Basty bet

Тарауық намазы мешітте оқылмайды

Биыл Рамазан айы сәуірдің 24 күні басталады. Еліміздегі енгізілген төтенше жағдай режімі кезінде көпшілікте «Рамазан айы қалай өтеді, ораза ұстау, ауызашар, жамағатпен намаз оқу рәсімдері қалай атқарылмақ?» деген сауалдар туындауда. Осы жағдайға байланысты жақында Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Наурызбай қажы Тағанұлы мәлімдеме жасаған болатын.

Бас мүфти карантин кезінде дін өкілдерінің жұқпалы індеттің алдын алу мақсатында халыққа тегін бетперде таратып, мұқтаж отбасыларға көмек көрсеткенін атап өтті. Бетперделер мешіттердегі тігін шеберханаларында тігіліп, демеушілердің көмегімен жеткізілген.
Мәлімдемеде ораза кезінде төтенше жағдайға байланысты бірқатар шектеулер қойылатыны айтылды. Атап айтқанда, ораза уақытында мешіттерде тарауық намазы оқылмайды. Сондай-ақ, қоғамдық орындарда немесе өзара жиылып, ауызашар жасауға болмайды. Осы ретте мүфти хазірет ораза ұстаған жандарға қоғамдық тамақтандыру орындары пайдаланып жүрген жеткізіп беру қызметі арқылы ауыз аштыруға болатынын ескертті.
– Төтенше жағдай режімі кезінде діни жоралғыларға қатысты енгізілетін шектеулер туралы кеше облыстың жақында тағайындалған бас имамы Бейбіт Мырзагелдиевтің аудан имамдарымен онлайн режімінде өткен басқосуында да сөз болды. Облыстың бас имамы жамағатты мемлекет бекіткен ережелерді және Бас мүфтидің мәлімдемесінде айтылған шектеулерді басты назарға алып, қауіпсіздікке селқос қарамауға шақырды.
Аудан тұрғындары мен мешіт жамағаты мұның барлығы уақытша шектеулер екенін түсінуі қажет. Сондықтан әрбір аудан тұрғыны төтенше жағдайға түсіністікпен және төзіммен қарап, Бас мүфти айтқандай, қасиетті Рамазан айын сабырмен, өз отбасында өткізіп, оразасын тұтып, мінәжатын жасап, көпшілік болып, дұға тілеп, мына індеттен еліміз аман-сау шығуын барша жұрт болып тілеп, мешіттерімізде қайта қауышуымызды тілейік,- деді Зиябек Толымбайтегі атындағы аудандық орталық мешіттің бас имамы, ауданның бас имамы Нұрлан Әмірбаев.

Таңдаулы материалдар

Close