Basty bet

Шәкірттерімен мақтанатын өнер ошағы

Әр адамның бойында ерекше таланты болады. Соның бірі – өнер. Өнердің құдіреті сол, адамды рухани баюына, жан дүниесінің таза болуына жетелейді. Ғажайып өнер арқылы халықтың салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тұрмысын, тарихын, мәдениетін көруге болады. Бұл жөнінде даңқты қолбасшы, батыр Бауыржан Момышұлы: «Өнер –адамның рухани азығы, ол халықтың бүгіні мен келешегі, арманы мен қиялы, жалпы болмысы» деген болатын. Шын дарын ғана өнер жолында өзінің лайықты орнын таба алады. Күш, жігер, ақыл мен қайрат – бұлар өнердегі шыдамдылыққа жетелейтін асыл қасиеттер. Ал, адамның бойындағы дәл осындай қасиеттер балалық шақтан бастау алатыны белгілі.Бала бойындағы өнерді шыңдап, шын талантты тәрбиелеуде, биік белестерге жетелеуде өнер мектептері үлкен рөл атқарады. Аудандағы балалар өнер мектептерінің ішінде Ақтөбе ауылдық округінің Бәйтерек ауылындағы №2 Балалар өнер мектебінің алар орны ерекше. Аз уақытта шәкірттерінің ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктерімен дараланған өнер ошағының тыныс-тіршілігімен ауылдық округке барған кезімізде егжей-тегжейлі танысып қайттық. Іссапар барысында өнер шаңырағының үйлесімді жұмысы туралы №2 Балалар өнер мектебінің директоры Талғат Тойшыбеков әңгімелеп берді.
Өнер дарыту орны ауылдағы Т.Тастандиев атындағы орта мектептің жанынан 2013 жылы ашылып, пайдалануға берілген. Алғашқы жылдары 250 балаға сегіз мұғалім сабақ берсе, 2019-2020 оқу жылында өнер мектебіне келушілер саны артып, олардың қатары 350 оқушыға жетіп, мұғалімдер саны 18-ге артқан. Мұғалімдер балаларға төрт бағытта сабақ өткізеді, яғни, туристік-өлкетану, көркем эстетикалық, сәндік қолданбалы өнер, спорттық-сауықтыру. Бұл бағыттар он үйірме сабағына бөлініп, білім алушылар домбыра, хореография, театр, вокал, көркемсурет, тігін ісі, қолөнер, ағаш шебер қолы, туризм және еркін күрес үйірмелеріне жазылады.
– Өнер мектебінің дәл қазіргідей қалыпқа келуі үшін біз көп еңбек еттік. Мектеп іргесіндегі бос тұрған ғимарат берілгенде жағдайы қазіргідей емес еді. Барлық сыныптарға ұжым болып жөндеу жұмыстарын жүргізген болатынбыз. Мұның бәрі, әрине, балалар үшін. «Өнер – таусылмас қазына»-дейді халқымыз. Қазынаны ашқан сайын ішіндегі бар алтыны жарқырап, айналасына нұр шашады. Балалар да өнермен тәрбиеленсе, жаны таза, рухани бай болатыны сөзсіз.Осы ретте біз балалардың бос уақытын тиімді пайдалануға, әрқайсысының бейіміне, қызығушылығына қарай бойындағы өнердің көзін ашуға атсалысып, алдымызға межелі міндеттер мен мақсаттар қойып отырмыз.
Бұл тұрғыда өнер мектебінің Жаңаталап, Ақтөбе ауылдарынан филиалдары ашылды. Мәселен, Жаңаталап ауылындағы жеке меншіктегі дүкенге жөндеу жұмыстарын жүргізіп, спорт зал жасаған болатынбыз. Бәйтерек ауылдық мәдениет үйінің екінші қабатынан да дәл осындай зал ашылып, бүгінгі таңда үйірмеге балалар көптеп қатысуда. Спортзал үлкен, жарық, жылы әрі қолайлы. Ал, Ақтөбе тірек мектебінен арнайы сынып бөлініп, өнер мектебінің мұғалімдері сонда барып сабақ өтуде,- дейді Талғат Расылханұлы.
Алға тәй-тәй қадам басқан өнер мектебінің аз уақыт ішінде жеткен жетістігінің бірі – хорегорафия үйірмесінің жетекшісі Бекзада Асылханқызының жетекшілігіндегі «Томирис» би тобы Париж төріндегі дүбірлі додаға қатысып, жеңіспен, жүлдемен оралуы. Олар еліміздің намысын қорғап, әйгілі әнші Әміре Қашаубаевтың ізімен әлемге Қазақ елінің өнерін тағы да бір рет мойындатты. Қазақ халқының бай өнерін мыңбұралған жасөрен бишілер күллі елге паш етті. Франция елінде өткен жарыста жеңіске жетуіне ұжымның қолдауы, жерлестерінің көмегі, балалардың табанды еңбегі, қажырлы қайраты себеп болды.
«Жас келсе, іске!» демекші, Бекзада Асылханқызы нағыз өз ісінің маманы. Туған жерінің жанашыры, төл өнерімізді дәріптеп, насихаттаушы жан ретінде өнер мектебінің ұжымында ойып алар орны бар. Оның қайтпас қайсарлығы мен талапшылдығы, арманының асқақтығы, өнерді сүюі, бағалауы ауыл жастарын жеңіске жетеледі. Дәл осы Бекзада секілді өз ісінің білгірі, білікті маман көп болса, нұр үстіне нұр. Мұндай жастар барда төл өнеріміз дамып, ұрпақтар сабақтастығы жалғасын таба береді.
Өнер ошағының жұмысын нәтижелі етіп көрсетіп жүрген мақтаныштарының қатарында еркін күрес бөлімінде жаттығатын Әбдінұр Нұрланбек пен Ғасыр Тұрғынбайды атап өтсем деймін. Олар Саламат Жеңісұлының сабақтарынан спорттың алғашқы сатысынан өткен екен. Бір ауылдан шыққан қос чемпионының бірі Әбдінұр Венгрия Республикасының Будапешт қаласында Бүкіләлемдік оқушылар арасындағы жекпе-жек ойындарының жеңімпазы атанса, Ғасыр еркін күрестен халықаралық дәрежедегі спорт шебері атағын иеленген. Жалпы бұл өнер мектебінің оқушыларына сұраныс жоғары. Мектептен түлеп ұшқан бірқатар оқушылар облыс аумағындағы дарынды балаларға арналған спорт мектептерінде оқып жатыр.
– Біз балалар үшін алдымызға үлкен жоспарлар қойып отырмыз. Балаларға кәсіпкерлік саласында жұмыс жасауды үйрету, яғни, «Бизнес инкубатор» бағытында үйірме сабақтарын ашып, балаларды кәсіпке, әсіресе, ауыл шаруашылығына баулуды көздеп отырмыз. Оларға кәсіпкерліктің алғашқы негізін қалап, әліппесін үйретсек деген ниеттеміз. Сонымен қатар, Бәйтерек ауылдық мәдениет үйінің бірінші қабатынан туризм бөлімінің мұғалімі Талғат Шойбектің ұсынысымен өлкетану музейін ашу ойда бар. Тағы да бір айта кетерлігі, домбыра тартуға қабілеті бар балаларды жинап, домбырашылар оркестрін құруды да көздеп отырмыз. Оркестрге керекті домбыра мен ұлттық киімдерді дайындап та қойдық.
Біздің ауыл аудан орталығынан шалғайда орналасқандықтан мұнда маман тапшылығы басты мәселелердің бірі. Мектепте вокал, яғни ән сабағынан сабақ беретін мұғалім жоқ. Әрине, мұндай жұмыс орындарына жастарды көптеп тартқымыз келеді. Бірақ ол үшін оларға барлық жағдай жасалуы керек. Мәселен, қолөнер шебері Сұңқар Махамбетжановты Теріс ауылынан арнайы шақырттық. Бүгінгі күні оның өнеріне, шеберлігіне балалардың қызығушылығы арта түсуде, – деді өнер мектебінің басшысы.
Мектеп басшысымен әңгімелесуден кейін өнер мектебінің үйірме сыныптарын аралап көрдік. Кейбір сыныптарда әлі де қайта орналастыру жұмыстары жүргізілуде екен. Бәрі де балалардың үйірмелерге еркін қатысуына ыңғайластырылып жасалған. Мұнда ерекше болып оқушылардың жасаған қолөнер бұйымдары, бишілердің киім үлгілері көзге түсті. Әсіресе, «Томирис» би тобының Францияның астанасы Париж төрінде еліміздің көк туын желбіретіп, жеңіске жеткізген сәттегі сәнді қазақтың ұлттық киімдері көздің жауын алады.
Қазақ қашанда өзінің ұлттық өнерімен ұлық. Өнер мектебінің ұжымы үнемі ізденіс пен жаңа шығармашылық көкжиектер арқылы шәкірттерін әркез білім нәрімен сусындатып, өнер әлеміне жетелей беретініне сенім мол.
Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close