Basty bet
Ауданымызда 10 мың қылқан жапырақты ағаш көшеттерI отырғызылды
Ауданымызда биылғы жылы «Жасыл белдеу» бағдарламасы аясында 10 мың қылқан жапырақты ағаштың көшеттері отырғызылды. Көшеттер Алматыдағы «Көлсай» ұлттық саябағындағы тұқымбақтан әкелінді.
Жаңа бастаманың мақсаты – аудан орталығы мен елді мекендерді тегін қылқан жапырақты ағаш көшеттерімен қамтамасыз етіп, сол арқылы өңірді гүлдендіру.
20-30 сантиметрлік көшеттердің біреуі 160 теңгеден алынып отырғызылуда. Олар төрт-бес жылда 50-60 см-ге дейін бой көтеріп, егуге жарап қалады. Бүгінгі таңда төрт жылдық шырша, емен ағашының көшеттері базарда шамамен 15 мың теңге көлемінде. Сондықтан бұл бастама қаржылық жағынан да тиімді болып отыр.
Егілген 10 000 көшеттің мыңы емен, 9 мыңы шырша ағашы. Олар “Қарасаз” және “Шыңбұлақ” су ұңғымаларының аумағындағы жерге отырғызылды. Көшеттердің мұнда отырғызылу себебі, бұл жер қоршалған, суғаруға су да жеткілікті және оларға ұдайы күтім жасайтын жұмысшылар бар.
Көшеттерді негізінен «Жуалы-Су» мекемесінің қызметкерлері отырғызды. Әрі қарай да мекемеге қарасты су ұңғымаларының операторлары суғарып, күтім жасайды.
Көшеттер алдағы уақытта Бауыржан Момышұлы ауылындағы саябақтар мен елді мекендерге егілетін болады.
Жалпы ауданда «Жасыл белдеу» бағдарламасымен көктемгі көріктендіру, көгеріштендіру екі айлығының аясында жалпы 18 100 түп түрлі ағаш көшеттерін отырғызу жоспарланған.
Өткен сенбі күні аудан әкімі Жалғас Мұртаза және аудандық мәслихаттың төрағасы Зиядхан Бүрлібаев, аудан әкімінің орынбасары Асхат Жабағы және тиісті бөлім басшылары Қарасаз, Шыңбұлақ ауылдарындағы су ұңғымаларына арнайы барып, егілген көшеттерді көзбен көріп, егіп жатқан қызметкерлерге көмектесіп, оларға дұрыс, сапалы күтім жасап, нәтижеге жұмыс істеуді тапсырды.
Өткен жылы Қайрат ауылындағы “Қайрат” су ұңғымасының аумағына мың түп шырша егілген болатын. Көшеттің топырағы, ауа райы өзгергеннен кейін ауыратыны заңды. Алайда уақтылы суғарып, күтіп-баптап, тиісті дәрілерін берудің нәтижесінде бүгінде 75 пайызы өсіп тұр.
Тұқымбақты арнайы барып көріп қайттық. Көшеттердің арасында қурап қалғандары да бар. Алайда басым көпшілігі бүршік атып келеді. Шыршаның бүршік атуы жерсінгенін білдірсе керек.
Қысқасы, бұл игі бастама ауданның гүлденуіне үлес қосып қана қоймай, тұрғындардың денсаулығына да тигізер пайдасы зор болмақ.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»