Basty bet

Көптің үміті вакцинада

Аты жаман індет күн өткен сайын өршіп келеді. Бұл ауру мен де күресіп жатқанымызға бір жылдан асыпты. Адам өміріндегі ең үлкен құндылықтардың бірі – денсаулық. Еш жеріміз ауырмай тұрғанда ғана маңызды шаруалармен айналысуға дайынбыз. Ал ауру келсе, ештеңеге зауқымыз соқпайды, өмірдің мәні кеткендей болады. Өкініштісі, ауырмай тұрып оның қадіріне жете бермейміз.

Жайшылықта импорттық өнімдерді алуға құмартып тұратын жұрттың көңілі қазір вакцинаға ауып тұр. Бастапқыда ресейлік «Спутник V» вакцинасына күмәнмен қарап, кейін оның денсаулыққа кері әсері жоғына көздері жеткен соң, ерікті түрде екпе алушылар қатары көбейді.
Қалай десек те, елдің тілегі – пандемияны жеңетін жол табылса дегенге саяды.
Бұған дейін де ауданымызда халықты індетке қарсы вакцинациялау қалай жүріп жатқаны туралы жазып жүрміз. Бұл жолы да соңғы жағдайды білу үшін аудандық аурухананың балалар дәрігері және иммунологы, қазіргі таңда осы вакцинаға жауапты маман Қалбике Сәрсеновамен арнайы сұхбаттасқан едік.
-Өздеріңіз білетіндей, бұл аурудың қайтатын түрі жоқ. Керісінше індет күннен- күнге өршіп, көбейіп жатыр. Қазіргі таңда бұл аурудан құтылудың бір-ақ жолы бар. Ол – екпе салдыру. Екпе ерікті түрде жүргізіледі. Екпе салдыру біздің ауданда 3 ақпан күні басталды. Алғаш ауданға ресейлік «Спутник V» вакцинаның 50 дозасы әкелінді. Бұл екпе аудандағы ең осал топқа жататын адамдарға салынды. Осы күнге дейін ресейлік «Спутник V» вакцинасының дозасы уақтылы жеткізіліп тұр. Қазір тұрғындардың көбі негізінен осы вакцинаны салдыруда.
Иә шыны керек, басында халық бұл екпеге шошына қарады. Бірақ уақыт өте келе ешқандай қорқыныш жоқтығын, керісінше екпе арқылы жаман індеттен өздерін, жақындарын сақтауға болатынына көздері жетті. Қазіргі таңда аудан халқы өз еріктерімен келіп екпе салдыртуда.
21-ші сәуірде келген ресейлік «Спутник V» вакцинасын салдырған аудан тұрғындарына екінші компонентін егу жұмыстары баяғыдай 21 күннен кейін емес, 45 пен 90 күн арасында салдыруға болады.
Коронавирусқа қарсы вакцинаны екі кезеңмен енгізу керек. Бірінші доза антиденелердің аз мөлшерін өндіруге байланысты қысқа қорғаныс әсерін береді. Екінші доза біріншісінің әсерін күшейтеді және нығайтады, адам организміндегі антиденелер саны артады.
Вакцина алған адамдар алғашқы 30 минут бойы медициналық мекеменің қабырғасында, дәрігердің бақылауында болады. Одан әрі үш күн бойы, тіркелген жерлері бойынша учаскелік дәрігерлердің бақылауында болады. Бұдан басқа, вакцина алған әрбір адамның қолына вакцинаның ықтимал кері әсерлері көрсетілген және мұндай әсерлер орын алған жағдайда хабарласа алатын емханалардың телефон нөмірлері көрсетілген арнайы жадынама беріледі.
Вакцинация жасамас бұрын, әрбір адам вакцина құрамы туралы ақпарат беретін нұсқаулықпен танысуға құқылы.
Екпе салу отандық «QazCovid-in», ресейлік «Спутник V» және БАӘ-нде өндірілген «Hayat-Vax» вакциналарымен жүргізіліп жатқанын ескерсек, қазіргі таңда жалпы екпе алғандар саны 4049 адам. Ал екінші кезеңде екпе алған адам саны 1475,- дейді аудандық иммунолог дәрігері Қалбике Әлиқызы.
Байқағанымыздай екпе салдырып жатқан адамдардың қарасы көп. Көбісі өз еріктерімен келіп салдырып жатқандар. Вакцинаны аудан халқының 80 проценті салдыртуы қажет. Індет жайбасарлықты күтпейді. Қауіпті індетті жеңудің бірден – бір жолы екпе салдыру екенін әрбіріміз жете түсінуге тиіспіз.

Баян ТҰРСЫНҚҰЛҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close