Basty bet

Баба ескерткішін тұғырынан қозғауға болмайды

Қасиетті Жуалы ауданы тарихи тұлғаларға, елге қорған болған батырлар мен генералдарға кенде болған емес. Ел іші болған соң халық даңқты перзенттерді тудырмай қоймайды. Жуалы ауданына қатысты тарихи тұлғаның бірі – Батырбек датқа Рысбекұлы. Батырбек баба сонау қиын-қыстау кезеңде жергілікті халықты Қоқан хандығының езгісінен құтқаруға, Ресей Империясының сол тұстағы қазақ халқын басып-жаншып, өздеріне қаратып, бағындырмақшы болған саясатына қарсы болған ірі тарихи тұлға.
2012 жылы Жуалы ауданында тарихи тұлға Батырбек датқа Рысбекұлына арналып, аудан орталығы Б.Момышұлы ауылына кіреберіске еңселі ескерткіш қойылғаны қалың жұртшылыққа белгілі. Онымен қоса, Күреңбел ауылының маңындағы Датқасаздағы баба кесенесінің басы қайта жаңғыртылып, жан-жағы абаттандырылды. Бабаның қазақ еліне сіңірген еңбегі ескеріліп, ғұлама ғалым, филилогия ғылымдарының докторы, профессор Мекемтас Мырзахметұлынан бастап, басқа да танымал қоғам қайраткерлері, танымал ғалым, жазушы, журналистердің еңбегі бойынша «Батырбек датқа» атты тарихи-танымдықжинақ кітап шығарылды.
Батырбек датқаның кесенесі мен еңселі ескерткішінің ашылу құрметіне байланысты Жуалы ауданында үлкен іс-шаралар өтіп, ғылыми-тәжірибелік конференция ұйымдастырылды. Бабаға арнап ескерткіш салу, кесенесін қайта қалыпқа келтіру туралы 20 жылдан астам уақыт бойы Батырбек датқа ұрпақтары мерзімді баспасөз беттерінде мақалалар жазып, ой-пікірлерін білдіріп келді. «Сабақты ине сәтімен» демекші, бұл сауапты іс Жуалы ауданының бұрынғы әкімі, қазіргі таңда Тараз қалалық мәслихатының хатшысы Батырбек Құлекеевтың тікелей ұйымдастыруымен жүзеге асты. Баба рухын қастерлеген айтулы азамат Батырбек Әбдірәсілұлына алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Менің ендігі айтайын дегенім, жақында Жамбыл облыстық «Ақ жол» қоғамдық-саяси газетінің 21 қыркүйек №110-шы санында журналист Марат Құлибаевтың «Баукеңнің ескерткіші бір бұрышта қалып қойды» деген тақырыпта үлкен мақала жарық көрді. Онда журналист Жуалының айтулы тұлғалары туралы, батырлары туралы айта келіп, даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлының ескерткішін Батырбек датқа Рысбекұлының ескерткішінің орнына қойып, баба ескерткішін Жібек жолының бойына көшіру жөнінде мәселе көтерген. Мен бұған түбегейлі қарсымын. Себебі, бұл ескерткішті орнынан қозғауға болмайды. Ескерткішті орналастырарда келісіліп, орны таңдалып бекітілген мәселені енді қайтадан қозғаудың қажеті қанша?!
Өткен жылы «Батырбек датқаның ескерткішін басқа жаққа көшіріп немесе Күреңбел ауылына апарып қою керек. Оның орнына Бауыржан Момышұлының ескерткішін қою керек» деген сөзді ара-тұра құлағым шалған болатын. Алайда бұл сөзді ел арасында айтып жүрген адам сүттей ұйып отырған Жуалы ауданының халқының, дәлірек айтқанда, Дулат баба ұрпақтарының арасында дау туып кететінін неге ойламады екен?!
«Тау мен тасты жел бұзады, Адамзатты сөз бұзады» деген. Ағайынды әрі қыз алысып, қыз берісіп, құдалы-құдандалы болып кеткен ағайын-жекжаттың арасына бұлай іріткі салудың қажеті қанша.
Бәрімізге белгілі, қазір әлем елдері аты жаман аурудың салдарымен арпалысуда. Бір жағынан қаржы дағдарысы қос өкпеден қысып тұр. Бұл жөнінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев осыдан біраз уақыт бұрын «Қазақ халқының тағдыры тарих таразысында тұр» деген тақырыпта «Ана тілі» газетіне сұхбат берген болатын. Онда Президент: «Қазір бүкіл дүниежүзі пандемия салдарымен күресіп жатыр. Әлемдік экономика көз алдымызда құлдырап, жұрттың өмір сүру салты өзгерді және осы үрдістер күн тәртібіндегі өзекті мәселелерге айналды. Міне, осындай кезде жас ұрпаққа беделді ақыл-ой иелерінің парасатты пікірі ауадай қажет» деді. Адамзаттың дәл осындай күрделі кезеңмен бетпе-бет келіп отырғанда тарихи тұлғалардың ескерткіштерінің орнын ауыстырып, басқа да шараларды жасаудың қажеті шамалы. Менің ойымша, бұл мәселе ауданның өз ішінде беделді қариялармен және үлкен ақсақалдармен кеңесе отырып, шешіліп, бір пәтуаға келулері қажет.
Сөз жоқ, Баукең ел тарихындағы өте ірі әскери қайраткер тұлға. Кеңес Одағының Батыры Бауыржан Момышұлына Жуалының қай жерінен де ескерткіш қойсақ жарасады. Алайда «Баукеңнің ақбоз атпен тұрған ескерткішін Батырбек датқа ескерткішінің орнына қою керек» деген ұшқары пікірмен ешуақытта келіспеймін. Батыр ескерткішін қойғымыз келсе, неге аудан орталығына кіреберісте үлкен күре жолдың бойына орналастырмасқа. Аудан орталығынан шығып, Тараз бағытына бұрылыстың оң жағындағы үлкен аумақ бос жатыр. Батыр ескерткішін сол жерге тұғырға қондырсақ жарасады. Ескерткіш қоюға жер жетпей қалды ма?!
Журналист М.Құлибаев Батырбек датқа ескерткішін Жібек жолы көшесінің бойына орналастырып, аталған көшені Батырбек датқа Рысбекұлының атына беру туралы мәселе көтерген. Менің айтарым, ең алдымен бабаның атына аудан орталығы Б.Момышұлы ауылынан бір көше берілген. Басқа жерден тағы бір көше берудің қисыны қанша.
Қазақта: «Әруақ атқан оңалмайды» деген сөз бар. Бір ескертетінім, Батырбек бабаның әруағына тіл тигізгендердің жазым болғаны немесе бақытсыздыққа ұшырағаны туралы ел ішінде әңгімелер көп. Оны білетін жасы үлкен қариялардың әлі де ортамызда көзі тірілері бар. Қорыта келгенде айтарым, Батырбек датқа ескерткішін қозғаудың еш қисыны жоқ деп есептеймін. Қиын-қыстау уақытта халықтың жел жағына қорған, рухы мен намысының жебеушісі болған ірі тарихи тұлға Батырбек датқа Рысбек батырұлының тікелей ұрпағы ретінде айтарым, баба ескерткішін тұғырынан қозғаудың өзін сөз етуге қарсымын. Облыстық газетте жарияланған мақалаға орай айтарым осы.

Тілеуқабыл қажы НАРАЛИЕВ,
білім беру саласының үздігі.
Жуалы ауданының
Құрметті азаматы

Таңдаулы материалдар

Close