Basty bet
Ұлттық өнерді ұлықтап жүрген – Құдірет
Сөзге шебер, іске ұста халқымыздың зор мәдениеті мен өнерін паш ететін құндылықтардың бірі – қолөнер. Ағаштан, темірден түйін түйген, жүннен көз жауын алатындай бұйым жасаған. Сонымен қатар асыл тастардан сән бұйымдарын соққан, сүйек пен мүйізді, шиді қиынынан қиыстырған халық шеберлерінің ісі мақтауға тұратындай өнер туындысы саналады.
Құдірет Тауылбаев Бәйтерек ауылындағы №2 Балалар өнер мектебінде қолөнер пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеп, балаларды сәндік қолданбалы өнерге баулуда. Ол көбінесе ұлттық аспаптың түрлерін, ер-тұман, астау, ожау және тағы да басқа заттарды ағаштан ойып жасайды. Қолөнер бұйымдарын жасау үшін қарағаш, бақатерек, жаңғақ ағаштарын пайдаланады.
Шебердің арманы мен мақсаты – қолөнер бұйымдарын жасауды дамыту, оны жастарға үйрету, шәкірт тәрбиелеу.
-Қазақ халқы салт-дәстүрге, әдет-ғұрыпқа және өнерге бай. Ата-бабамыз қалдырған алтын мұраларымыздың астарында үлкен мән-мағына жатыр. Соның ішінде қолөнер бұйымдарын жасау адамды шыдамдылыққа, сабырлыққа, төзімділікке баулиды. Әр бұйымды жасаудың өз ерекшелігі мен қиындығы болады. Қолөнер адамның жан дүниесінің тазалығын қалайды, нәзіктікті талап етеді. Сонымен қатар, жасаған дүниең көздің жауын алатындай болуы үшін ұзақ еңбектенуің керек. Себебі, сәндік қолданбалы бұйымның аты атқандай сәні мен салтанаты келісуі керек, – дейді Құдірет Жақсылықүлы.
Бұл өнер Құдіретке ата-анасынан дарыған екен. Өзінің мамандығы басқа сала бола тұра, бұйым жасауды таңдайды. Әр еңбек ізденіспен келеді. Бұл ретте ол өзінің ізденімпаздылығымен шеберліктің қыр-сырын үйренеді.
-Менің көп уақытым балалармен өтеді. Олармен сабақ өткен өте қызықты. Оқушылар көп біліп, үйренгісі келеді. Сол мақсатта олардың тарапынан қойылған сұрақтарға жалықпай жауап беремін. Өнердің шегіне жетіп болмайсың. Біз ата-бабамыздан қалған мұраларды жастарға үйретіп, оның жоғалып кетпеуіне атсалысуымыз керек. Әлбетте, ауылда небір тума талантты жандар бар. Міне, сондай азаматтар барда төл өнеріміз мәнін де, мағынасын да жоғалтпайды, – дейді шебер.
Нағыз шебердің жан жүрегімен жасылған дүниесі ешқашан жерде қалмайды. Ол мәңгілік мұра болып сақталатыны баршамызға белгілі. Ал ұстаның өнерін жалғастырушысы, келер ұрпаққа таратушысы да оның шәкірттері болатыны айдан анық. Осы орайда жас шебердің артынан ерген оқушылары Медет Қарымтаев, Иманғали Ибрагим, Арапбхан Алайдаров тағы да басқа оқушылар өнер мектебінде қолөнер сыныбынан қалмай, ұстаздарының үйреткендерін көңілдеріне тоқуда.
Айгүл АМАНҚҰЛ,
«Жаңа өмір»