр бидің өзіне сай киімдері де бүлдіршіндерге жарасымды, балалардың жүзіне қуаныш ұялатады.
Сонымен қатар, есеп беру кешінде Айзере Бауыржанның “Алғыс” әнін орындау барысында ән-би студиясына қатысушы қыздары аналарына алғыс айтып, гүл шоқтарын берді. Аналары да қыздарын қуана қарсы алып, ыстық ықыластарын қабыл алды.
Көпшілікке өнерлерін паш еткен Инара Мейрамбек “Тек, алға”, Іңкәр және Сезім Жеткербай “Еркем”, Адина Қайрат “Еркемай” әндерін айтты. Кеш Медина Рахымханның “Мереке” әнімен қорытындыланды.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»